Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшылығы Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының қабырғасында өңірімізді мекендейтін этнос өкілдерімен кездесіп, мемлекеттік қызметке кадрлық іріктеу мәселелері бойынша “дөңгелек үстел” өткізді.
Жиынға “Jas Otan” жастар қанатының, “Ассамблея жастары” қоғамдық бірлестігінің, қоғамдық даму және ақпарат орталығының Neet санатындағы жастар бастамалары және жастармен жұмыс бөлімінің өкілдері, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен колледж студенттері қатысты.
“Қоғамдық келісім” КММ-ның директоры Динара Оразбаева этникалық орталықтар қызметінің негізгі бағыттары жайлы айтып берді.
Мемлекеттік қызмет істері ведомствосының жетекшісі Елена Степаненко қатысушыларды мемлекеттік қызметке іріктеудің негізгі шарттары туралы хабардар етті. Кадрлық іріктеу жүйесін жетілдіру қажеттігіне, оның нақты қағидаты мерократия бағыты болу керектігіне, мемлекеттік қызмет кез келген қазақстандыққа ашық екендігіне назар аударды.
Қазіргі таңда өңірде мемлекеттік органдарда 22 этнос өкілінен құралған 4 мыңға жуық мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Президенттік жастар кадрлық резервіне жыл сайын іріктеу жүргізіледі. Облыс бойынша 29 жасқа дейінгі 566 жас мемлекеттік қызметке тартылған. Олардың 358-і жергілікті атқарушы, 208-і аумақтық органдарда еңбек етеді. 66-ы – басшылық қызметтерде.
Елена Федоровна “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасына да тоқталып өтті. Ауылдық жерлерді білікті мамандармен қамтамасыз ету мақсатымен мемлекеттік қызметшілерге көтерме жәрдемақы төленеді, тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несиелер беріледі.
Департаменттің бас маманы Гүлнара Сәрсембаева мемлекеттік қызметке кірудің негізгі кезеңдері жөнінде айтты.
Грузин этномәдени бірлестігінің өкілі Харбедия Омари мемлекеттік қызмет ең тұрақты және сұранысқа ие екенін, оқу орындарының болашақ түлектері үшін өз білімдерін, қарым-қабілетін сынап көруге жан-жақты мүмкіндіктер жасалғанын жеткізді.
“Департаменттің жастарды мемлекеттік қызметке тарту бойынша оқу орындары мен ұйымдарда атқарып жатқан түсіндіру жұмыстары қолдауға тұрарлық. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының бөлімшесімен бірлескен шаралар этнос өкілдерінің мемлекеттік қызметті таңдауына ықпал етері анық”, – деді Харбедия Амианович.
Махаббат САМРАТ,
облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы – баспасөз хатшысы.