Өз басын қатерге тіге отырып, өзгенің өміріне араша түсетін мамандықтар санаулы, ішіндегі ең асылы әрі абыройлысы – дәрігер. Бойында өз ісіне деген сүйіспеншілік, ал жүрегінде мейірім жоқ жанның бұл мамандықты алып жүруі неғайбыл. Облыстық көпбейінді аурухананың терапевт дәрігері Ботагөз Сүлейменованың денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүргеніне 40 жылға жуықтады. Соңғы екі жыл күн-түн демей әлемді шарпыған коронавирустық инфекциямен күресуде. Дертіне шипа іздеген талай жанның аяғынан тұрып кетуіне себепші болған, алғысына бөленіп жүрген білікті маманмен Халықаралық әйелдер күні қарсаңында сұхбаттасудың сәті түсті.
– Ботагөз Мағжанқызы, мерекеңіз құтты болсын! Ел арасында дәрігер болу үшін жүректің батырлығы қажет деп жатады. Сіздің бұл салаға келуіңізге не түрткі болды?
– Бала кезімде дәрігер болуды армандаған емеспін. Арманым – саяхатшы болу еді. Үлкен кемемен әлемді аралағым келетін. Медицинаны ойда жоқта таңдадым десе де болады. Басты себепші – анам. Бірде қатты науқастанып қалды. Мен жанында отырып, қолымнан келгенше көмектесіп бақтым. Сол сәтте айтқан: “Медучилищеге түскенің дұрыс, мені емдейсің”, – деген бір ауыз сөзін аманат деп қабылдадым.
Петропавл қаласында туып-өстім. 1975 жылы медициналық училищеге қабылдандым. Оны қызыл дипломмен тамамдап, білімімді әрі қарай жетілдіру мақсатымен Целиноград мемлекеттік медициналық институтына оқуға түстім. Жоғары оқу орнын 1984 жылы аяқтап, еңбек жолымды ауылда педиатр болып бастадым.
Бұл салада жүргеніме биыл 38 жыл болады екен. Медицина – менің өмірімнің ажырамас үлкен бір бөлшегіне айналды. Бұл мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін.
– Дәрігерлік жұмыстың ең қиын тұсы қайсы?
– Дәрігер мамандығы асқан жауапкершілікті, темірдей төзімділікті қажет етеді. Ең өкініштісі әрі қиыны – сен жаныңды салып сырқатты емдегеніңмен, аман алып қала алмауың. Бұдан ауыр жағдай жоқ. Ал қолданған емің науқасқа қонып, беті бері қарағанда сенен асқан бақытты адам болмайды.
Тағы бір қуанышты сәт – емделушілердің ауруханадан шығып бара жатқандағы бір ауыз алғысы. Шынайы ризашылықты ешқандай байлықпен өлшеуге келмейді. Еңбектің жемісті болуы ұжымға да байланысты ғой.
– Әйел адамды нәзік жанды деп бекер айтпаған ғой. Қанша жерден батыр болғымыз келсе де жүрегіміз нәзік. Тез ренжиміз, жылап та аламыз. Сіздің жұмыста көзіңізге жас алатын кездеріңіз бола ма?
– Әрине. 2020 жыл біз үшін, жалпы адамзат баласы үшін өте қиын кезең болды ғой. Бұрын естіп-білмеген коронавирус індетімен бетпе-бет келдік. Бейнелеп айтқанда, білмейтін жау. Емдеу протоколдары болған жоқ, қалай емдейтінімізді, қандай дәрі беру қажеттігін білмедік. Ешкім білмеді. Ал сен дәрігер болған соң жаны алқымына келіп қысылып жатқан жандарға көмектесуің қажет. Өте қиын жағдай. Шарасыздықтан талай жыладық. Сырқаттардың туыстары да қайта-қайта қоңырау соғады, жалынады, ұрсысады. Соның бәрі жүйкеге әсер етеді, шаршатады.
– Дәрігердің емінен бұрын науқастарды қолдап айтқан бір ауыз жылы сөзі шипа деп жатады. Демек, сіздер өз салаларыңыздан бөлек, психолог болуларыңыз қажет шығар?
– Адамдармен жұмыс істеу оңай емес. Түрлі мінезділері кездеседі. Сондықтан психолог болуға міндеттісің. Сырқаттардың аурулары да бірдей болмайды ғой, кейбіріне тезірек тәуір болып кету үшін жай әңгімелесу жетпей жатады. Өмірге деген құштарлығын арттыру үшін ұрсуға тура келеді.
– Сырқаттанғандар азайғанымен коронавирус инфекциясы әлі толық кете қойған жоқ. Алдыңғы шепте жүрген маман ретінде бұл қауіпті дерттен тезірек тәуір болудың жолдарын айтып беріңізші.
– Қазір бекітілген емдеу тәсілдері бар. Соны ұстанамыз. Сондай-ақ аурумен күресте вакцинацияның рөлі орасан екенін ұмытпаған жөн. Нәтижесін көріп жатырмыз. Мен алғашқылардың қатарында екпе салдырдым, кейін ревакцинациядан өттім. Осылайша өз-өзімді қорғадым. Науқастармен араласатындықтан вакцина салдырғаннан кейін де ауырдым. Бірақ жеңіл өтті. Үш күннің ішінде тәуір болдым. Вакцина коронавирустан толық қорғай алмас, бірақ аурудың жеңіл өтетінін сеніммен айта аламын.
– Сіз үнемі сырқаттардың арасында жүресіз. Ауру жұқтырмау үшін сақтану өз алдына, мықты иммунитет керек. Ағзаның қорғаныш қабілетін қалай көтересіз?
– Оның еш құпиясы да, қиындығы да жоқ. Ең бастысы – саламатты өмір салтын ұстану. Дұрыс тамақтану, спортпен айналысу және күнделікті жаяу жүру. Сондай-ақ көбірек су ішіп, С дәрумені бар қарақат, лимон, қаражидек және итбүлдірген сияқты жеміс-жидекті немесе солардан жасалған тосапты жеуге кеңес беремін.
– Бос уақытыңыз бола ма? Болса оны қалай өткізесіз?
– Бос уақытым өте аз. Жұмыстан қолым қалт етсе, үй шаруасы күтіп тұрады. Бала тәрбиесі тағы бар. Жұмыста дәрігер болсам, үйде мен сүйікті жар, аяулы ана және мейірімді әжемін. Сәбит Рақымұлымен отасқанымызға биыл 40 жыл болады. Түсіністік пен сыйластықтың арқасында бақытты ғұмыр кешіп жатырмыз. Ұлым Саят – әскери қызметші. Балаларым ержетіп, мамандық таңдайтын кез келгенде ерікті өздеріне бердім. Қызым Салтанат Еуразия ұлттық университетін халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бітірді.
– Халықаралық әйелдер мерекесіне орай әріптестеріңізге, ақ жаулықты аналарға, қыз-келіншектерге не тілер едіңіз?
– Ең алдымен мықты денсаулық тілеймін! Әр әйел бақытты болуға лайық. Өмірде, отбасында болып жатқан кішкентай жетістіктердің өзіне, басқаша айтқанда ұсақ-түйектің өзіне қуанып үйренейік!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.