Өңірлік коммуникациялар қызметінде сот төрелігін іске асыру қорытындысы бойынша есеп берілді. Облыстық соттың төрағасы Ербол Жанғазиннің айтуынша, еліміздің сот жүйесі жылды нақты істермен, жаңа жобалармен қорытындылаған. Жекелей алғанда бюджетке, зейнатақы қорына, жер мәселелеріне, рақымшылық жасауға, сайлауға қатысты заңнамаларға түзетулер енгізілді.
“2021 жылғы шілдеден бастап республикада Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жұмыс істей бастады. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар құрылды. Олардың негізгі міндеті – жеке азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты қабылданған “Рақымшылық туралы” Заң екі мыңнан астам сотталғанның және пробацияда есепте тұрған 11 мың адамның жағдайын жеңілдетсе, мыңға жуық адам бостандыққа шықты. Іске асырылып жатқан барлық іс-шаралар елде халық үшін ашық сот жүйесін құруға, сондай-ақ қоғамдағы жанжалдарды төмендетуге бағытталған. Жоғарғы Соттың атқарған жұмысы және заңнамаға енгізілген өзгерістердің арқасында облыс соттарына келіп түскен істердің азайғаны байқалады”, – деді Ербол Жанғазин.
Облыста 20 сотты қамтитын 16 әкімшілік ғимаратта фронт-кеңселер жұмыс істейді. Олардың барлығы жаңа стандарттарға сәйкес жабдықталған. Облыстық соттың төрағасы басты міндет – халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыру екенін атап өтті. “Биылғы жылды Жоғарғы Сот “Соттардың тиімділігін арттыру жылы” деп жариялады. Бізге азаматтың, қоғам мен мемлекеттің дауларды заңды, әділ және жылдам шешуге деген қажеттілігін қанағаттандыру маңызды. Облыс сот жүйесінің қызметі осы мақсатқа қол жеткізуге бағытталады”, – деді ол.
Қылмыстық істер бойынша сот алқасының төрағасы Ербар Қалиевтің айтуынша, былтыр өңір соттарына 1281 адамға қатысты 1056 қылмыстық іс түскен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,2 пайызға аз. Судьялар 947 адамға қатысты айыптау үкімін шығарса, 14 адамды ақтап алды.
“Былтыр сотталған 947 адамның 319-ы бас бостандығынан айырылды. Олардың 198-і – аса ауыр қылмыс жасағандар. Соттар сыбайлас жемқорлыққа, жыныстық зорлық-зомбылыққа, жас балаларға қатысты, браконьерлікті, мас күйде жасаған, ауыр зардаптарға әкеліп соқтырған қылмыстарды жасағандарға жазаны қатаңдату үшін қоғамның пікірін және ел басшылығының ұстанымын ескеруі қажет. Сонымен бірге ізгілендіру қағидаты назарда болуы тиіс. Онша ауыр емес қылмыстар үшін жаза тағайындау кезінде бас бостандығынан айыру сотталған адамды басқаша түзеу мүмкін болмағанда ғана қолданылады”, – дейді Ербар Қалиев.
Былтыр сот қылмыстық істер бойынша жаза ретінде жалпы сомасы 151 млн. 771 мың теңге айыппұл салған. Соның жартысына жуығы бойынша үкім былтыр орындалды. Жергілікті соттар 579 қылмыскерді бас бостандығынан айырмай, оларға жазаның басқа түрлерін қолданған. “Соның ішінде 87 сотталушыға айыппұл салынды, 48-і қоғамдық жұмыстарға тартылды, 443 адамның бостандығы шектелді, 1 сотталушы түзету жұмыстарына жегілді. 123 адамға қатысты 88 қылмыстық іс екі тараптың мәмілеге келуімен тоқтатылды”, – дейді Ербар Қалиев.
Жұмысын былтыр жазда бастаған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жыл соңына дейін 375 талап-арыз түссе, соның әр бесіншісінде екі жақ мәмілеге келіп тарқасқан. Ал әкімшілік соттың сұрауын аяқасты еткен жеті мемлекеттік қызметші айыппұл төледі.
Облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Серікбол Сапарғалиевтің айтуынша, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына түскен 375 істің 111-і бойынша шешім шығарылды, соның 80-інде талап қанағаттандырылды.
“Жаңадан құрылған сотта қаралған алғашқы іс ауыл әкіміне үміткерден түсті. Сайлау комиссиясы оның кандидатурасын тіркеуден алып тастаған. “Сайлау туралы” Заңның талаптарына сәйкес Қызылжар аудандық соты оны сол күні қарап, азаматтың талабын қанағаттандырды. Бұдан басқа, кәсіпкерлік субъектілеріне салық, әкімшілік органдарға қатысты тексерістердің заңсыз жүргізілгені туралы сот үкімдері шықты. Кейбірі мораторий енгізілгеніне қарамастан тексерістер жүргізген”, – дейді Серікбол Сапарғалиев.
Сот алқасының төрағасы сот орындаушыларының әрекетіне арызданатындардың көптігін бүгіп қалмады. Сондай фактілердің бірінде сот орындаушысы борышкердің дүние-мүлкін сауда-саттыққа шығарып, үлестес тұлғаларға өте арзан бағаға сатқан. Сот орындаушысының әрекеті заңсыз деп танылды. Жалпы былтыр 375 талап-арыз түссе, соның әр бесіншісі екі тараптың мәмілеге келуімен аяқталды. Талапкердің өтінішімен 24 арыз қайтарылды. Бұл да соттың нәтижелі жұмысының жемісі. “Әдетте, мұндайда талапкер өзінің қателескенін біліп, талабын қайтарып алады немесе жауап беруші жіберген қателігін дұрыстауға іс-шара қолданады”, – дейді Серікбол Сапарғалиев.
Ал соттың сұрауына уақытында жауап бермеген 7 мемлекеттік қызметшіге 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған. Олардың ішінде Қызылжар ауданының әкімі, Петропавл қалалық әкімдігінің бөлім басшысы, қызметкері және Қызылжар, Тайынша аудандық әкімдіктері бөлімдерінің басшылары бар. Әкімшілік жазаға тартылғандардың тағы екеуі – сот орындаушысы.
Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Айдар Смағұловтың айтуынша, былтыр облыс соттарына 13 мыңнан астам азаматтық іс түскен. Оның 4 мыңға жуығы қайтарылған. Ал қалғаны өндіріспен аяқталды. Соның 5629-ы бойынша сот шешімі шықты.
Сотсыз татуласу институтын дамыту басым бағыттардың бірі саналады. Былтыр 1341 іске немесе 16 пайызға жуығына татуласу рәсімі қолданылған. Соның ішінде медиация арқылы 920 іс аяқталды, 415-інде екі тарап мәмілеге келсе, 6 іс партисипативтік рәсіммен жабылыпты. Былтыр заңнамаға азаматтық іс жүргізу заңнамасын жетілдіруге және дауларды соттан тыс және сотқа дейін реттеу институттарын дамытуға бағытталған түзетулер енгізіліп, ол биыл іске қосылған.
“Сотқа дейінгі хаттама институты енгізілді. Бұл жаңашылдық тараптарды тәртіпке келтіріп, сотқа шағым бергенге дейін дәлелдемелер жинауға жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Сонымен қатар бұл тараптарға сотқа талап-арыз қабылданғанға дейін екінші тарап ұсынған дәлелдердің мазмұнын білуге және татуласу мүмкіндігін қарастыруға жол ашады. Нәтижесінде татуласу арқылы аяқталған істер көбейеді деп ойлаймыз”, – дейді Айдар Смағұлов.
Сотқа дейінгі хаттама өңірімізде қанатқақты режімде былтырғы желтоқсан айында қолданылды. Облыстың соттары 23 сотқа дейінгі хаттама жасаса, соның 9-ында іс татуласумен аяқталды.
“Жанжалдарды реттеуде әлемнің озық елдері татуластыру рәсімдерін кеңінен қолданады. Заңнама тараптарды татуластыруға бағытталған. Оның көптеген артықшылығы бар: уақыт пен қаржы үнемделеді, тараптарға жанжалды өзара тиімді шарттармен реттеуге мүмкіндік беріледі, ең бастысы – дауды бейбіт жолмен шешу іскерлік, достық қарым-қатынасты сақтауға сеп”, – дейді Айдар Смағұлов.
Қазіргі уақытта облысымызда 20 кәсіби медиатор жұмыс істейді. Олар былтыр 134 дауды шешті.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.