«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әлеуметтік міндеттемелер орындалуы тиіс

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есіл ауданына қарасты Амангелді ауылдық округінің тұрғындары көптен бері жол, сапалы интернет, таза ауызсу зардабын тартып келеді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов  осы елді мекенде болып, тұрғындармен кездесті. Жиын барысында округ аумағында жұмыс істейтін қос серіктестіктің басшылары ауылды көтеру жөніндегі жоспарларымен бөлісті.

1999 жылы құрылған «Агрохимснаб» ЖШС-ы  6 мың гектар алқапқа астық егіп, ірі қара өсіреді. Былтыр жаздың қолайсыздығына қарамастан, әр гектардан 16 центнерден өнім жиналған. Серіктестік басшысы Владимир Олексюктің сөзіне  қарағанда, жұмысшылардың орташа еңбекақысы 178 мың теңгеден айналады. Ауылдың өсіп-өркендеуіне ерекше көңіл бөлінеді. Үлескерлерге 50 миллион теңге пай  үлестірілген. Жұмысшыларға арнап 6 миллион теңгеге 2 үй сатып алынған. Қыс мезгілінде елді мекендегі жолды күтіп-ұстауға 4 миллион теңге қарастырылған. Сондай-ақ ауылішілік жолдарды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттарды дайындау үшін 500 мың теңге бөлінген. Мектепке құрылыс материалдарын сатып алуға 450 мың теңге беріпті.

Биыл қоғамдық монша қалпына келтірілмек, 15 үйге су тартылып, саябақ ашу жоспары бар. Жұмысшылардың жалақысы 30 пайызға өсірілмек. 626 бас сиыр бағылады, 100 басқа арналған жаңа тауарлы-сүт фермасын салып, 20 жұмыс орнын құру жоспарланған.

Құмар Іргебайұлы басты мақсат ауылдағы ағайынның әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиістілігін атап көрсетті. Серіктестік басшыларына барынша халыққа жақын болып, тұрмыс сапасын жақсартудың барлық мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

– Жасыратыны жоқ, кәсіпкерлер жұртшылықтан бұрын өз қалталарын көбірек ойлайды. Мемлекеттен тиісті көмек алып отырғанына қарамастан, ауылды дамытуға қарайласпайтындар бар. Мұндай бассыздыққа жол берілмеуі керек. Керісінше, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық өркендеуі назардан тыс қалмауы тиіс. Сонда ғана  тұрмыс жақсарады, – деді өңір басшысы.

Жиын барысында ауыл тұрғындары өздерін мазалаған мәселелерді  облыс әкіміне жеткізді. Біріншіден, сапалы интернет жоқ.  Аудан әкімі Медет Оспанов проблема биыл  шешілетінін айтты. Жер телімі бөлініпті.  «Тele2» компаниясымен келіссөз жүргізілген.  Жобалық-сметалық құжаттар дайын, байланыс мұнарасын орнату үшін сараптама жүргізілуде. Екінші мәселе – медициналық пункт ғимараты апаттық жағдайда тұр.

– Құмар Іргебайұлы, емдеу мекемесі жер үйде орналасқан. Барлық жабдықтар ескірген. Қалпына келтіруге сізден көмек сұраймыз,– деді ауыл тұрғыны Роза Линник.

Құмар Ақсақалов биыл ауылдарда 47 медициналық пункт салу жоспарланып отырғанын айтты. Сондықтан ескі нысанды күрделі жөндеуден өткізгенше, жаңасын тұрғызу тиімді болмақ. Бұл мәселені бақылауға алып, шешуге уәде берді.

«Поляковское» – ауылдық округтегі екінші серіктестік. Шаруашылық дәнді, майлы дақылдар және көкөніс өсірумен айналысады. Өткен жылы 10 гектар жерге сәбіз егіп, жақсы өнім жинаған. Биыл оның көлемі 30 гектарға дейін ұлғайтылмақ. Қазір мұнда жиырмадан астам ауыл тұрғыны еңбек етеді. Олардың  орташа еңбекақысы биыл 50 пайызға дейін көтерілмек.

Серіктестік директорының орынбасары Алексей Чернецкий ауыл тұрғындары алдындағы әлеуметтік міндеттемелер сөзсіз орындалатынына сендірді. Су желісін жөндеуге 7 миллион теңге бөлмек. Амангелді ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға да қолғабыс етпекші. Абаттандыру мақсатымен 20 түп шырша  отырғызылып, жаңа саябақ ашылады.

Өңір басшысы ауылды көркейту міндетін жүктейтін екіжақты меморандум талаптары сөзсіз орындалуы тиістігін ескертті.

Нұрбол БАЛҒАБЕКОВ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp