Әлемдік кәсіпқой бокста қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің қатары қалыңдап келеді. Бұрын тек Геннадий Головкиннің жеңісіне ғана қуанып жүрсек, бүгінде шаршы алаңда жеңілу дегенді білмейтін жігіттер баршылық. Солардың қатарында Петропавл қаласының 22 жастағы тумасы Евгений Павловты айтуға болады. Жақында “WBA International” нұсқасы бойынша әлем чемпионымен жолығып, сұхбаттасқан едік.
– Бокс – қиын спорт түрлерінің бірі. Жарақат алу қаупі жоғары. Сондықтан ата-аналар балаларын бокс секцияларына көп бере қоймайды. Сіздің былғары қолғапты киюіңізге кім себепкер болды?
– Менің алғаш рет бокс мектебінің табалдырығын 8 жасымда аттауыма әкем себепкер болды. Боксқа дейін басқа да спорт секцияларына қатысқан болатынмын. Футбол ойнадым, күреске де бардым. Бірақ ешбірін ұнатпадым. Шамалы уақыттан соң зерігіп кететінмін. Бірде былғары қолғап шебері атанғым келетінін түсіндім. Әкем қолдады. Алғашқы бапкерім Денис Языковтың шеберлігі болар, бокс үйірмесі бірден ұнады. Оқудан тыс уақытта жаттығу залынан шықпайтынмын. Тынымсыз жаттығулардың арқасында ғана жетістіктерге жетіп жүрмін.
– Қазақстанда әуесқой бокс жақсы дамыған. Қолдаушылар да көп. Олимпиада жүлдегері атансаң қомақты қаржы береді дегендей. Ал сіз басқа жолды таңдадыңыз. Кәсіпқой боксқа ауысу туралы шешіміңізге жақындарыңыз қарсы болған жоқ па?
– Ата-анам ешқашан менің таңдауыма қарсы болған емес. Керісінше, олар бұл нағыз ер жігітке арналған спорт екенін айтып, мені үнемі қайрап отырады. Әуесқой бокстан да біраз жетістікке жеттім. Қазақстан чемпионы атандым. Бірақ таңдауым кәсіпқой боксқа түсті. Жалпы бокс – менің өмірім десе де болады. Бұдан басқа айналысатын ісім де жоқ. Бала кезден бастап әртүрлі жарыстарға қатысу арқылы көптеген достар таптым.
– Спорт саласында жүрген жастар оқуды екінші қатарға ысырып қоятынын білеміз. Жалпы кәсіпқой спортшы болу үшін оқу, білім қаншалықты қажет? Спорт жастардың оқуына кедергі келтірмей ме?
– Жоқ. Мысалы мен бокспен қатар мектептегі оқуды да қатар алып жүруге тырыстым. Сабақтардан шамам келгенше қалмайтынмын. Чемпион болу оңай, бірақ адам болып қалу қиын. Сол үшін де білім керек. Жастайымнан алға қойған мақсатымды орындамай тынбайтынмын. Бастаған ісімді соңына дейін жеткізуге әрдайым талпынатынмын. Қазір де сондаймын.
– Бүгінге дейінгі жеңісті жолыңызға шолу жасап көрейікші. Қай жеңіс сіз үшін маңыздырақ?
– Мен үшін әр жеңісім маңызды. Дегенмен бокстан жастар және жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы, кикбокстан еліміздің төрт дүркін жеңімпазы атанған кезім ыстығырақ. Сондай-ақ әуесқой бокстағы үлкен жетістіктерімнің бірі – әлем кубогында алтын медаль олжалауым. Алғашында менің мақсатым Олимпиада және әлем чемпионатында өнер көрсету болды. Соған дайындалып жүргенмін. Бірде қазақстандық “Suleimen Promations” промоутерлік компаниясынан ұсыныс түсті. Ойлана келе, олармен келісімшартқа отыру туралы шешім қабылдап, кәсіпқой боксқа ауыстым. Бүгінге дейін шаршы алаңда 6 жекпе-жек өткізіп, барлығында да жеңіске жеттім. Кезекті кездесу сәуір айына жоспарланған. Болашақта барлық әлем титулдарын жеңіп алғым келеді.
– Петропавлдағы Камиль Сафин атындағы бокс мектебінен талай дарынды былғары қолғап шеберлері шықты. Соның бірі – еліміздің мақтанышына айналған Жанат Жақиянов. Бұрынғы чемпионмен қарым-қатынасыңыз қалай? Кәсіпқой бокстағы мол тәжірибесімен бөлісіп тұра ма?
– Әрине, үнемі ағалық қамқорлық көрсетіп, ақыл-кеңесін айтып тұрады. Алғыстан басқа айтарым жоқ. Сол ағалар салған сара жолмен келе жатырмыз. Бокстың айла-тәсілдері, өзіндік ішкі құпиялары болады. Соның бәрін маған айтып, білгенін үйретіп жүргені үшін мың да бір рақмет.
– Соңғы жекпе-жегіңіз желтоқсанның 24-і күні болды. Мәскеу төрінде өткен бокс кешінде венесуэлалық Эдиксон Переспен жұдырықтасып, қарсыласыңыздан басым түскен едіңіз. Осы кездесу туралы айта кетсеңіз.
– Бұл жекпе-жекке мықтап дайындалдық. Нұр-Сұлтан, Алматы және Мәскеу қалаларында оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Нәтижесінде кезекті жеңісіме қол жеткіздім. Қарсыласым – Эдиксон Перес мықты боксшы. Онымен жұдырықтасу оңай болған жоқ. Жекпе-жек 8 раундқа созылды, қарсыласымды 5 раунда бір рет нокдаунға жібердім. Төрешілер шешімімен жеңімпаз атандым.
– Соңыңыздан еріп келе жатқан ізбасарларыңызға қандай кеңес берер едіңіз?
– Боксшы үшін чемпион болудан басқа мақсат болмауы керек. Жатса да, тұрса да тек дайындығын ойлап, қарсыласына қолданар тактиканы жақсылап ой елегінен өткізуі керек. Жаттығуларда өз кемшілігін түзеп, шеберлігін арттыруы шарт. Дұрыс тамақтанып, дұрыс демалу қажет. Сонда ғана алда тұрған белестерді бағындыра алады. Ринг сыртындағы бәзбіреулердің пікірі, мақтауы немесе даттауы, атақтылармен жымиып түскен суретің мен үйіңдегі бұрын жеңіп алған медальдар мен белбеулер рингте көмек бермейді. Олар, керісінше, соққыңды ауырлатып, жылдамдығыңды тежейді. Рингте сен және қарсыласың ғана. Кімнің дайындығы мықты болса, сол жеңеді. Демек, бұл жерде айтпағым – жаттығу бірінші орында тұруы шарт.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.