«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОТТЫҢ ҚУАТЫ – СЕНІМ МЕН ҚОЛДАУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қызметінде сот төрелігін іске асыру қорытындысы бойынша есеп берілді. Облыстық соттың төрағасы Ербол Жанғазиннің айтуынша, еліміздің сот жүйесі жылды нақты істермен, жаңа жобалармен қорытындылаған. Жекелей алғанда бюджетке, зейнатақы қорына, жер мәселелеріне, рақымшылық жасауға, сайлауға қатысты заңнамаларға түзетулер енгізілді.

“2021 жылғы шілдеден бастап рес­публикада Әкімшілік рәсімдік-про­цестік кодекс жұмыс істей бастады. Ма­мандандырылған ауданаралық әкім­ші­лік соттар құрылды. Олардың негіз­гі міндеті – жеке азаматтар мен кәсіп­керлердің құқықтарын қорғау. Қазақ­стан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына бай­ланысты қабылданған “Рақымшы­лық туралы” Заң екі мыңнан астам сот­талғанның және пробацияда есеп­те тұрған 11 мың адамның жағдайын же­ңілдетсе, мыңға жуық адам бостан­дық­қа шықты. Іске асырылып жатқан барлық іс-шаралар елде халық үшін ашық сот жүйесін құруға, сондай-ақ қо­ғамдағы жанжалдарды төмендетуге бағытталған. Жоғарғы Соттың атқар­ған жұмысы және заңнамаға енгізіл­ген өзгерістердің арқасында облыс сот­тарына келіп түскен істердің азай­ғаны байқалады”, – деді Ербол Жан­ғазин.

Облыста 20 сотты қамтитын 16 әкім­шілік ғимаратта фронт-кеңселер жұмыс істейді. Олардың барлығы жа­ңа стандарттарға сәйкес жабдықтал­ған. Облыстық соттың төрағасы бас­ты міндет – халықтың сот жүйесіне де­ген сенімін арттыру екенін атап өтті. “Биылғы жылды Жоғарғы Сот “Сот­тардың тиімділігін арттыру жылы” деп жариялады. Бізге азаматтың, қоғам мен мемлекеттің дауларды заңды, әділ және жылдам шешуге деген қа­жеттілігін қанағаттандыру маңызды. Облыс сот жүйесінің қызметі осы мақсатқа қол жеткізуге бағытталады”, – деді ол.

Қылмыстық істер бойынша сот ал­қасының төрағасы Ербар Қалиевтің айтуынша, былтыр өңір соттарына 1281 адамға қатысты 1056 қылмыс­тық іс түскен. Бұл алдыңғы жылмен са­лыстырғанда 5,2 пайызға аз. Судья­лар 947 адамға қатысты айыптау үкі­мін шығарса, 14 адамды ақтап алды.

“Былтыр сотталған 947 адамның 319-ы бас бостандығынан айырылды. Олардың 198-і – аса ауыр қылмыс жа­сағандар. Соттар сыбайлас жемқор­лық­қа, жыныстық зорлық-зомбылыққа, жас балаларға қатысты, брако­ньер­лікті, мас күйде жасаған, ауыр зар­даптарға әкеліп соқтырған қыл­мыс­тарды жасағандарға жазаны қа­таңдату үшін қоғамның пікірін және ел басшылығының ұстанымын ескеруі қажет. Сонымен бірге ізгілендіру қа­ғидаты назарда болуы тиіс. Онша ауыр емес қылмыстар үшін жаза та­ғайындау кезінде бас бостандығынан айыру сотталған адамды басқаша түзеу мүмкін болмағанда ғана қол­данылады”, – дейді Ербар Қалиев.

Былтыр сот қылмыстық істер бо­йын­ша жаза ретінде жалпы сомасы 151 млн. 771 мың теңге айыппұл сал­ған. Соның жартысына жуығы бойын­ша үкім былтыр орындалды. Жергі­лікті соттар 579 қылмыскерді бас бос­тандығынан айырмай, оларға жаза­ның басқа түрлерін қолданған. “Со­ның ішінде 87 сотталушыға айыппұл салынды, 48-і қоғамдық жұмыстарға тартылды, 443 адамның бостандығы шектелді, 1 сотталушы түзету жұмыс­тарына жегілді. 123 адамға қатысты 88 қылмыстық іс екі тараптың мәмі­леге келуімен тоқтатылды”, – дейді Ербар Қалиев.

Жұмысын былтыр жазда бастаған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жыл соңына дейін 375 талап-арыз түссе, соның әр бесін­шісінде екі жақ мәмілеге келіп тарқас­қан. Ал әкімшілік соттың сұрауын ая­қасты еткен жеті мемлекеттік қыз­метші айыппұл төледі.

Облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Се­рікбол Сапарғалиевтің айтуынша, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына түскен 375 істің 111-і бойынша шешім шығарылды, соның 80-інде талап қанағаттандырылды.

“Жаңадан құрылған сотта қаралған алғашқы іс ауыл әкіміне үміткерден түсті. Сайлау комиссиясы оның кан­ди­датурасын тіркеуден алып таста­ған. “Сайлау туралы” Заңның талап­тарына сәйкес Қызылжар аудандық соты оны сол күні қарап, азаматтың талабын қанағаттандырды. Бұдан басқа, кәсіпкерлік субъектілеріне салық, әкімшілік органдарға қатысты тексерістердің заңсыз жүргізілгені туралы сот үкімдері шықты. Кейбірі мораторий енгізілгеніне қарамастан тексерістер жүргізген”, – дейді Серікбол Сапарғалиев.

Сот алқасының төрағасы сот орын­дау­шыларының әрекетіне арыздана­тындардың көптігін бүгіп қалмады. Сон­дай фактілердің бірінде сот орын­дау­шы­сы борышкердің дүние-мүлкін сауда-саттыққа шығарып, үлестес тұлғалар­ға өте арзан бағаға сатқан. Сот орын­даушысының әрекеті заңсыз деп та­нылды. Жалпы былтыр 375 талап-арыз түссе, соның әр бесіншісі екі тараптың мәмілеге келуімен аяқ­тал­ды. Талапкердің өтінішімен 24 арыз қайтарылды. Бұл да соттың нә­тижелі жұмысының жемісі. “Әдетте, мұн­дай­да талапкер өзінің қателеске­нін біліп, талабын қайтарып алады не­месе жа­уап беруші жіберген қателігін дұ­рыстауға іс-шара қолданады”, – дейді Серікбол Сапарғалиев.

Ал соттың сұрауына уақытында жауап бермеген 7 мемлекеттік қыз­мет­шіге 10 айлық есептік көрсеткіш мөл­шерінде айыппұл салынған. Олар­дың ішінде Қызылжар ауданы­ның әкімі, Петропавл қалалық әкімді­гінің бөлім басшысы, қызметкері және Қызылжар, Тайынша аудандық әкімдіктері бөлімдерінің басшылары бар. Әкімшілік жазаға тартылғандар­дың тағы екеуі – сот орындаушысы.

Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Айдар Смағұловтың айтуынша, был­тыр облыс соттарына 13 мыңнан ас­там азаматтық іс түскен. Оның 4 мың­ға жуығы қайтарылған. Ал қалғаны өндіріспен аяқталды. Соның 5629-ы бойынша сот шешімі шықты.

Сотсыз татуласу институтын дамы­ту басым бағыттардың бірі саналады. Былтыр 1341 іске немесе 16 пайызға жуығына татуласу рәсімі қолда­ныл­ған. Соның ішінде медиация арқылы 920 іс аяқталды, 415-інде екі тарап мәмілеге келсе, 6 іс партисипативтік рәсіммен жабылыпты. Былтыр заңнамаға азаматтық іс жүргізу заңнамасын жетілдіруге және дауларды соттан тыс және сотқа дейін реттеу инсти­тут­тарын дамытуға бағытталған түзету­лер енгізіліп, ол биыл іске қосылған.

“Сотқа дейінгі хаттама институты енгізілді. Бұл жаңашылдық тараптар­ды тәртіпке келтіріп, сотқа шағым бер­генге дейін дәлелдемелер жинауға жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Сонымен қатар бұл тараптарға сотқа талап-арыз қабылданғанға дейін екінші тарап ұсынған дәлелдердің мазмұ­нын білуге және татуласу мүмкіндігін қа­растыруға жол ашады. Нәтижесін­де татуласу арқылы аяқталған істер көбейеді деп ойлаймыз”, – дейді Ай­дар Смағұлов.

Сотқа дейінгі хаттама өңірімізде қанатқақты режімде былтырғы жел­тоқсан айында қолданылды. Облыс­тың соттары 23 сотқа дейінгі хаттама жасаса, соның 9-ында іс татуласумен аяқталды.

“Жанжалдарды реттеуде әлемнің озық елдері татуластыру рәсімдерін кеңінен қолданады. Заңнама тарап­тарды татуластыруға бағытталған. Оның көптеген артықшылығы бар: уа­қыт пен қаржы үнемделеді, тарап­тарға жанжалды өзара тиімді шарт­тармен реттеуге мүмкіндік беріледі, ең бастысы – дауды бейбіт жолмен шешу іскерлік, достық қарым-қа­ты­насты сақтауға сеп”, – дейді Ай­дар Смағұлов.

Қазіргі уақытта облысымызда 20 кәсіби медиатор жұмыс істейді. Олар былтыр 134 дауды шешті.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp