Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Айдын Қабдұлдинов өңірдің барлық аумақтық полиция бөліністерінде көшпелі кездесулер өткізді. Ол Есіл, Айыртау, Тимирязев, Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың полиция бөлімдерінің жеке құрамымен кездесті. Бұған дейін мұндай кездесулер барлық қалалық және сегіз аудандық полиция бөліністерінде ұйымдастырылған болатын.
Шара барысында Айдын Қабдұлдинов полиция бөлімдерінің жабдықталуымен танысып, жеке құраммен жиын өткізді. Азаматтарды жеке қабылдау да жүргізілді. Тұрғындар ведомство бастығына автокөлікті қайта жабдықтау және тіркеу мәселелері бойынша жүгініп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты сауалдар қойды, аудандық полицейлердің жұмысы туралы жағымды пікірлер білдірді. Барлық мәселелер назарға алынып, бір бөлігі бақылауға қойылды.
Жеке құраммен кездесу кезінде Айдын Қабдұлдинов заңдылық пен тәртіпті қатаң сақтау қажеттігін атап өтті. Полиция бөлімдері басшыларының алдында қарамағындағы қызметкерлердің қызмет өткеру жағдайын жеке бақылау міндеті қойылды. Облыстың бас полицейі жеке құрамды ашықтық пен айқындылық қағидаларын ұстанып, сервистік полиция жұмысын жүзеге асыру бағытын жалғастыруға бағдарлады.
Сән ЖҰМАҒАЗИНА,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы.