«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛЖАНДЫ АЗАМАТ ЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақта ертеден келе жатқан “Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған за­ман” деген сөз бар. Бүгін ойлап отыр­сам, өткен ғасырдың 60-шы жылда­рында менің туған ауылым – Балуан да сондай күйді бастан кешкен екен. Баламыз. Уайым-қайғының не екенін білмейміз. Жазда көлден шықпай­мыз. Қыс болса, ол кезде шаңғы деген шамалы, шанамызды сүйретіп, дөң­нен ойға қарай құлдилаймыз. Әй­теуір, таң атқаннан күн ұясына қон­ғанға дейін үйдің бетін көрмейміз. Ал, бітпейтін не деген шаруа екенін біл­меймін, үлкендердің жұмыстан қолы босамайды. Біреулері өрістегі мал­дың жайына алаңдаса, диқандар таң­мен таласа дала қосына асығады. Көбі содан жатар орынға бірақ келеді. Арасында үй шаруасы да бар. Әсіре­се жазда жұмыс көбейеді: шөп шабу, қысқа отын дайындау керек. Марқұм әкем де кеңшар жұмысынан қолы босай қалса, жуас, қарыны жер сыза­тын қара биесін жегіп алып, далаға тартатын. Қайда барса да, серік бол­сын дей ме екен, әйтпесе тындырып жатқаным шамалы, мені қасынан қал­дырмайды. Бейнетке жаны құмар жан еді, шоқ-шоқ орман ауылға тиіп тұрса да, бері салғанда, бес-алты шақырым жердегі “Таласөзек”, “Қыздар” сияқты қыс­тауларды бетке алады. “Алысқа ба­рып қайтеміз?” деп қыңқылдай бас­тасам, “ауылдың маңын жалаңаш­тауға болмайды” деп қысқа қайыра­ды. Ал шөпті көрші ауыл – Суаткөлдің іргесіндегі кең жазық – “Қойсадан” шабамыз.

Жол ұзақ. Қамшы көрмеген қара бие бүлкек жүрісінен жаңылмайды. Әкем болса, ара-тұра “шу” деп қойып, ойға беріліп отырады. Ішімізде арыс­тан ойнайтын кез ғой, кейде арбадан түсе қалып, жүгіріп кеткің де келеді. Қашанғы үндемей отырасың. Сәлден соң өткен-кеткенді сұрастыра бастай­мын. Апам арғы аталарың бай, би бол­ған деп айтып отырушы еді. Өзімше содан сыр суыртпақтаймын. Әңгімеге бірден үйіріле қоймайды. Ол кезде “байдың баласымын” деген сөз “ха­лық жауымын” дегенмен бірдей еді ғой, сақтанғаны ма екен, қуғын-сүр­гін­нен бас сауғалап, қалың орыстың арасына сіңіп кеткен туған-туысқандары жайлы әңгімелеуге құлықсыз. Әдеттегідей, әңгіме ауанын білімге бұрып әкетеді. Өзінің заманның ағы­мына қарай оқи алмағанын айтады. Хат танитынын білемін. Үнінде өкініш бар. “Заман өзгерді ғой, сендер оқың­дар, жақсы білім алсаң, ана Қосыл сияқты үлкен азамат боласың”, – дейді. Он бір-он екі жасар кезім болу керек, “Қосыл деген кім?” деп елең­дей қоймаймын. Кейін білдім, әкемнің “Қосыл, Қосыл” деп жүргені біздің ауылдағы Әбдірахман деген шалдың баласы екен. Алматыда жоғары оқу орнын тамамдапты, көрші ауылда мектеп директоры…

Бәйге басын бермес сәйгүлік – уақыттың жалына жармасып жүріп, біз де есейдік. Отан алдындағы бо­рышымды өтеп оралған соң, бірден облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Sol­tüstık Qazaqstan”) газетіне қызметке орналастым. Арада біраз уақыт өткеннен кейін газетімізде Қосыл Әбдірахманұлы Омаров Петропавл қалалық партия комитетінің екінші хат­шысы болып сайланды деген хабар жарқ ете қалды. Редакциядағы аға­ларымыздың арасында бұл кісіні біле­тіндер аз емес екен. “Бәрекелді, жақсы жаңалық екен, ұлтқа жаны ашитын азамат!”, “Еңбек жолын Нико­лаевка орта мектебінде бастаған”, “Жамбыл” кеңшарындағы мектептің директоры болған, партия ұйымын басқарған, облыстық партия комите­тін­де қызмет істеген” деген жылы лебіздер тұс-тұстан естіліп жатты. Кейбір ағаларымыз тіпті өздері хатшы болып сайланғандай, Қосекеңді мақ­тағанда аяқ-қолын жерге тигізбейді. Өмірбаянына көз жүгіртсем, Сергеев ауданындағы Балуан ауылында туған деп жазылыпты. Сонда ғана марқұм әкемнің үнемі бізге үлгі етіп, аузынан тастамай жүретін азаматы осы кісі екенін түсіндім. Алайда көпке дейін осы өңірдің үлкені-кішісі Қосекең деп қадірлейтін ағамызбен кездесудің сәті түсе қоймады. “Балуандікі едім, пәленше деген кісінің баласымын” деп барсам, қабылдайды ғой, бірақ олай танысуды жөн көрмедім. Күндер өтіп жатты. Бірде жұмыс бабымен өзі шақырды. Қалалық партия комите­тінің екінші хатшысы деген үлкен қыз­мет қой, бұрын таныс-біліс адамым емес, оның үстіне хатшы қыз не жұ­мыс­пен шақырғанын да айтқан жоқ, кабинетінің табалдырығынан имене аттадым. “Келіңіз, келіңіз” деп жылы ұшырай қарсы алды. “Отырыңыз” деп алдындағы орындықты нұсқады. Пар­тияның халықты жұмса, жұдырығын­да ұстап, қойдай жусатып тұрған кезі еді ғой, басшыларын былай қойғанда, кішігірім қызметкерлерінің өзі екінің біріне иліге қоймаушы еді, ал мына кісінің жүзінен ғана емес, әр сөзінен шуақ шашылып тұр. Бұрын таныс болмағандықтан шығар, сіз деп сөйлейді. “Қалалық кеңеске депутат болып сайландыңыз, құтты болсын! Танысайын деп шақырдым, – деді. – Әлі жассыз, бұл өзіңізге көрсетілген үлкен сенім. Тек күрмеуі қиын мәсе­лелері көп Жұмысшы кентіне түскен екенсіз, ештеңе етпейді, осында тә­жірибелі ағаларың бар ғой, соларға арқа сүйерсіз”. Сөз арасында халық­пен етене араласып, жұмыс істеу журналистке де пайдалы екенін, қиын­дықтан қорықпау қажеттігін айт­ты. Біраз әңгімелестік. Қалай жылы қарсы алса, солай ағалық ақылын айтып шығарып салды.

Осыдан кейін Қосекеңді түрлі жиындарда жиі кездестіретін болдым. Кездескен сайын жағдайымды, ауыл­дың амандығын сұрайды. Ол кезде жаспыз, ауылды сағынып тұрамыз, жиі барамыз. Үлкен кісіге жақсы дегеннен басқа не айтамын. Сөзіне қарағанда, өзі де ауылға жиі болмаса да соғып тұратын сияқты, анау аман ба, пәленшенің халі қалай екен деп үлкендерді тізіп шығады. Осылай Қосекеңмен арамызда ерте кездің өзінде жақсы қарым-қатынас қа­лыптасты. Бірде үйінде де бол­ғаным бар. Дәл қазір, не жұмыспен барға­нымды ұмыттым, есімде қалғаны пә­терінде кітаптан көп дүние жоқ екен. Мұндай байлық ол кездері кейбір кітапханаларда да болмайтын, төрт қабырға сіресіп тұр. Сұқтана қарай­мын, кілең ығай мен сығай, клас­сик­тердің еңбектері. Иә, Қосекең үнемі қауырт істердің ортасында жүрсе де, кітапты да, газет-журналдарды да көп оқитын. Осындай ағаларымыздың ықпалы болуы керек, сол кезде ре­дакцияда істейтін қыз-жігіттердің бәрі кітап жинай бастады.

Бүгінде Қосекеңді көзі көрген аза­маттар ол кісінің аты атала қалса, ту­ған тілімізге сіңірген еңбегін алдымен ауызға алады. Оған ешкімнің таласы жоқ. Бірақ ол кісінің партия, кеңес органдарында қызмет істеген кездері де өзіне бекітілген салаларда ұлан-ғайыр жұмыстар тындырғанын за­ман­дастары жақсы біледі. Мен бүгін со­ларды тізбелемей, Қосекеңнің бас­қа қырларына тоқталуды жөн көріп отырмын. Бұл арада қырлары деген сөз тілге кездейсоқ оралып отырған жоқ. Қосыл Әбдірахманұлы, шын мәнінде, сан қырлы азамат еді. Бірін­ші қыры, әрине, өзінің жүрек қалауы­мен таңдаған мамандығы – ұстаз­ды­ғы десек, Алматыдағы Абай атында­ғы қазақ педагогикалық институтын тамамдағаннан кейін бір жылдың ішінде мектеп директоры болып та­ғайындалуы көп жайды аңғартып тұр­ған жоқ па?! Екі жылдан кейін аудан басшылары жұмыс десе жалындап тұрған жігерлі жігітті партиялық қыз­метке тартады. Тәжірибесінің азды­ғына қарамастан, адамдармен тіл табысып, бұл жұмысты да ақсатқан жоқ. Нәтижесі – қызметі өсіп, нұсқау­шы, одан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары болды. Қосекең жұртқа іске деген жа­уап­кершілігімен, жаңашылдығымен ғана емес, ақыл-парасатымен, адамгер­шілік қасиеттерімен, кішіпейілділігі­мен, ішкі мәдениетінің байлығымен де, бір сөзбен айтқанда, көркем міне­зімен жақты. Өз басым аралас-құралас жүріп, ол кісінің біреуге дауыс кө­тере өктем сөйлегенін байқамаппын.

Қосекеңнің тағы бір бекзат қасиеті – сөзге шешен еді. Кез келген ортада қос тілде көсіле сөйлеп кеткенде, айызымыз қанып, сүйсініп отыратын­быз. Ол сол кездегі көптеген партия ұйымдарының басшылары сияқты жылы кабинетке қамалып отырған жоқ, үнемі халықтың ортасында бол­ды, көрген-білгендерін маржан сөз­бен кестелеп, қалың оқырманға ұсы­нып отырды. Ол кісінің осы қасиеті 1989 жылы зейнет демалысына шық­қаннан кейін тіпті жарқырай түсті. Демалыс деген аты болмаса, Қосекең өмірінің бұл кезеңінде де қол қусы­рып, қарап отырған жоқ. Көп кешікпей тіл жанашырлары оны өздеріне, нақ­тырақ айтсақ, Халықаралық “Қа­зақ тілі” қоғамының облыстық бөлім­шесі­не басшы етіп сайлап алды. “Ана тілі” газетінің біздің өңірдегі тілшіміз болы­ңыз деп қолқа салған уақыты да нақ осы кез. Қосекең бұл ұсыныстан да бас тартқан жоқ. Сөйтіп, екі тізгінді тең ұстап, тіл майданына араласып кетті.

Туған тіліміз үшін күресті майданға теңеуім тегін емес. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында тілге қатысты мәселелер, әсіресе біздің өңірде қатты ушығып кетті. Оны Тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында Қосекеңнің облыстық, республикалық басылымдарда жарияланған етек­тей-етектей мақалаларынан да аңға­руға болады. Мәселен, ол “Тіл тәуел­сіз болмай, ел тәуелсіз болмайды” де­ген мақаласында (“Солтүстік Қазақ­стан”, 26 маусым 1998 ж.) “Қағынан жеріген құландай” балаларымыз орыс тілін білмесе, нан тауып жей алмайды” деген желеумен ана тілін менсінбейтіндер өз қандастарымыз­дың арасында да көбейіп кетті”, – деп туған тіліміздің дамуына тұсау болып отырған келеңсіздіктерге қынжылыс білдірсе, “Егемен Қазақстанның” 1999 жылдың 16 сәуір күнгі санында жарық көрген “Жер, су аттарын өзгер­ту… Гәп басқада болып тұр” деген жанайқайында ономастика мәселесі­не қатысты оралымсыздық­тар­ды тіл­ге тиек етіп, бұл ретте аяққа тұсау болып отырған жайларды ортаға са­лады. “Етектен тартып, адымымызды аттатпай тұрған – жергілікті мәслихат депутаттары. Петропавл қаласында­ғы Ленин көшесіне тарихи атауын қайтару деген желеумен “Вознесен­ский проспектісі” болсын деп қалалық мәслихат 3 рет шешім қабылдады”, – деп жазды ол. Кейін “Қазақ тілі” қоғамының белсенділері бұл шешімге қарсы шығып, соттың үкімімен оны бұзғызғаны арада талай жылдар өтсе де ұмытыла қойған жоқ.

Қазір құдайға шүкір, қаламызда болсын, басқа да елді мекендерде қазақтың маңдайына біткен ұл-қыз­дарына көше аттары беріліп жатыр. Ол кездегі жағдайды қазіргімен мүлде салыстыруға келмейді. Мысалы, күндердің күнінде облыс орталығы­ның бір көшесіне атақты сөз зергері жерлесіміз Ғабит Мүсіреповтің атын беру туралы әңгіме көтерілді. Бірақ бұл мәселенің шешілуі бес жылға созылды. Өйткені сол кезде қалалық мәслихаттың 25 депутатының біреуі ғана қазақ болатын. Жалғыздың үні шыға ма, “демократияның атын жамылып келген шовинистер мен экстремистер” ұлардай шулап, ауыз аштырмайтын. Осындай келеңсіз­діктерді көріп-біліп жүрген Қосекең мақала жазумен ғана шектелген жоқ, бұл мәселелерді биік мінберлерден де көтерді. Президенттің қатысуымен өткен Қазақстан халықтары Ассам­блея­сының үшінші сессиясында сөз алып, “Біздің тағы бір мәнісін ұға бермейтін кезіміз бар. Біреу “мұның жөн емес” дегендей саусағын шо­шайт­са, ыңғайына жығылып шыға ке­леміз. Сондықтан ісіміз мардымайды. Осының айғағы – тіл туралы заңның алғашқы қарқынынан айырылып, құмға сіңген жылғадай ізім-қайым жоғалып бара жатқандығы”, – деп, өңірде ғана емес, елімізде тіл төңі­регінде қалыптасып отырған ахуалға қатысты билікті ашық сынаған еді. Расында да, тіліміз мемлекеттік дәреже алды, бағымыз енді жанады деп өрекпіген көңілдер тез суынады деп кім ойлаған?! Нақ осы кезде мем­лекеттік тілден күдер үзген ата-аналар балаларын орыс мектебіне қайта сүйрей бастады. Мекемелер­дегі аудармашылар қысқарып, қазақ тілін үйрететін үйірмелер тарап жат­ты… Намысшыл азамат мұндай жағ­дайға кім кінәлі екенін айтудан жасқанған жоқ. “Бұрынғы Қазақ ССР-ның елтаңбасын босағасына, балға-орақты қызыл туларын кабинетіне іліп, төріне Лениннің мүсінін отырғы­зып, енді қашан Кеңес одағы келеді деп отырған облыс, аудан басшы­лары тұрғанда бұл салада көпке дейін еңбегіміз еш болары сөзсіз”, – деп тіпті “айға” шапты. Олай болса, сол кезде республикалық ұлттық ап­талық – “Ана тілінің” өзінің теріскей­де­гі тілшісін қазақ тілінің солтүстіктегі ті­регі деп ардақтауы әбден орынды еді.

Сірә да, Қосекең сөз додасына көлденеңнен қосылған жан еместі. Оның көңіл түкпірінде тулаған сезім­дерді жырмен өрнектеп, артына бір­неше кітап қалдырғанын біреу білсе, біреу білмейді. Қосекеңнің тындырып кеткен тағы бір ауыз толтырып айтар­лық ісі – ол өңірімізден шыққан, өмірі мен ерлігін уақыт көмескілей баста­ған талай толағай тұлғалардың есім­дерін халқына қайтаруға белсене ат­салысты. Оның от ауызды, орақ тілді ақын-жырауларымыз, ел басына күн туғанда тұлпар мініп, ту көтерген ба­тырларымыз туралы жазған зерттеу еңбектері облыстық газеттерде ғана емес, “Егемен Қазақстан”, “Қазақ әде­биеті”, “Ана тілі” сияқты республика­лық басылымдарда да жиі жарияла­нып тұрды. Сөйтіп, ағамыз Қожабер­ген жырау, қазақтың қос қыраны Са­ры мен Баянды т. б. бүкіл елге та­нытты. Сегіз серінің тарихи тұлға еке­ніне кейбіреулер сенімсіздік білдір­ген­де батыр бабамызды қызғыштай қорғап, уәжді сөзін айтты, “Тағы кінә өзімізде, басқа ел-жұрттар жоқтан бар жасаймыз деп жанталасып жат­са, біз қазақтар, барды жоқ қылып әу­ре­міз. Сондықтан да ғой кейбіреулері – тапаталтүсте оның әндеріне “жиен­дік” жасап жатса, енді біреулері Сегіздің өзі тарихта болған адам ба деп, шүбә келтіргісі келеді. Үшінші біреулері ақын-сазгердің осыншама мол дүние қалдырғанына сенгісі келмей, оның туындыларын өзіне қи­майтынын қайтерсің”, – деп налыды. Қосекеңнің ұлы Абай, ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов, аса көрнекті мем­ле­кет қайраткері Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов, Мағжан Жұмабаев, Әбдірахман Айсарин, биыл туғанына 120 жыл толатын Ғабит Мүсірепов, Баймағанбет Ізтөлин, Темірғали Нұр­тазин, Сафуан Шәймерденов туралы зерттеу еңбектері де тың деректерге бай, бүгінгілерді айтпағанда, бола­шақ ұрпақтың да қажетіне жарайтын құнды дүниелер.

Айта берсек, адал жолды таңда­ған, халқы үшін әркез отқа да, суға да түсуге бейіл болған, ортақ іске қана­ты­мен су сепкен қарлығаштай ғұмыр кешкен айтулы азамат Қосыл Әбді­рахманұлының еліне сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ол бойына ананың сүтімен, әкенің қанымен дарыған ізгі қасиет­теріне кір шалдырмай өтті. Оған “Тағ­дыр” деп аталатын мына бір өлеңі де дәлел бола алады:

Дүниеде бір керемет тағдыр деген,

Құдіретіне еш нәрсе тең келмеген, –

Деуші еді ақсақалдар, – жайыңмен бас,

Жолмен жүр пешенеңе белгіленген.

 

Келемін сол жолменен адаспастан,

Жерім жоқ бұрыс кетіп, шалыс басқан.

Қанағат, ризамын тағдырыма,

Дәулетім болмаса асып-тасқан.

 

Бәрінен жоғары ұстап ұят-арды,

Азсынбадым, ұқсаттым қолда барды.

Тәңірінің бермесін аламын деп,

Қайтемін арсыздықпен жиған малды.

 

Десек те ойланасың бүгін енді,

Өйткені заман жаңа, заң өзгерді.

Кешегі адал жүрген азаматтар,

Қазірде қайыршылық күйге келді.

 

Көбейді алаяқтар құдай атқан,

Жұмыртқадан жүн қырқып, пайда тапқан.

Тағдырда әділеттік болмаған-ау,

Озбыр мен жылпостар ғой байып жатқан.

 

Қорқамын, жастарымыз мұны көріп,

Қызығып кете ме деп соларға еріп.

Баянды болмайтынын қайдан білсін,

Еңбекпен таппаған мал терін төгіп.

Міне, бүгін біз әңгімемізге арқау етіп отырған Азаматтың болмысы осындай! Тіпті сөз қосудың өзі артық сияқты.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp