«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАЗАҚТАЙ ХАЛЫҚҚА ЖОЛЫҚТЫРҒАН ТАҒДЫРҒА РАҚМЕТ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қазақстанның үздік кітапханашысы” атанған жерлесіміз, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны Николай Вербовский көктемнің алғашқы күнімен орайлас келетін 1 наурыз – Алғыс айту күнін жерлестеріне қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудың айшықты мерекесі ретінде талмай насихаттап, қазақ халқына шынайы құрмет көрсетудің орайлы сәті екенін айтудан әсте жалыққан емес. Екеуара әңгімеміз ұрпақтар арасындағы дәстүр сабақтастығы, отансүйгіштік, еңбекқорлық, патриотизм, толеранттылық сияқты құнды қасиеттер төңірегінде өрбіді.

– Николай Юрьевич, 2016 жылы елімізде Алғыс айту мерекесі пайда болды. Содан бері бір шаңырақ астында тұратын түрлі этнос өкілдерін топтастыратын, ортақ мақсатқа жұмылдыратын мейрам ретінде тойланып келеді. Десек те, бізде айтулы даталар, мемлекеттік мейрамдар онсыз да көп, жылдың арнайы бір күнінде рақмет айту не үшін керек деген пікірлерді де естіп қаламыз. Осы пікірге қатысты не айтасыз?

– Жаhандану кеңістігіне жіпсіз байланған адамдар материалдық игіліктерге көбірек ұмтылып, рухани құндылықтарымыз құлдырап бара жатқан жолайрық тұста жақсылыққа жетелейтін, жамандықтан сақтандыратын имани дүниелердің орны үңірейіп қалғандай көрінеді, оған деген зәрулік сезіледі. Сондықтан танымдық мәні мол оқиғалардың орнығуы, күнделікті өмір салтымызға кірігуі еш артықтық етпейді. Қаhарлы қыс қыспағынан құтылып, жаймашуақ көктемнің алғашқы күнінен бастап жан жадыратар жылы леп бойымызды да, ойымызды да жаңартып, достық пен бірліктің бастауына айналып жатса, қандай ғанибет!? Жалпы осы іспеттес мерекелер әлемдік тәжірибеде бар.

Кейбіреулер әлі күнге дейін Алғыс айту күнінің мән-маңызын жете ұғынбай, жеңіл-желпі қарайтын секілді. Бұл мереке көпұлтты халқымыздың тарихы мен тағдырын, тұтастығы мен бірлігін бейнелейді десем, келісетін шығарсыз? Адамның басына бермес небір қуғын-сүргін уақытта туған жерінен еріксіз қудаланып, амалсыз босып кету – ең қайғылы сәт. Ал осындай қиын-қыстау күндері қазақ халқын кездестіруі – тағдырдың ең баға жетпес сыйы.

– Сөзіңізді жалғайын, қазақ халқы кешегі қилы кезеңдерде тағдырдың жазуымен табыстырған өзге этнос өкілдерін құшақ жая қарсы алып, бауырына басты. Бір үзім нанды, жарты құртты бөлісіп жеп, кеңпейілділігі мен қонақжайлығын көрсетті. Столыпин реформасы тұсында 1,1 млн.-ға жуық “қарашекпенді” қоныстанған. 1930 жылдары 250 мың адам жер аударылып, 1,2 млн. адам өнеркәсіп нысандарын тұрғызуға келген. Сталиндік режім кезіндегі әр жылдары 800 мыңға жуық немісті, 102 мың полякты, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдерін, 18,5 мың кәрісті қазақ отбасылары қабылдаған, паналатқан. Айтпағым, “аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейтінін” аға ұрпақ біледі, ал кейінгі буын қадір-қасиетін бағалап жүр ме?

– Қазақ халқының қиналғандарға қамқорлығын аямаған, жақсылығын сатпаған, барға қанағат, жоққа салауат айтатын мәрт, текті ұлт екенін үлкендердің аузынан талай рет естігенбіз. Бүгінгі күні зұлмат жылдардың зардабын шеккен көнекөз, құйма құлақ қариялар, тірі куәгерлер қатары мүлдем сиреді. Осы себепті ел тарихы туралы ақпараттарды архивтерден, оқулықтардан іздестіріп, ұсынуға тура келеді. Елімізде тұратын түрлі этнос өкілдерінің кешегі қуғын-сүргінді көрген, бастан кешірген, жүректеріне өшпес дақ салған ұрпақтарына қатысты деректерді үзбей айтып отыруға тырысамыз. Осы арқылы әр жастың бойына адамгершілік ізгі қасиеттерді ұялату – сауапты іс. Өйткені олар аталары мен әжелері сияқты қиындықтарды көрмегендіктен, сене бермеуі, тіпті ертегідей қабылдауы мүмкін. Мамандығым кітапханашы болғандықтан, осы мәселеге қатысты ауқымды шаралардың әркез бел ортасында жүремін.

– Нақты мысалдар келтіре кетсеңіз.

– Алғыс айту күніне арнап ауыл тұрғындары өз ойларын жазды. Урожайное орта мектебінің 10-сынып оқушысы осы тақырыпқа арнаған эссесінде былай дейді: “Қазақ халқына деген терең сүйіспеншілік отбасылық әңгімелер арқылы менің кішкентай жүрегімде орныққан, санамда жатталған. Қырымнан Қазақстанның солтүстігіне еріксіз жер аударылған әжем жергілікті қазақтардың көмегінің арқасында, көрер жарығы бар екен, аман қалған. Осындай қайырымды жандар кездеспегенде арғы тағдыры не болары белгісіз еді. Әскери комендатураның түрлі тыйымдарына қарамастан аурудан, аштан бұратылған жандардың аузына тамақ, су тосып, жылы киімдер берген. Байырғы халықтың ішкі жан дүниесінің тазалығы, кеңдігі мені қатты таңғалдырады”. Міне, бүгінгі бақытты ұрпақтың кіршіксіз жан сыры бұл!

Еңбек ардагері Эмиль Кригердің естелігін де толқымай оқу мүмкін емес. КСРО Жоғарғы кеңесінің төралқасы 1941 жылы 28 тамызда Еділ бойындағы немістердің автономиялық республикасын таратып, өздерін депортациялау туралы шешім қабылдаған. Сол жылы басқа аумақтарға жер аударылған. Бір бөлігін Қазақстанға, оның ішінде Қызылжар өңіріне әкелген. Әке-шешесі қашан көздері жұмылғанша қазақ халқына ризашылықтарын білдіріп өткен.

Ұлты поляк Мария Яковуктың атасы отбасымен Украинадан жер аударылған. Кейін жалған айыппен тұтқындалып, ату жазасына кесілген. Әкесі Петропавлда арнайы есепке алынған. Көпбалалы отбасы төбесі сабанмен жабылған жертөледе тұрған. Мүсәпір жандарға қазақтар жәрдемдесіп, үйлеріне паналатқан. Қолындағысын үлестіріп, аузындағысын жырып берген. “Педагогикалық институтты бітіргеннен кейін бұрынғы Келлеровка ауданына мұғалім болып орналастым. Математика пәнінің мұғалімі, мектеп директорының орынбасары қызметтерін атқардым. 2006 жылы зейнетке шықтым. Ешнәрсеге алаңдамаймын. Қазақстан менің немерелерімнің – жалғыз Отаны”, – деп жазды Мария Иосифовна.

А.Парафейник деген әріптесім бар, Тоқсан би ауылында кітапханашы болып еңбек етеді. Оның әкесі Николай Степанович 1957 жылы 18 жасында қазақ даласына келіп, еңбек жолын механизаторлықтан бастаған. Анасы Мария Иосифовна училищені бітіргеннен кейін бір топ студентпен бірге тың жерлерді игеруге жіберілген. Марияның соңынан әкесі, соғыс ардагері Иосиф Францевич, оның 6 баласы да жеткен. Қазақстан десе, әріптесімнің шығарға жаны бөлек. Қазақ жерінде орнаған тыныштықтың, бірліктің мәңгілік болғанын тілейді. Әр азаматтың бойында осындай түсінік, құрмет болса ғой деп ойлаймын.

Мен өзім осы тамаша өлкеде дүниеге келдім. Әр кездесулерде “Қазақстан – менің атамекенім, ата-әкелерімнің жері”, – деп үнемі айтып отырамын. Санап отырсам, төртінші буын өкілі екенмін. Қазақтай халыққа жолықтырған тағдырға мың да бір рақмет.

– Шағын ғана Володар ауылында кітапханашы бола жүріп, атыңыз түгел елге танылды. Атап айтсақ, “Домбыра керуені – 2021” облыстық конкурсында гран-при, “Ұлы дала мұрасы – 2021” облыстық байқауынан бірінші орын алдыңыз, “Қазақстанның үздік жас кітапханашысы” атағының, “Қазақстанның құрметті кітапханашысы” төсбелгісінің иегерісіз. Осының бәрінің бастауында өзіңіз басқаратын ұлттық бағыттағы “Ұлытау” этномәдени бірлестігі тұрған сияқты. Осы ұйым туралы айта кетіңізші.

– “Ұлытау” этномәдени бірлестігі 14 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында аудандық, облыстық көркемөнерпаздар фестивальдары мен байқаулардың тұрақты қатысушысы және жеңімпазы ретінде танымалмыз. “Жұмыр қылыш”, “Адай”, “Достық керуені”, тағы басқа вокальдық-хореографиялық қойылымдар қойып, ұлттық костюмдер коллекциясын жасадық. Жұртшылық осылар арқылы бізді жақсы таниды. Бұдан бөлек, бірлестік мүшелері “Этно-Fashion” ұлттық костюмдердің конкурсына, “Песня без границ” халықаралық фестиваліне, “Бірлік-Единство” секілді ірі өңірлік жобаға, “Рухани жаңғыру: ұлт келбеті – жалынды жастар” республикалық съезіне, “Рухани қазына” атты мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің бірінші республикалық фестиваліне қатысты.

– Жеке жетістіктеріңізге тоқтала кетсеңіз.

– Бес жылда түрлі басылымдарда жүзге жуық мақалаларым басылды. Сондай-ақ “Солтүстік Қазақстан облысының ақындары” және “Жақсылық пен сұлулық поэзиясы” атты студенттерге арналған топтамаға екі оқу-әдістемелік еңбегім енді. Былтыр шыққан “Мен ақынмын және патриотпын” авторлық жинағыма Қазақстан халқының бірлігі мен ұлтаралық келісім, этностардың тарихи тағдыры және қоғамның этникалық шоғырлануы тақырыбы арқау етілген. Онда білікті де адал мамандар, қайырымды да мейірімді жандар, олардың өмірінің ауылмен, қазіргі озық технологиялармен байланыстылығына мысалдар келтірілген. Менің шығармашылық қызметім “Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі” қағидатымен тығыз үндес.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Әңгімелескен

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp