Мамлют ауданында әкімдердің есеп беру кездесулері биыл пандемияға байланысты онлайн режімде өтуде. Жақында Мамлютка қаласының әкімі Еркін Самарханұлы халықпен бейнебайланыс арқылы жүздесіп, атқарған жұмысы туралы есеп беріп, 2022 жылға арналған міндеттер мен жоспарлар жайлы айтты.
Әкім баяндамасын қаланың инфрақұрлымынан бастады. Өткен жылы 407 көше шамы орнатылып, 8072 шақырым жолға күрделі, орта және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. “Мамлюткада тәулігіне 250 тонна ұн шығаратын диірмен кешені жұмыс істейді. Аталмыш кәсіпорын өндіретін ұн негізінен еліміздің оңтүстік өңірлеріне, Өзбекстанға, Ауғанстанға және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жөнелтіледі. “Сапа Инвест плюс” ЖШС-ы сомасы 1,5 млрд. теңге тұратын ағаш өңдеу және ДСП шығаратын зауыт салуда. Бұл да қаланың үлкен жетістігінің бірі деуге болады. Бұл жоба облыстық кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізіліп, жалпы көлемі 4,46 гектар жер телімі бөлінген. Қырық адамға жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл аудандық кәсіпкерлік бөлімімен бірлесіп, Мамлют машина жасау зауыты, бұрынғы шұжық цехы, мал сою цехы, сондай-ақ қоғамдық монша, кинотеатр ғимаратын жаңғырту үшін инвесторлар іздейміз”, – деді қала әкімі.
Баяндамашының сөзінше, пандемия жағдайында мемлекет шағын кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсеткен. “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы аясында гранттар берілген. Мәселен, “Мирончик” жеке кәсіпкерлігі кілемдерді химиялық тазалайтын орын ашуға 3,9 млн. теңгенің, мрамор бұйымдарын өндіретін “AL-ZERE MRAMOR” кәсіпорны 5 млн. теңгенің, тоқыма бұйымдарын өндіретін “Сабиров” жеке кәсіпкерлігі 2,8 млн. теңгенің, этноауыл жобасы үшін “Мәулен” жеке кәсіпкергілі 5 млн. теңгенің грантын алған. Сондай-ақ “Еңбек” бағдарламасы аясында 25 адам жалпы сомасы 14585 мың теңге мемлекеттік грант иегері атанды. “Бастау Бизнес” жобасы бойынша оқудан өткен 7 азамат мал шаруашылығы, техникалық қызмет көрсету станциялары, жылыжай бизнесі, құс шаруашылығы, үй-жайларды жалға беру, наубайхана, сауда, ағаш ұстасы, дәнекерлеу, косметикалық салон, сантехника және такси қызметтері үшін қаржы алды. Жаңа жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 92 жаңа жұмыс орны ашылып, 21 мүмкіндігі шектеулі азамат еңбекпен қамтылған.
Биыл көлік жуу орны мен екі дүкен ашу жоспарлануда. “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасына үш үміткер қатысуда. В.Артимович 12 млн. теңгеге шағын автобус сатып алғысы келсе, Ж.Жолдабаева қонақүй, монша, кір жуатын цех, волейбол және футбол алаңын салу үшін 20 млн. теңге сұрап отыр.
Сапалы ауызсу – тұрғындар үшін ең басты қажеттілік. Қалада ұзындығы 26,6 шақырым су тарату желісі бар. Қазіргі таңда 2769 үйдің 1497-сі суды үйлеріне кіргізіп алған, 2021 жылы 142 отбасы қосылды.
“Халықтың денсаулығын сақтау – біздің жұмысымыздың басты бағыты. Вакциналаудың маңыздылығы мен қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Мамлютка қаласы бойынша барлығы 4519 адам екпе алып, жоспар 100 пайызға орындалды. Қалада 2 егу орталығы ашылып, қазір тұрғындарды қайта вакциналау жұмыстары жүргізілуде”, – деді қала әкімі.
Өткен жылы аудандық ауруханаға жүректің электрокардиологиялық өзгерістерін тіркейтін электрокардиограф, ана мен іштегі баланың жағдайын бақылайтын монитор, өңеш, асқазан ауруларын диагностикалауға және емдеуге арналған фиброгастроскоп сатып алынған екен.
Биыл Мамлютка қаласында 11 көшенің атауы өзгереді. Халық санағының жүргізілуіне байланысты былтыр бұл іс уақытша тоқтатылған болатын. Жыл басынан бері жұмыс қайта жалғасын тапты. Ленин көшесін – Абылай хан, Дзержинский көшесін – Александр Затаевич, Киров көшесін – Әлихан Бөкейханов, Крупская көшесін – Евгений Брусиловский, Калинин көшесін – Григорий Потанин, Фурманов көшесін – Құрманғазы, Куйбышев көшесін – Шәмші Қалдаяқов, Матросов көшесін – Қожаберген жырау, Базарная площадь көшесін – Иван Шухов, О.Кощевой көшесін – Достық, Комсомольская көшесін – Мұхтар Әуезов, Коммунальная көшесін – Шоқан Уәлиханов, Карл Маркс көшесін – Жамбыл деп атау ұйғарылғанын газетімізде бұған дейін жазғанбыз. Жақында Школьная көшесіне Кеңес Одағының Батыры Әбу Досмұхамбетовтің атын беру туралы ардагерлер кеңесінен ұсыныс түсіпті.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.