Әлеуметтік желі дамыған сайын әдебиетке, кітап оқуға деген қызығушылық бәсеңдеп, жеңіл-желпі дүниелерге құмарлық артып бара жатқаны кітапханашыларды да алаңдатып отыр. Әлеуметтік желілерге қарсы мәдениет қалыптастырудың, әдеби ортаның бәсекелестік қарым-қабілетін арттырудың, оқырман талғамын қалыптастырудың бірден-бір ошағы – кітапхана.
Рухани құндылықтар қайнары саналатын кітапханаға келіп түскен жаңа әдебиеттерді оқырманға уақтылы таныстыру, ақпараттың сан түрін пайдаланып, тың деректерді жинастыру – кітапханашылардың басты міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес Білім және ғылым министрлігі “Оқуға құштар мектеп” жобасын бекіткен болатын. Оның аясында оқушылардың көркем әдебиеттерді оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында бірқатар іс-шараларды жүзеге асыру белгіленген. Соған орай “Бір ел – бір кітап” республикалық акциясы аясында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 30 кітап ұсынылды. Олардың арасынан Жұмекен Нәжімеденовтің “Менің Қазақстаным”, Ыбырай Алтынсариннің “Өнер-білім бар жұрттар”, Т.Әбдірайымның “Алабұға аулаған күн”, Бердібек Соқпақбаевтың “Жекпе-жек” шығармалары, поэзия жанры бойынша Мұқағали Мақатаевтың “Өмірдастан” поэмасы оқырмандар арасында талқыға түсіп, қызу пікірталасқа ұласты. 5-8 сынып оқушылары оқыған шығармалары негізінде эссе жазып, кейіпкерлерге ұқсауға тырысты. “Сен білесің бе?”, “Қызықты мәліметтер” топтамасы бойынша суреттер көрмелері өткізілді. “Семей полигоны – Қазақстанның ядролық қасіреті” атты сабаққа 9-сынып оқушылары ұйымшылдықпен қатысып, өздерін ядролық қарудан бас тартқан мемлекеттің жастары екенін мақтанышпен айтты. “Буккроссинг бұрышы” “Күзгі демалыс – кітаппен” сияқты шаралар да өз деңгейінде ұйымдастырылды. Жоба аясында кітапханамыз қазақ, орыс, шетел жазушыларының шығармаларымен, ертегілермен толықты.
2022 жылдың “Балалар жылы” деп жарияланғаны белгілі. Демек, биыл жас буынның тәрбиесі мен біліміне баса мән беріледі деген сөз. Кез келген халық ұрпақ тәрбиесін ұлт тағдырынан бөле-жара қарамаған. “Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек”, – деген еді Президентіміз. Балалар жылы жарияланғаннан бері мектептің оқу залында кітап көрмелері безендіріліп, балалар әдебиетін насихаттаудың түрлі жолдары ұсынылуда. Ұлттық құндылықтарды жаңғырту, дәріптеу, ел руханиятын көтерген тұлғалардың тағылымды шығармашылығымен таныстыру мақсатында “Кітап – сарқылмас байлық” атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. “Кітапты ашыңыз, кереметті көресіз!” виртуалды көрме оқырмандарға жолданды.
Балалар жылына орайластырылып “Менің сүйікті кітаптарым” кітап көрмесі өтуде. Ол “балаларға арналған классик жазушылардың кітаптары”, “қазақ ертегілері”, “қазақ ауыз әдебиеті”, “батырлар жырлары”, “баланы кітап оқуға баулудың” жолдары атты бөлімдерден тұрады. Ақыл-кеңес беретін видеороликтар дайындалды. “Бір ел – бір кітап” республикалық акциясы аясында Ахмет Байтұрсыновтың шығармаларына қолдау көрсетілді. Ұлт ұстазының шығармашылығына, өміріне қатысты деректер жинастырылды. Бұл іс-шараға 4 “ә” сынып оқушылары Жансая Манкошова, Аружан Сейдімбек өте белсенділікпен атсалысып, ақынның “Маймыл мен көзілдірік”, “Аққу, шортан Һәм шаян” атты аудармаларын нақышына келтіріп, жатқа оқып берді.
Райгүл БАЙМАТОВА,
Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының кітапхана меңгерушісі.