“Қазіргі заманғы техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту: тәжірибе мен үрдістерді талдау” деген тақырыппен өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференция жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің 90 жылдық мерейтойына арналды. Жиынға Ресей мен Қазақстан білім беру саласының қызметкерлері, “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы мен құрылысшылар қауымдастығының өкілдері, жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысып, техникалық және кәсіптік мамандар даярлауда жинақталған тәжірибені тарату, білім беру процесін ұйымдастыру, озық жаңа технологияларды енгізу, ұзақмерзімді әріптестік қатынастар орнату мәселелері талқыланды.
Конференцияны жүргізген құрылыс-экономикалық колледжінің директоры Ағыбай Көшімбаев арнаулы оқу орнының тарихы 1932 жылдан басталатынын, қазір 1200 студент білім алатынын жеткізді. “Жас маман” республикалық бағдарламасы арқылы 320 млн. теңге бөлініп, материалдық-техникалық база нығайтылып, гидравликалық зертхана, дәнекерлеуші үстелдер, виртуалды оқыту кешендері сатып алынған.
Конференцияға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов білім ошағында экономика саласына қажетті білікті мамандар даярланатынын, өңірдің дамуына үлкен үлес қосып келе жатқанын айта келіп, ұжымға 2 млн. теңгенің сертификатын табыстады. Экономика ғылымдарының докторы Анатолий Башмаков, облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков, облыстық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Владимир Литвиненко, сондай-ақ онлайн байланысқа шыққан ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры Александр Викторенко, колледждің 90 жылдығына байланысты жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Конференция “Академиялық дербестік, кредиттік-модульді оқытуға көшу, дуальды оқыту нысаны және WSK қозғалысын дамыту”, “Академиялық дербестік шеңберінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу: практикалық тәжірибе” секциялық отырыстарында жалғасты.
Конференция аясында Ресейдің Днепышмин механикалық-технологиялық техникумы мен жоғары құрылыс-экономикалық колледжі арасында ынтымақтастық және бірлескен қызмет туралы меморандумға қол қойылды. Колледждің бір топ ұстазына облыс әкімінің, салалық ведомстволардың, кәсіподақтың Құрмет грамоталары табысталды.
Жазира АСАЙЫНОВА,
жоғары құрылыс-экономикалық колледжі директорының орынбасары.