«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Солақай саясат құрбандары

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздік жылдары тарих жыл­на­масына “ақтаңдақ” деген атпен өш­пес­тей жазылып қалған трагедиялық кезеңдерге қатысты ауқымды жұмыс­тар атқарылып, әділеттік біршама қал­пына келтірілгенімен, архив сөреле­рінде қозғаусыз жатқан көптеген де­рек­тер ғылыми айналымға түсе қой­ған жоқ. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ға­сырдың 30-шы жылдары аралығын­да Қазақстан аумағында 370-тен астам көтерілістің тұтануына негізінен сол кездегі билік жүйесінің қате саяса­тынан туындаған ашаршылық пен ұжымдастыру және саяси қуғын-сүргін ауыртпалықтары себеп болған. Теңіздей толқуларды ұйымдасты­ру­шыларды былай қояйық, сол оқиға­ларға жол-жөнекей қосылған қара­пайым адамдардың өздері көген­делген қозыдай “қылмыскерлердің” санатына ілігіп кетті. Осыған орай кездескен көлдей қиындықтардың бірі бағалы құжаттардың әлі де құпия күйде қалуына, ресми рұқсаттың берілмеуіне келіп тіреледі.

Зұлмат жылдарда елімізге КСРО-ның түкпір-түкпірінен 5 миллионнан астам адам­ның жер аударылғанын, 100 мыңға жуығы қуғын-сүргінге ұшы­рап, 20 мың­нан астамы атылғанын есептесек, олардың толық тізбесін, оның ішінде іс жүзінде ақталмаған құрбандардың санын айқындау оңай емес. Мәселен, жұртты қынадай қыр­ған ашаршылық сол кездегі бір шаңы­рақ астында өмір сүрген халықтар­дың ортақ трагедия­сы, гуманитарлық қасіреті екенін ес­керсек, шетелдегі ар­хивтердің құл­пын ашу күрделене тү­се­рі анық. Сон­дықтан “жабық” тақы­рыптарды сая­силандырмай, ғылыми тұрғыдан зер­делеудің мәні айрықша. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақала­сында: “Та­рихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты бастан өт­кереді. Біздің бабаларымыз “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны”, аталарымыз ала­пат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дү­ниежүзілік соғысты көрді. Тоталитар­лық кезеңде ұлттық құндылықтары­мыздан, тілімізден, діліміз бен дініміз­ден айрылып қала жаздадық. Оның бә­рі Тәуелсіздіктің арқасында хал­қымызға қайта орал­ды. Тарихымыз сан мың жылдан та­мыр тартатынын айғақтайтын жаңа­лық­тар ашылды. Бағдарлама аясын­дағы ең­бектер том-том болып жа­рыққа шық­ты. Дегенмен сол қажырлы еңбектің жемісін көпшілік көріп отыр ма? Зерт­теу жобаларының біразы ғылы­ми инс­титуттар мен орталықтар­дың аясын­да ғана қалып қойған жоқ па?”, – дей келіп, саяси қуғын-сүргін құр­банда­рын толық ақтау жөніндегі мемлекет­тік комиссия құру туралы тапсырма берген болатын. Оған Мем­лекет бас­шысының 2020 жылы жарық көрген Жарлығы қозғау салғанды.

Мемлекеттік комиссияға саяси қу­ғын-сүргін және заңсыз қудалау құр­бан­дарына қатысты тарихи әділдікті орнықтыру жұмысын аяқтау, толық жә­не саяси ақтау үшін заң жобаларын және өзге де актілерді әзірлеу міндеті жүктелді.

Біздің өңірде нәубеттің құрбанда­рын мәңгі есте қалдырудың мемле­кет­тік деңгейдегі іс-шаралары лайық­ты жүзеге асырылып келеді. Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыме­тов­тің төрағалығымен және топ же­тек­шілерінің, қоғам белсенді­лерінің қатысуымен өткен Саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын толық ақтау жөнін­дегі өңірлік комиссиясының кезекті отырысында атқарылған жұмыс нәти­желері баян­да­лып, ұсынымдар әзір­ленді. Ғани Сақтағанұлы кіріспе сө­зін­де жас буын­ға тарихты дұрыс тү­сіндірудің, ал жергілікті комиссия өзіне жүктел­ген міндеттер деңгейінде талдама­лық материалдар жинақтау­дың, құр­бан­дардың жерленген жер­ле­рін анық­таудың, арнайы карталар әзір­леу­дің, шетелдік архивтермен ынтымақ­тастық орнатудың маңызды­лы­­ғын атап өтті. Саяси қуғын-сүргінге қатысты барлық ақпараттарды жан-жақты зерделеуді тапсырды. “Жұмыс топтары ұйымдастыру, ақпараттық және талдау шараларын кешенді түр­де жүргізіп, әсіресе арнайы ақтал­маған адамдардың деректеріне ба­рынша назар аударған жөн”, – деді ол.

Жиын барысында өңірлік топ жетекшілері өз бағыттары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нә­тижелері туралы есеп берді. Архив қор­ларындағы материалдарды зерт­теу бойынша жұмысты жандандыру, ұжымдастыру кезеңінде жазықсыз айыпталғандарды, бай, кулактарды, әскери тұтқындарды, депортация­лан­­ған халық өкілдерін ақтау, тағы бас­қа мәселелер аясында өз ойла­рын ортаға салды. Кешенді зерделеу­дің ғылыми-әдістемелік жағына ерек­ше мән беріліп, шығарылатын ғы­лы­ми басылымдар, ұйымдастырылатын іссапарлардың сапалық мазмұны жайлы ұсыныстар айтылды.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбыраева өз сөзін 1939-1945 жылдары фашистік Гер­мания, Финляндия және басқа да Еу­ропа елдерінде болған қазақстандық әскери тұтқындарды ақтау тақыры­бы­на арнаса, “Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы” кафедрасының жетекші­сі, та­рих ғылымдарының кандидаты Люд­ми­ла Гривенная 1917 жылдан 1930 жылдың ортасына дейінгі ша­руалар қозғалысына тоқ­талды. Қуғын-сүргінге ұшыраған діни қызмет­ші­лер мен олардың отбасы мүшелері­нің санын анықтаумен ай­налысатын топтың жетекшісі, тарих ғылымдары­ның кандидаты Зәуре Қартова дәс­түрлі дін өкілдерін іздеу бо­йынша ат­қарылып жатқан жұмыс­тар жайлы ай­тып берді. “Қазақстан та­рихы және әлеу­меттік-гуманитарлық пәндер” ка­федрасының меңгерушісі, тарих ғы­лымдарының кандидаты Нұрболат Әбуов өз баяндамасына облыстағы депортацияланған адамдарға қатыс­ты қуғын-сүргін туралы мұ­рағаттық деректерді арқау етті. Бү­гінге дейін 999 іс өңделіп, 104 адам­ның аты-жөні анықталған. Қоғамдық пайдалы ең­бек­тен жалтарды деген сылтаумен та­лайлар нақақтан-нақақ сотталып кете барған. Тіпті ұжымшар жұмысына қастандық жасады, сай­лауға қатысу­дан бас тартты, еңбек колониясынан қашты, басқа біреудің төлқұжатын пай­даланды деген айып­таулар тағылған. Арнайы қоныс ауда­рушылардың құқы­ғы қатаң шектеліп, жүріп-тұруына ты­йым салынған. Айшат Малсагова де­ген ингуш келін­шегі Арықбалық ауы­лы­нан “қашқаны” үшін 20 жылға сот­талған. Мурат Аль­диев те осынша мер­зімге бас бос­тандығынан айырылып, Воркутлагқа каторгаға айдалған.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік арх­ивінің директоры, тарих ғылым­да­рының кандидаты, Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескерлерді толық заңдық және саяси оңалту жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Сәуле Мәлікова 8597 ақталған, 11862 ақталмаған адам­ның аты-жөні архив құжат­та­рында тіркеулі екенін жеткізді. Олар­дың арасында ірі байлар мен кулак­тар да бар. 200-ден астамы “әйгілі” 58-ші баппен сотталған. Солақай сая­саттың нысанасына іліккендердің 80 пайызға жуығы – ауылдықтар. Көзі тірі куәгерлер жоқтың қасы. Олардың ұрпақтарын табу оңай емес. Құжат­тардың біраз бөлігі ескірген. Кейбірі қолмен жазылған.

Отырысты қорытындылаған Ғани Нығыметов солақай саясаттан қатты жапа шеккен қазақстандықтарға қа­тысты әділеттілікті қалпына келтіру­де­гі ортақ парыз орындалып жатқа­нын, ұйымдастырушылық, ақпарат­тық-түсіндіру және зерттеу бағыттары бойынша көптеген тың мәліметтер ұсынылғанын жеткізді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp