«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ МЕРЕЙІН АСЫРҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қытайдың Бейжің қаласында өтіп жатқан XIII қысқы Паралимпиада ойындарында солтүстікқазақстандық спортшы Александр Герлиц құрама қоржынына қола медаль салғанын газетіміздің өткен санында жазғанбыз. Бұл – еліміз егемендік алғаннан бері Қазақстан паралимпиа­дашылары қол жеткізген үшінші жүлде. 1994 жылы Лиллехаммерде Любовь Воробьева шаңғы спортынан күміс медаль алса, 2018 жылы Оң­түстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен додада шаңғышы Алек­сандр Колядин ел тарихында тұңғыш рет жеңімпаз атанған.

Александр Герлиц Бейжіңде пара­биат­лоннан 10 шақырым қашықтықта сынға түсті. Өкінішке қарай, нысана көздеуде үш рет мүлт кетті. Соның салдарынан жеңімпаздан 1 минут 21 секундқа қалып, мәреге үшінші бо­лып жетті. Бірінші орынды канадалық Марк Аренц алса, екінші орын украи­налық Григорий Вовчинскийге бұйыр­ғаны белгілі. Бұл – жерлесіміздің екінші паралимпиадасы. Ол төрт жыл бұрын Пхенчханда өткен ойындарға қатысып, жүлдеге бір адым жетпей тоқтаған, яғни төртінші орынға табан тіреген болатын.

Қола медальдің көмегімен ел құ­рамасы жалпыкомандалық есепте Австралия және Швейцария елдері­мен қатар 17-ші орынға жайғасты. Жалпы биылғы Паралимпиада ойын­дарына Қазақстанның атынан спорт­тың екі түрі бойынша бес спортшы қатысып жатыр.

– Бұл жетістікке жету үшін ұзақ уа­қыт дайындалдым. Жаттығулардың арқасында осы нәтижеге жеттім деп ойлаймын. Бұдан кейін де халық­аралық додаларда ел намысын қор­ғаймын. Қолдау білдіріп, үміт артқан барлық қазақстандықтарға өз алғы­сымды білдіремін. Дәл қазір ерекше сезімде тұрмын. Мені шаңғы спор­тына баулыған бапкерлерім Иван мен Мария Дробязкоға және қазіргі жаттықтырушыларым Аслан Тоқбаев пен Антон Ждановичке алғыс айта­мын. Бұл – менің Паралимпиададағы алғашқы медалім. Сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – деді ол журналистерге берген сұхбатында.

Александр Герлиц 1989 жылы Ақ­жар ауданының Горьковское ауы­лында туған. Мектепті бітіргеннен кейін М.Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан мемлекеттік универ­ситетінің экономика факультетіне оқу­ға түскен. Уақытша спортты ысыра тұ­рып, бар назарын оқуға арнаған. Бі­рақ тағдырдың жазғанынан көнбеске лаж бар ма? Соңғы курста оқып жүр­генде, яғни 2011 жылы жол апатына ұшырап, бір қолынан жарақаттанған. Осы оқиғадан кейін ұзақ уақыт өз-өзіне келе алмаған. Дәл осы сәтте жас жігітке ерлі-зайыпты Иван мен Мария Дробязко көмек қолын созды. Көңілін аулап, оны шаңғы спортымен шұғылдануға шақырған.

– Александр – қиындықтардан қор­қу дегенді білмейтін адам. Кәсіпқой спортты таңдауы да сол мінезіне бай­ланысты, әйтпесе мамандығына сай кеңседе экономист болып отырмай ма? Жас кезінен спортпен шұғылда­нып, уақыт өте әуесқой командалар са­пында волейбол ойнаған, қыста шаң­ғымен сырғанап өскен ауыл ба­ласы ғой. Әкесі де спорттан алшақ адам емес. Талай жылдар бойы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген, – дейді мүмкіндігі шек­теулі жандарға арналған “Үміт” спорт клубының директоры Вячеслав Ла­ты­шев. Александр Герлиц – бүгінде аяу­лы жар, қамқор әке.

Спорт мамандары биылғы қысқы ойындарда Александр Герлицке үл­кен сенім артты. Өйткені ол әлем ку­боктарында тұрақты түрде үздік он­дыққа кіріп жүрді. Тіпті Паралим­пиа­да алдында Швецияның Остерсунд қа­ласында өткен әлем кубогы кезе­ңінде үшінші орын алған болатын.

– Александр үшін биылғы Пара­лим­пиада сәтті басталды деп айтуға келмейді. Биатлондағы спринтте мә­реге 8-ші болып жетті, бірақ бұл 10 ки­лометрлік жарыс алдындағы тамаша дайындық еді. Спринтте жарыс жо­лына, атыс алаңына дене үйретті десе де болады. Бәлкім содан болар, келесі күні өзінің үздік нәтижесін көр­сетті. Барша Қазақстандықтарды осы­нау тамаша жеңіспен құттықтаймын! – деді ұлттық құрамадағы бапкері Василий Коломийц.

Александр қола жүлде алған күн­нің ертеңінде тағы да жарыс жолына шықты. Бұл жолы шаңғышылар ара­сында. Жарыстың дәл осы түрінен төрт жыл бұрын Қазақстанға Алек­сандр Колядин алтын әперген еді. Жерлесімізге сәл ғана сәттілік жетіс­педі, сайысты 5-ші орынмен аяқтады. Александр өзінің жеке рекордын жа­ңартқанын айта кеткен жөн.

Ел мерейін асырған Александр Гер­лицке қола медаль үшін 75 мың АҚШ доллары көлемінде сыйлық бе­рілетіні белгілі, бұдан бөлек, 5-ші орын алғандарға тиесілі 10 мың дол­лар сыйақы тағы бар.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp