Есімі қазақ тарихында “Хан біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы”, “Түгел сөздің түбі – бір, түп атасы – Майқы би” деген нақылдарға арқау болған, өз заманында Шыңғыс хан қағанатының заң-ережелерін бекіттіріп берген жарғышы – Майқы би кісі ақысын жегендер жайында “Мал ұрласа, үш тоғыз айыбымен, толықтап малдың басын көтереді”, – депті. Бұл – әділдікті ту еткен бабамыздың біреудің мүлкін иемденіп кетуді ар көрмейтіндерге қолданған бір амал-шарасы болса керек. Қазіргі Тәуелсіз еліміздің де ғасырлар бойы сайын дала төсінде салтанат құрып, ұлттық болмысымыздың ұстынына айналған дәстүр-салттан ажыраған күні жоқ. Десек те, кейде халықтың мүлкін атасының мұрасындай иеленіп, май кекіріп жүрген жемқорлардың желкесінде қырағы көздің бар екенін ұмытатыны қынжылтпай қоймайды. Бүгінде тұтас қазақ қоғамының жегіқұртына айналып кеткен жемқорлықпен қалай күресеміз, оны ауыздықтаудың қандай жолдары бар деген тақырып орайында «дөңгелек үстел» отырысын ұйымдастырған болатынбыз. Шараға қатысқан еңбек ардагері Зейнолла Олжабаев, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин, әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры Күлімкөз Смаилова, жастар ресурстық орталығының директоры Әлфараби Мыңбай мағыналы әңгіме өрбітті. Соны назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Бүгінгі қоғамда “кез келген мәселені парамен немесе таныс-тамырмен шешуге болады” деген пікірдің қалыптасқаны белгілі. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың белең алғаны сондай, оның зардабы, кесірі еліміздің руханиятына, экономикасына тиіп отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын күшейтетінін, бұл мақсатта Үкімет арнайы іс-қимыл жоспарын әзірлеп жатқанын айтты. Мемлекет басшысының осы сөзінен кейін қоғамның көкейіне үміт пен сенімнің ұялағанын да бүгіп қала алмаймыз. “Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!” деген ұран бүгінде басты ұстанымға айналып отыр. Жаңа Қазақстанды жемқорлықсыз құру мүмкін бе?
Нұрлан ЖАХИН:
– Соңғы жылдары еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты едәуір жетілдірілді. Бірқатар игі бастамалар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің кеңейтілген отырысында Үкіметке жемқорлыққа қарсы бірқатар заңнамалық өзгерістер пакетін әзірлеуді тапсырды. Бұл ретте мемлекеттік басқару жүйесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Жаңа, яғни жемқорлықсыз Қазақстанды құруға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де белсенді атсалыса бастады деп толық айта аламын. Мәселен, үстіміздегі жылғы екінші ақпанда Президент Жарлығымен бекітілген еліміздің 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасы соның айқын дәлелі. Тұжырымдаманы әзірлеу кезінде бізге азаматтық қоғамның пікірі маңызды болғанын ерекше атап өткім келеді. Қоғамдық құрылымдардың, сарапшылардың, бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстарын жинайтын арнайы сайт құрылып (adal.com.kz), көптеген салиқалы ұсынымдар құжатта көрініс тапты. Алдыңғы қатарлы шетелдік, халықаралық стандарттармен қатар өзіміздің де тәжірибеміз ескерілді. Олардың астарында тергеулеріміздің, әлеуметтік салалардағы сыртқы талдаулардың қорытындылары, атап айтқанда, “тұрмыстық” жемқорлықтың, бюджеттік процестер мен сатып алулардың ашық еместігі, мемлекеттің экономикаға қатысуының жоғары деңгейі, әкімшілік кедергілер, дискрециялық нормалар және басқалары жатыр. Оларды шешу үшін тұжырымдамада нақты реформалар мен жобаларды қамтитын алты міндет: сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру, мүмкіндіктерін болдырмау, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жетілдіру, қоғамның дертіне қарсы іс-қимылда азаматтық қоғамның рөлін күшейту, жемқорлыққа қарсы шараларды іске асырудың тиімді мониторингін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның қызметін одан әрі дамыту көзделген. Міне, осы жоспарлардың барлығын сәтті орындау жұмысымен бүгінде батыл айналысудамыз. Еліміздің әр азаматы жемқорлықты жат қылық деп білгенде ғана еліміздің жаңара, жасара беретінін есімізден шығармағанымыз абзал. Жаңа, жемқорлықсыз Қазақстанды құру әр азаматқа байланысты.
Зейнолла ОЛЖАБАЕВ:
– “Үкіметтің мүлкін аяйсың ба”, “колхоздың дүниесін басып қалайық” деген сияқты қасаң қағидалар кешегі кеңес кезінде санамызға әбден сіңген шығар, əйтпесе, біздің арғы-бергі тарихымызда қазынаның қаржысы, халықтың ортақ байлығы аманаттың ең үлкені әрі қадірлісі саналған. Біз – ескінің көзіміз. Еліміздің өзге мемлекетке бодан болғанының да, Тәуелсіздіктің арайлы таңының да куәсі болдық. Бір қызығы, қазіргі қоғамның негізгі мақсатына айналып кеткен жемқорлық деген сөзді бала күнімізде мүлдем естімеген екенбіз. Біздің замандастарымыздың дені туған жеріне, еліне, мемлекетіне адал болды. Мемлекеттің бір қап бидайын рұқсатсыз алғандар қудаланды емес пе? Мен бұл жерде сталиндік солақай саясатты жақтап отырғаным жоқ. Сол кездегі адамдарда ұят, ар, намыс деген қасиеттер күшті болды. Қазір елімізде жаңа Қазақстанды құру бағытында жұмыстар атқарылып жатыр ғой. Мемлекет басшысының жемқорлықпен күресу туралы ойларымен қуана келісеміз. Енді соның барлығы құр сөз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асырылса, құба-құп.
Күлімкөз СМАИЛОВА:
– Бұл сұрақ қазіргі таңда мені немесе сізді ғана емес, көпті мазалап отыр. Менің ойымша, бұл мәселенің түп тамыры экономикада да, саясатта да, тұрмыстың тауқыметінде де жатқан жоқ. Оның басты себебі – рухани білімнің төмендігінде, моральдық өзегіміздің осалдығында, адамдардың адамгершілік қасиеттерінің құлдырауында. Соңғы кездері қоғамның өзі рухани жағынан азғынданып кетті. Ата-ана, перзент, туған ел мен жер алдындағы адами парызымызды ұмыттық. Үлкен бір азғындық осындай орны толмас ауыр жағдайларға әкеліп тіреуде.
Бір жылдары еліміздегі барлық жоғары оқу орындарында жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамытып, сананы қалыптастыру, құқықтық білім беру жөнінде ұсыныс айтылып, осыған байланысты арнайы бағдарлама да жасалды. Білім саласына енгізілгенмен де бұл іс-шаралардың өзі жеткіліксіз болып қалды. Себебі барлық мәселе отбасындағы тәрбиенің әлсіздігінде, адами құндылықтардың әлсіреуінде екенін уақыттың өзі көрсетіп берді. Сондықтан жаңа, жемқорлықсыз Қазақстанды құру үшін ең бірінші қоғамның моральдық-этикалық ұстанымын, құқықтық білімін өзгерту керек. Адамның адами қасиеттерін, жан болмысын дамытпай, заңды өзгерте бергеннен, оның талаптарын қатаңдатқаннан еш нәтиже шықпайды.
– Заң демекші, жемқорларды қатал жазамен қорқытып жатсақ та “сүрініп құлаған жерінен бір уыс шөп жұла кететін” пысықай пайдакүнемдердің саны көбеймесе азаймауда. “Ауылдастың аты озғанша, ағайынның тайы озсынға” салатын мінезімізден арыла алмай келеміз. Одан өзге “Бәке”, “Сәкелік” салтанат құрып тұр әлі. Жемқорлықтың дендеп кетуіне де біздің осы “осалдығымыз” себеп емес пе? Бұл менталитеттен түбегейлі арылу үшін қандай қадамдарға бару керек деп ойлайсыздар?
Нұрлан ЖАХИН:
– Жоғарыда атап өткен тұжырымдама шеңберінде қойылған міндеттердің бірі – құндылықтарды өзгерту және халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру. Адалдық, заңдылық пен прагматизм әркімнің ішкі құндылық нанымына айналуға тиіс. Қоғам сыбайлас жемқорлықты проблемаларды оңай шешудің кепілі ретінде қабылдамауы, достық қарым-қатынас пен протекционизмді жұмыспен ұштастырмауы керек. Жемқорлар қоғамдық айыптауға ұшыраған кезде ғана біздің түсінігіміз де өзгере бастайды.
Бұл ретте парасаттылық жүйесін қалыптастыру кезінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермейтін жаңа көзқарастары мен өмірлік қағидаттары бар жас ұрпақты тәрбиелеу аса маңызды рөл атқарады. Агенттік алдағы уақытта отбасы институты арқылы, оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуетін пайдалана отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықты дамыту жұмыстарын іске асыратын болады. Жуық арада, парасаттылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тақырыптары білім беру жүйесіне жаппай енгізілмек. Осылайша баланы мектептен бастап, әртүрлі жас кезеңдерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы біліммен қамтамасыз ететін боламыз. Қазіргі таңда департаменттің бастамасымен облыстағы 355 мектепте “Адал ұрпақ” ерікті клубтары мен жоғары және орта, техникалық білім беру мекемелерінде 24 “Саналы ұрпақ” жобалық кеңсесі құрылған.
Біздің халқымыз дәстүрге бай. Бір өкініштісі, оның қазіргі заманға азық болмайтын тозығы да бар. Әлемнің өркениетті елдерінде “академиялық адалдық” деген термин өте жиі қолданылады. Қазіргі қазақ қоғамына да керегі – осы.
Зейнолла ОЛЖАБАЕВ:
– “Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім”, – дейді данышпан Абай Құнанбаев. Мінез дегеніміз менталитет емей немене? Жетпіс жыл бойы өзге идеологияның тәрбиесінде болдық. Халқымыздың мінезі, болмысы өзгеріске ұшырамады ма, ұшырады. Қазір заман құбылып тұр. Оның ыңғайына сай иілу қажет. Яғни әр қазақ түлкі заманды тазы болып шалуға ұмтылуы керек. Әлемнің мықты мемлекеттерінің озық дәстүрлерін игеру маңызды. Тағы бір айтпағым, “ағайынның тайы озсынға” бүйрегіміз бұрылмас үшін сыбайлас жемқорлықпен күресте біз кешегі кеңестік идеологияның озық тәсілдерін пайдалануымыз керек деп ойлаймын. Қоғамға қатысы бар белгілі бір ауқымды саяси науқанды ұйымдастырғанда кеңес идеологтары қайтушы еді? Алдымен жақсы адамды, жақсы образды іздеп тауып, соны қоғамға үлгі ететін. Жамандықты жақсылыққа қарай бұруға тырысатын. Осыдан барып жақсылық пен жамандықтың, адалдық пен арамдықтың арасы алшақтап, адамдар осы екеуінің біреуін таңдауға мәжбүр болатын.
Ендеше бізге де сыбайлас жемқорлықпен күресті идеологиялық тұрғыдан алғанда адалдық пен арамдықтың текетіресі ретінде құру керек. Ол үшін қоғамдағы адал адамдарды тауып, соларды насихаттауымыз керек. Мұнымен де тынбай, адал адамдарға саяси тұрғыдан да, идеологиялық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да артықшылықтар беруге ұмтылуымыз керек. Еліміздің кадр саясатында адалдық ең бірінші өлшемге айналуы тиіс. Қызмет бабында адал адамдар өссін. Ол адал адамдар айналасына адал жастарды шоғырландырып, қоғамға мемлекеттік қызметке берілгендіктің таза үлгісін ұсынатын болады. Ал адалдықтың туы жоғары көтерілген кезде арамдықтың құты өзінен-өзі қашатындығы түсінікті. 1938-1951 жылдары Қазақстан Үкіметін басқарған Нұртас Оңдасынов: “Ешкімнің, ешқашан жаны мен қаны мойнымда жоқ – арым таза, ешкімнен, ешқашан пара алған емеспін – қолым таза, ешкімді, ешқашан жүзге, руға бөлген емеспін – жүзім таза”, – депті. Міне, осы үш ауыз сөз қазіргі Қазақстанның ұраны болуы керек.
– Жемқорлық барлық саланы жегіқұрттай жеген. Оған ешкімнің қарсы айтар уәжі бола қоймас. Небір қызметті тізгіндегендер ұсталып жатыр. Халықтың қамын емес, малын жегендер, түйені түгімен жұтқандар қаншама? Қазіргі жемқор атанып жатқандардың барлығы күнәсіз бала, аңғал студент болды ғой. Біреудің ала жібін аттаудың, несібесін иеленудің жақсылыққа апармайтынын білмеді емес, білді. Неге қазақтың қыз-жігіттерінің көбі қолдарына “қамшы”, жақсы орынтақ тиген кездері тайқып кете береді? Бұған кінәлі отбасы ма, қоғам ба?
– Әлфараби МЫҢБАЙ:
– Абай атамыз: “Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан”, – дейді. Санасы жемқорлық деген жат ұғымнан таза ұрпақты тәрбиелеуде мектептің, мұғалімнің атқаратын рөлі орасан. Мектептерде түрлі мереке қарсаңында немесе мұғалімнің туған күніне орай сыйлық ұсыну “дәстүрі” әлі де болсын бар. Мұндай кездері ата-аналар комитеті ақша жинап, мұғалімге гүлмен қоса, бағалы зат сыйлап жатады. Бірде танысымның үйінде қонақта отырғанымда, бір оқушысының анасы қоңырау шалып, “Балам математикадан үш деген баға алып қалыпты. Көңіл күйі жоқ. Жөндеп берсеңіз жақсы болушы еді. Еңбегіңізді жемеймін. Көлігіңіз жаңа ғой. Қазақы оюмен көмкерілген жапқыш алып берейін бе?” – дегенін естіп қалдым. Демек, сыйлық алуға итермелейтін әрекет ата-аналар тарапынан болғаны ғой. Сондай-ақ кейбір ата-аналардың өз баласына көңіл бөліп жүрсін деген ниетпен жеке сый-сияпат жасайтыны да өтірік емес. Осындайда Ахмет Байтұрсынұлының “Алушы да, беруші де өзіне жағымды жағын іздейді”, – деген сөзі тілге оралады. Алайда алмай да, бермей де, Шәкәрім бабамыздың “Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл”, – деген өсиетін өмір сүру қағидасына айналдыру қиын ба?! Абай атамыз “адамның адам болуына жақсы орта” әсер етеді дейді. Орта дегені қоғам ғой. Шындап келгенде, қазақ қоғамының болашағы – құқықтық санасының қалай қалыптасуымен тікелей байланысты. Өйткені құқықтық мәдениетті, сананы қалыптастырған ел ғана өркениетті мемлекеттер қатарынан орын ала алады. Заңды сыйламайтын қоғамның болашағы да бұлыңғыр. Елде тамырын жайған індетті қара күш, жұдырық пен жағымпаздықпен емес, заңмен шешуге баса назар аудару керек деп ойлаймын.
Қазақтың ұлт жолында азап шегіп, атылып кеткен ардақтыларының ғұмырына үңілсек, олардың барлығына “жапон шпиондары” деген айып тағылған. Ол бекер емес екен. Жуырда Шарафат Жылқыбаева есімді жапонтанушының кітабын оқып шықтым. “Жапон танымында жемқорлық лас іс және іріп-шіруді білдіреді. …Жапон қоғамында “өзім үшін емес, ұжым үшін, барша жапон қоғамы үшін еңбек ету” деген түсінік бар. …Жапонияда кез келген мекемеде басшы ұжымды басқара отырып, қарамағындағы адамдармен тең дәрежеде әрекет етеді. Мәселен, тазалық күнінде өзге қызметкерлермен бірге кеңсе ауласын тазалайды. Бұны беделдің төмендеуі деп санамайды. …Жапонияда шенеуніктердің жеке бизнеспен айналысуына тыйым салынған. Бұндай заң талай елде бар, әрине. Бірақ Жапонияда заңға бәрі бағынады. Жақсы тұрмыс үшін жасырынып, “сауда жасап” жүрген шенеунікті таппайсыз. Өйткені үкімет белгілеген жалақы қалыпты өмір сүру үшін жеткілікті саналады”, – дейді автор. Біздің елімізге де жемқорлықпен күресте Жапонияның тәжірибесіне сүйенген жөн деп білемін.
Нұрлан ЖАХИН:
ЭЫДҰ (ОЭСР) стандарттарына сәйкес, мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары айқындық, әдептілік және сатылмаушылық болып табылады. Біздің елімізде бір жағынан игі бастамалар жасалып жатса, бір жағынан ар-ұяттан безген мемлекеттік қызметшілеріміз атқарылған, ауқымды істерді жоққа шығаруда. Осыдан кейін, әрине, халық мемлекеттік органдарға көзқарастарын өзгертеді. Азаматтардың билік органдарына деген сенімін арттыру үшін адал, лайықты мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа қабылдау керек. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті меңгеруі үшін үздіксіз оқытып отыру қажет. Мысалы, өз басым Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында жүйелі түрде біліктілігін арттыруға келген немесе енді ғана қызметке орналасқан өңіріміздің мемлекеттік қызметшілеріне адалдық, парасаттылық бойынша дәрістер оқып тұрамын.
Жас мемлекеттік қызметшілерді жемқорлық қылмысына итермелейтін күштердің бірі – әрине, экономикалық проблема. Яғни көптеген мемлекеттік органдарда еңбекақылар бүгінгі заман талаптарына сай емес деуге болады. Бұл ретте қызметшілердің өздерін ынталандыру қажет. Әркімнің үлесін дербестендіру қағидаты бойынша еңбекке бәсекелі ақы төлеу мен әлеуметтік пакетті қамтамасыз етудің маңызы зор. Яғни мемлекеттік аппарат өкілдеріне сыбайлас жемқорлық қылмысын жасау материалдық жағынан тиімсіз болуы тиіс. Қазіргі таңда өздеріңізге мәлім, жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін қарастырылған жауапкершілік жүгі ауыр. Тұжырымдаманың үшінші бөлігінде “Жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жетілдіру” көзделген. Шығыстар кірістерден айтарлықтай асып кеткен кезде негізсіз баю үшін жауапкершілікті енгізу осындай құралдардың бірі болады. Сонымен қатар цифрландыру мәселесі. Мемлекеттік басқарудың ашықтығын, жариялылығын және айқындығын айтарлықтай арттыруға, сыбайлас жемқорлық сипатындағы байланыстарды, схемалар мен қатынастарды анықтауға, құқық қорғау органдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметін оңтайландыруға және жемқорлардың мүмкіндіктерін шектеу үшін цифрлық технологияларды пайдалану негізгі мемлекеттік міндеттердің біріне айналуы тиіс. Бұл жұмыстар жедел орындалса, қоғам өзгереді. Өзгерген, ашық қоғам адамның парасаттылық деңгейінің артуына сеп болмай ма?
Күлімкөз СМАИЛОВА:
– Қоғамда “жеңіл табыс” деген ұғым бар. Бұл барлық салада қалыптасқан. Санаға сіңіп кеткені соншалық, қазір адамдардың көбі “ауырдың үстімен, жеңілдің астымен” жүріп нан тапқысы келеді. Жеңіл табыстың жолын көрген бала соған қарай жүгіреді. Сол себепті елдегі идеологиялық жұмыстарды күшейту керек. Бұрнағы жылы қолға алынған “Адалдық алаңы” жобасы осы олқылықтың орнын толтырады деген сеніміміз мол. Себебі жаңа жобада, ең бірінші, тәрбие құралын жетілдіруге үлкен мән берілген.
Отбасында арлы, намысты ата-анадан тәрбие алмаған баланың көкірегі соқыр болады. Өзім педагогпын ғой. Балалармен жиі әңгіме-дүкен құрамын. Олардың рухын оятуға тырысамын. Ол үшін арлы ата-бабаларымыздың жан-қиярлық жолын үлгі ету керек деп ойлаймын. Сол кезде бала санасының саңылауы ашылады.
– Нұрлан Серікұлы, жемқорлықты жою бағытында былтыр агенттік тарапынан қандай жұмыстар атқарылды? Сол жайында айтып өтсеңіз?
Нұрлан ЖАХИН:
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның қызметі толықтай трансформацияланды. Бұдан былай сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бірінші орынға қойылған. Яғни жемқорлықтың салдарымен емес, оларды тудырушы себептерді анықтап, жоюға ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы агенттік алғаш рет АӨК субсидиялау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне кешенді талдау жүргізді. Бізде бұрыннан сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау механизмі болған. Екеуі де жалпы алғанда бір іс. Кешенді дегенде біз тек бір мемлекеттік органды ғана емес, жалпы саланы талдаймыз.
“Жер малды, мал елді асырайды” деген сөз бар ғой. Ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады. Сондықтан саланың арнайы талдануы бекерден-бекер емес. Мемлекет аталған бағытта елеулі қолдау шараларын қабылдауда, жыл сайын субсидиялар түрінде көп миллиардтық қаражат бөлінеді, тек соңғы 5 жылда 2 трлн. теңгеден астам қаражат бөлінді, оның 190 млн.-нан астамы тек біздің өңірімізге тиесілі. Талдау нәтижесі бойынша өңірімізде 47 ұсыным әзірленіп, 23-і қорытынды анықтамаға енді. 2021 жылы 90 қылмыс тіркелді, оның 83-і сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша. Мемлекеттік органдардың 12 басшысы әшкереленді. Оның ішінде 4 облыстық және 8 қалалық-аудандық деңгейдегі. Белгіленген шығын сомасы 419,9 млн. теңгені құрады, оның 99 пайыз өтелді. 2021 жылы 29 адам сотталды, оның ішінде: 7 – бас бостандығынан айыру, 1 – бас бостандығын шектеу, 21 – айыппұл (айыппұлдардың жалпы сомасы 161 млн. теңге). Өздеріңіз білетіндей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жұмыстың пәрменді тетіктерінің бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу болып табылады.
Қазақстанда азаматтарды көтермелеудің жаңа сараланған жүйесі жұмыс істейді. Бұрын бұл қылмыс санатына байланысты жүзеге асырылған. Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адам пара немесе залал сомасына қарай осы соманың 10 пайызына ие болады. Бұл ретте ең жоғары сыйақы 4000 АЕК-ке дейін. Осылайша департамент есепті жылы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін жалпы сомасы 1166800 теңге көлемінде 6 адамды марапаттады. Біздің облысымыз сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейі бойынша елімізде көш бастап тұр. Сауалнамаға қатысқан солтүстікқазақстандықтардың тек 1,9 пайызы ғана сыбайлас жемқорлықтың таралғанын атап өтті. Көпшілігі сыбайлас жемқорлықты мүлдем жоққа шығарды. Әрине, бұл нақты жағдайдың көрсеткіші емес. Дегенмен, қуантарлық жайт.
– Күлімкөз Қайырбайқызы, сіз жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру бағытында бірталай жұмыс жасап жүрсіз ғой. Жалпы өрендердің бойынан осынау жаман әдетті аулақтату үшін қандай жұмыстар атқарылуы керек деп ойлайсыз?
Күлімкөз СМАИЛОВА:
– “Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы” деген сөз дөп айтылған ғой. Жоғарыда пара алатындардың дені көзі ашық, оқыған адамдар деп айттық. Алайда одан қандай пайда, егер де көкірегі ояу болмаса?! Бізге рухы мықты жастарды тәрбиелеу керек. Ол үшін тарихымызға үңілу маңызды. Қазақтың сайын даласынан небір намысты тұлғалар шыққан ғой. Оларды елді сақтау, жерді қорғау жолында батыл рух қана жігерлендірді. Қазіргі оқушыларға пікірлесу, өзара әңгімелесу жетіспейді. Әр баланың жүрек түкпірінде патриоттық сезім, намыс, бір сөзбен айтқанда, қазақтың ұлттық коды жасырынып жатыр. Соны олардың мінез-әдептеріне айналдыра білуіміз маңызды.
“Дөңгелек үстелді” жүргізген
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.