«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАРУАШЫЛЫҚ БАСШЫЛАРЫ ЕСЕП БЕРУІ ТИІС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Жамбыл ауданында болып, тұрғындармен және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілермен кездесті. Жиында «Алисарай» мен «Атамекен Агро» серіктестіктерінің басшылары атқарылған жұмыстары туралы есеп берді.

 «Атамекен-Агро» агроқұрылымының тек Жамбыл ауылдық округіндегі егістік алқабының көлемі 13 мың гектарды құрайды. Серіктестік басшысы Сайлаубай Әубәкіровтің  айтуынша, жұмысшылардың орташа еңбекақысы 173 мың теңгеге жуық. Аз қамтылған отбасыларды жемшөппен тегін қамтамасыз етеді. Өз қызметкерлеріне көмір мен отын береді. Алайда 900-ден астам адам жерлерін шауашылыққа сеніп тапсырғанымен, басым бөлігі әлі күнге өткен жылғы үлесін ала алмай жүр. Тұрғындардың сауалдарына жауап берген серіктестік жетекшісі мәселе жақын арада шешілетініне сендірді.

– Үлескерлерге әр гектар үшін 2 мың теңгеден төленіп келді. Ал биылғы жыл жайлы әзірге ештеңе айта алмаймын, пай егіс алқаптарының өнімділігіне байланысты болады. Мектепті күрделі жөндеуге қаржылай көмек көрсеттік, ескі су желісін  ауыстырдық. Тұрғындарды жемазықпен қамтамасыз етіп, қысқы кезеңде жолдарды күтіп-ұстаймыз. Жұмысшылардың еңбекақысын көтеру жоспарда бар, – деді серіктестік директоры.

Аудандағы ірі кәсіпорынның бірі – «Алисарай» ЖШС-ы былтыр сүт фермасын іске қосып, 25 адамды жұмысқа орналастырған. Медициналық пункт пен кітапхана ғимаратын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар  әзірлеуге қаржы берген.

– Түркиядан жабдықтар жеткізуге шарт жасалды. Мамыр айында Германиядан мал әкелуді жоспарлап отырмыз. Жылына 3100 тоннадан астам сүт өндірілмек. Сондай-ақ мектепті жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама жасап, су тарату жүйесін қалпына келтірмекпіз. Бұл міндеттемелер екі жақты меморандум арқылы бекітілді, – деді серіктестік басшысы Арман Қасымғожин.

Құмар Ақсақалов шаруашылық басшыларына жұмысшылардың жалақыларын жыл сайын өсіріп отыруды тапсырды.

   – Былтыр қандай жұмыстар атқарылды, нендей мәселелер шешілмеді қандай проблемалар қалыптасқан, соның бәрін тұрғындарға ашық айтып, жағдайды түсіндіру керек. Кәсіпкер уәдесін орындады ма, берген сертінде тұрды ма, жұртшылық  атқарылған жұмысты соған қарап бағалайды. Кездесулерді сирек өткізгеннен кейін адамдар хабарсыз болып жатады. Өкінішке қарай, шаруашылықтардың басшылары халықтан қашып жүреді. Жұрт алдында есеп бергілері келмейді. Сондықтан оларды мұндай жиын өткізуге арнайы  шақырып отырмын. Мәселен, өткен жылы қалай жұмыс істедіңіздер, серіктестік қанша пайда тапты соны тұрғындар біле ме? Қиындықтарды айтудан қаймықпау керек, – деді облыс әкімі.

Құмар Іргебайұлы  «Алисарай»  серіктестігі тарапынан орын алған көптеген кемшіліктерді атап өтті. Шаруашылық директоры кітапхана мен медициналық орталыққа жөндеу жұмыстарын жүргізуге уәде берді. Бұдан бөлек, бос тұрған бір ғимаратты қалпына келтіріп, жергілікті әкімдіктің қарауына бермек.

Өңір басшысы 2022 жылдың соңында ауданға тағы келіп, жоғарыда аталған барлық уәделердің орындалуын тексеретінін айтты.

Илья КУДРЯКОВ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp