Оқушылар сарайында өткен “Білім мен ізгіліктің ордасына – 10 жыл” республикалық конференция білім беру саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының мерейтойына арналды. Іс-шараға Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық ғылым академиясының президенті Ғани Бейсембаев, білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков, білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Айнагүл Сұрағанова, педагогикалық еңбек ардагерлері, мектеп және колледж директорлары қатысты.
Облыстық білім беру саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры Роза Саркен өз сөзінде мекеменің “Үздік әдістемелік құрал”, “Біздің Тәуелсіздігіміз – менің жетістігім” бейнероликтер конкурсына қатысқанын, әдіскерлерге арналған конкурстар өткізгенін, “Қазақстан Республикасындағы білім беруді реформалаудың қазіргі жағдайындағы облыстың әдістемелік қызметінің трансформациясы” атты жергілікті педагогтар мен әдіскерлерінің мақалалар жинағы құрастырылғанын атап өтті.
Жиында білім беруді реформалаудың заманауи жағдайындағы әдістемелік қызметін жаңғырту мәселелері талқыланып, қауымдастық мүшелері өз тәжірибелерімен бөлісті.
“Бірлестік” (педагогтың кәсіби өсуі), “Ұрпақ Next” (жаңа ұрпақ – жаңа қозғалыс), “Әр бала – бір жұлдыз” (мектепке дейінгі білім беру), “PEDAGOGICAL WORKSHOP” (үштілді оқыту), “Білім сараптамасы” (талдау және мониторинг), “Қолдау”(инклюзивті білім беру), “Зияткер” (дарынды балалар, талантты жастар), “Цифрлық жас педагог “(студенттерді білім беру платформаларында оқыту), “Смарт әліппе”, “Желілік бейне өндіріс”, “Тестілеу талдауын жинақтау жүйесі” авторлық жобалар ұсынылып, көрмелер ұйымдастырылды.
Конференция соңында облыстық конкурстар мен олимпиадалардың жеңімпаздары марапатталды.
Облыстық білім беру саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының ұжымына 1 млн. теңгенің сертификаты, өскелең ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін бір топ қызметкерге “М.Жұмабаев” төсбелгісі, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының Құрмет грамотасы табыс етілді.
Әсел ОРАЗБАЕВА,
облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.