Жуырда Петропавлда өткен тарих пәні мұғалімдерінің республикалық съезінен көп ой түйдім. “Мектеп оқушыларының тарих пәні бойынша ғылыми-жобалық зерттеулері” тақырыбы бойынша ұйымдастырылған секция отырысына спикер ретінде жетекшілік ете отырып, өзім басқаратын “Дарын” мектебінде оқушылардың ғылыми-жобалық зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру тәжірибесімен бөлістім.
“Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақтағы”, – деп Қадыр Мырза Әлі айтқандай өткен тарихты білу, ақиқатын ашу, зерделеу – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Осы тұрғыдан алғанда, небір даталар мен айтулы оқиғаларға толы еліміздің тарихын оқытуға аптадағы бір сағат мүлдем аздық ететінін күнделікті тәжірибе көрсетіп жүр. Екіншіден, қай білім ошақтарын алып қараңыз, мәселен, химия, биология кабинеттерін алайық, көрнекі құралдармен жабдықталған. Тарих кабинеті жайлы олай айта алмаймыз. Көп жағдайда оқушылардың тарих пәніне деген қызығушылығы төмен деген пікірлерді жиі естіп қаламыз. Оның бір себебі, оқулықтардың жазылуы жаңартылған бағдарламаға сәйкес келе бермейді. Кәдімгідей айырмашылық барын тәжірибелі мұғалім бірден байқайды. 6-сынып оқулығы тұтас XII ғасырға арналған. Орта ғасырдан бастап, түркі мемлекеттері, моңғол кезеңі, Алтын орданың ыдырауы, одан әрі қазақ хандығының құрылуымен аяқталады. Бұлай қамту бала ұғымына өте ауыр. Уақыт өте аз бөлінгендіктен, Шағатай, Моғолстан тарихы қысқа шолумен ғана шектеледі. Шетел тарихын оқытқанда да дәуірлерге лайықтау, ыңғайлау принципін ұстанған дұрыс. Үшіншіден, мектеп бағдарламаларында ғылыми экспедицияларға да уақыт мүлдем аз бөлінген. Тағылымды экскурсиялық саяхаттар мен музейлердегі сабақтар кабинетте отырып кітап оқығаннан әлдеқайда мазмұнды болар еді.
Президент Қасым Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында: “Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек”, – деп кесіп айтты. Қазірдің өзінде аумақтық тұтастығымызға күмән тудырып, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне қоғамдық деңгейде тойтарыс береміз десек, ұлттық мүддемізге сай келетін көптомдық жаңа тарихымызды тың ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтар негізінде жазатын мезгіл жетті. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда саяси да, стратегиялық та маңызы зор мәселе. Мұның өзі тарихи сананы жаңғырту барысында ұлтымыздың сан ғасырлық шынайы болмысын жан-жақты танытудың бірден-бір жолы екені сөзсіз. Сондықтан “Қазақстан тарихы” пәнінің атауын “Қазақ тарихы”, ал “Дүниежүзі тарихын” “Әлем тарихы” деп өзгерту туралы съезде айтылған ұсыныстарды қолдаймын.
Мен өзім тарих пәнінің мұғалімі ретінде қазақ тарихының мәселесімен көптен бері айналысып келемін. Облыс орталығындағы №21 мектепте жұмыс істеп жүргенде факультативтік сабақтар ұйымдастырып, білім берудің жаhандық жағдайына талдау жасауға ұмтылдым. Осылайша мақсат-міндеттердің және күтілетін нәтижелердің конструктивті оқыту әдістеріне қол жеткіздім. Басты назар фокус-топтардың қорытындыларын талдауға, нақтылау және тексеру бағыттарына арналды. Жақында “Ұлы даланың жеті қыры” атты республикалық қанатқақты жобаға қатысып, жүлделі үшінші орын иелендім.
Ерлан МӘКЕН,
“Дарын” мектеп-лицейінің директоры.