Петропавлдағы облыстық көпбейінді ауруханада “Cerebra” автоматтандырылған платформаның таныстырылымы өтті. Жасанды интеллект инсультті ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Жергілікті дәрігерлер бағдарламаның артықшылығын бағалап та үлгерді.
“Cerebra” автоматтандырылған платформасы – қазақстандық бағдарламашылар, талдаушылар, математиктер мен дәрігерлердің үш жылдық қажырлы еңбегінің нәтижесі. Отандық “Medtech” стартап “Cerebra” бағдарламасын ишемиялық және геморрагиялық инсультті автоматты түрде диагностикалау үшін жасап шығарды. Жобаны “Almaty A. I. Lab” компаниясы 2018 жылы әзірледі. Өткен жылдың қаңтар айында Алматының екі инсульт орталығында қанатқақты жоба іске қосылды. Қазіргі уақытта бұл бағдарлама елдің 30-дан астам инсульт орталығында жұмыс істеп келеді. Енді олардың қатарына облыстық көпбейінді аурухананың инсульт орталығы да қосылмақ. “Cerebra” платформасына енгізілген жасанды интеллект инсультті 5-10 минуттың ішінде анықтауға мүмкіндік береді.
“Былтырдан бастап біз инсульттық қызметті дамытып жатырмыз, өйткені ол бүгінгі таңда өзекті, сырқаттар көбейген және қайтыс болатындар саны артқан. Инсульт алғандар арасында жастар да көбейіп отыр, салдарынан мүгедек болып жатқандар да аз емес. Бүгін біз маңызды бағдарлама – жасанды интеллектіні қосып жатырмыз. Мамандарға ми қан айналысының бұзылуы бар науқасқа ота түрін таңдауға, емдеу әдісін дұрыс қолдануға көмектеседі. Бағдарлама инсультті өте ерте кезеңде анықтауға негізделген. Компьютерлік томограф аппаратымен бірге жұмыс істейді. Былайша айтқанда, дәрігерге көмекші құрал”, – дейді облыстық көпбейінді аурухананың ангиография меңгерушісі Сергей Руцкий.
Бағдарламаның техникалық қосылуы желтоқсан айында болған. Осы аралықта мамандар оның мүмкіндігін, яғни ақпаратты жіберу жылдамдығын, өңдеуін байқаған. Бұл бағдарламаға басқа дәрігерлер де қашықтан қосыла алады, осылайша кеңесіп шешім қабылдауға мүмкіндік бар.
Мамандардың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын инсульттан 40 мыңға жуық адам қайтыс болады, аман қалғандардың 80 пайызы мүгедек болып қалады. Сондықтан дерттің бұл түрін ерте бастан анықтаудың маңызы зор.
“Инсульт алған сырқат емдеу мекемесіне түскеннен кейін ол компьютерлік томографияға жіберіледі. Одан өту барысында бұл бағдарлама автоматты түрде қосылады. Оған невропатолог, “Жедел жәрдем” дәрігері және басқа мамандар өз мәліметтерін енгізеді. Сырқаттың шағымы да ескеріліп, нәтижесінде бағдарлама 3-5 минуттың ішінде толық талдау жасап шығарады. Бұрын талдауды дәрігер жасайтын. Бұл – қосымша, оны телефонға, планшетке, компьютерге жүктеуге болады. Мысалы, сырқат түскен кезде дәрігерге хабарлама келеді, ол кімнің түскені жайында толық ақпарат алады. Сондай-ақ компьютерлік томографияның талдауы қолжетімді болады. Неге назар аудару керектігін де анықтап береді. Ми қан айналымында қандай өзгерістердің барлығын және қай жерде ишемия болатындығын көрсетеді”, – дейді Сергей Руцкий.
Айта кетейік, қазақстандық “Сerebra” бағдарламасы әлемнің үздік 10 Medtech стартапының қатарына енді. Сондай-ақ “Ey Entrepreneur 2021” нұсқасы бойынша “инновациялық стартап” аталымын алды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.