«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ДАЙЫНБЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адамдардың санасында өзгеріс болған кезде қоғам да дамудың жаңа жолына түседі. Бұл – тарихи дәлелденген жағдай. Қазіргі дамыған мемлекеттердің бәрі дерлік осы үрдісті бастан өткерген. Әр тұрғынның жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілік сезімі лаулап тұрған мемлекет қана жалпақ әлемді аузына қарата алады, ғылым мен білім дамыған елдер ғана озады. Сондықтан әрбір қазақстандық өзгеріске дайын болуы тиіс.

Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылда елімізде біраз жұмыстың басы қайырылды. Дегенмен жас мемлекеттің аяғынан нық тұруы үшін әлі де уақыт керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзекті мәселелерді шешу бойынша нақты міндеттерді айқындады. Онда қоғамдағы әрбір түйткілді мәселеге жіті назар аударып, оңтайлы шешім шығару керектігін айтты. Әрине, өткенге топырақ шашуға болмайды. Алайда сабақ алатын тұстар да жоқ емес. «Өткен оқиғалар қоғамымыздағы өткір мәселелердің бетін жалаңаштады. Қалаларымызға, туғандарымыз бен  жақындарымызға жасалған шабуыл мемлекетіміздің, ең басты, құндылықтарының бірі – бейбітшілік пен тұрақтылықтың қаншалықты нәзік екенін көрсетті», – деді Президент.

Елдегі наразылықтың туындауына белгілі себептер түрткі болғаны рас. Қоғамдағы теңсіздік мәселесі жылдан-жылға қиындай түскенін, халықтың табысы қағаз жүзінде ғана өскенін Мемлекет басшысы ашық айтты. Халықтың өмір сапасын жақсарту мен әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің басты міндеті. Сондықтан ауыл, аудан басшыларынан бастап, Президентке дейін оны шешу жолын қарастыруы керек.  

Президент өз Үндеуінде халықтың тыныс-тіршілігінің барлық саласын қамтып, білім беру, әлеуметтік салаға, мемлекеттік басқаруға түзетулер енгізу, мемлекеттің өңірлік дамуына баса назар аудару, қаржылық шаралар қабылдау және жалпы жұртшылыққа қатысты әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету қажеттігін ерекше атап өтті. Біз бір басшылыққа мойынұсына отырып, тапсырмаларды тыңғылықты орындағанымыз абзал.

«Қаралы қаңтар» оқиғаларынан кейін құқық қорғау жүйесін реформалау да маңызды мәселенің біріне айналды. Президент өз сөзінде жақын арада әскери техника қорымен толықтыру, шешімдерді қабылдау кезінде әлеуетті құрылымдар басшыларының жауапкершілік деңгейін арттыру қажеттілігі, сондай-ақ терроризм актілеріне жол бермеу үшін басқа да бірқатар маңызды мәселелерді шешу керектігін айтты.   

Сондай-ақ әлеуметтік сала қызметкерлері үшін адами капиталды дамыту өте маңызды. Жыл сайын мемлекет бюджетінде шығындардың басым бөлігі бюджеттік салаларға – әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау және білім беруге тиесілі. Президенттің мұғалімдердің біліктілігін арттыру және олардың жалақысын көтеруді тағы да атап өткеніне қуаныштымын. Өйткені оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ. Ал ұрпақты білімді де білікті етіп тәрбелеу жолында мұғалімнің еңбегі өлшеусіз. Білімді ұрпақ – ел игілігі. Үкіметке осы жөнінде нақты тапсырмалар бергені қуантты.

Кей өңірлерде мұғалімдердің жетіспеушілігі анық байқалады. Мықты маман иелерін ауылды жерлерге шақыру үшін оларға жағдайы жасалуы керек. Ол үшін арнайы бағдарлама әзірлеп, халқы тығыз қоныстанған өңірлерден келген жастарға гранттар бөлу арқылы ынталандырған жөн. 2025 жылға қарай кемінде 5 шетелдік беделді жоғары оқу орнының филиалдарын ашу тапсырылды.

Алдағы уақытта «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламаларына қатысу мерзімін және еңбекақы төлеуді арттыруда мемлекет тарапынан қуатты қолдау болады деп жоспарлануда. Бұл бағдарлама бір жағынан жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге көмектеседі. Біз мемлекетіміздің барлық салаларында жаһандық өзгерістерге дайын жүруіміз керек.

Құдайға шүкір, маңдайымызға бұйыртқан ұлан-ғайыр жеріміз, Тәуелсіз еліміз бар. Оралхан Бөкейдің: «Қоржын арқалап жүрсең де адамдығыңды жоғалтпа», – деген сөзі адамгершілік пен ар-ұяттың қаншалықты өзекті екенін аңғартып тұрған жоқ па? Мен мұны жүрген-тұрған жерімде үнемі айтып жүремін. Жүрегінде елге, жерге, тілге деген құрметі мен ықыласы жоқ адамнан еш жақсылық күтуге болмайды. Ол қаншалықты білімді болса да қоғамға зиян әкелетіні сөзсіз. Ақылды адам мен білімді адамның айырмашылығы – ай мен күндей. Озық білімнің кейде опат әкелетін дүниеге жетелейтінін де айта кету керек. Сондықтан жастарымызға білім берумен қатар тәрбиесіне де мұқият қарағанымыз абзал. Елде болған оқиғалар осы сияқты көп жайттың бетін ашты. «Жаңа Қазақстан» құру жолындағы өзгерістерге бәріміз дайын болуымыз қажет.

 

Әлия Нұрмағамбетова,

Жамбыл аудандық мәслихатының

депутаты.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp