Қазақта ертеден келе жатқан “Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман” деген сөз бар. Бүгін ойлап отырсам, өткен ғасырдың 60-шы жылдарында менің туған ауылым – Балуан да сондай күйді бастан кешкен екен. Баламыз. Уайым-қайғының не екенін білмейміз. Жазда көлден шықпаймыз. Қыс болса, ол кезде шаңғы деген шамалы, шанамызды сүйретіп, дөңнен ойға қарай құлдилаймыз. Әйтеуір, таң атқаннан күн ұясына қонғанға дейін үйдің бетін көрмейміз. Ал, бітпейтін не деген шаруа екенін білмеймін, үлкендердің жұмыстан қолы босамайды. Біреулері өрістегі малдың жайына алаңдаса, диқандар таңмен таласа дала қосына асығады. Көбі содан жатар орынға бірақ келеді. Арасында үй шаруасы да бар. Әсіресе жазда жұмыс көбейеді: шөп шабу, қысқа отын дайындау керек. Марқұм әкем де кеңшар жұмысынан қолы босай қалса, жуас, қарыны жер сызатын қара биесін жегіп алып, далаға тартатын. Қайда барса да, серік болсын дей ме екен, әйтпесе тындырып жатқаным шамалы, мені қасынан қалдырмайды. Бейнетке жаны құмар жан еді, шоқ-шоқ орман ауылға тиіп тұрса да, бері салғанда, бес-алты шақырым жердегі “Таласөзек”, “Қыздар” сияқты қыстауларды бетке алады. “Алысқа барып қайтеміз?” деп қыңқылдай бастасам, “ауылдың маңын жалаңаштауға болмайды” деп қысқа қайырады. Ал шөпті көрші ауыл – Суаткөлдің іргесіндегі кең жазық – “Қойсадан” шабамыз.
Жол ұзақ. Қамшы көрмеген қара бие бүлкек жүрісінен жаңылмайды. Әкем болса, ара-тұра “шу” деп қойып, ойға беріліп отырады. Ішімізде арыстан ойнайтын кез ғой, кейде арбадан түсе қалып, жүгіріп кеткің де келеді. Қашанғы үндемей отырасың. Сәлден соң өткен-кеткенді сұрастыра бастаймын. Апам арғы аталарың бай, би болған деп айтып отырушы еді. Өзімше содан сыр суыртпақтаймын. Әңгімеге бірден үйіріле қоймайды. Ол кезде “байдың баласымын” деген сөз “халық жауымын” дегенмен бірдей еді ғой, сақтанғаны ма екен, қуғын-сүргіннен бас сауғалап, қалың орыстың арасына сіңіп кеткен туған-туысқандары жайлы әңгімелеуге құлықсыз. Әдеттегідей, әңгіме ауанын білімге бұрып әкетеді. Өзінің заманның ағымына қарай оқи алмағанын айтады. Хат танитынын білемін. Үнінде өкініш бар. “Заман өзгерді ғой, сендер оқыңдар, жақсы білім алсаң, ана Қосыл сияқты үлкен азамат боласың”, – дейді. Он бір-он екі жасар кезім болу керек, “Қосыл деген кім?” деп елеңдей қоймаймын. Кейін білдім, әкемнің “Қосыл, Қосыл” деп жүргені біздің ауылдағы Әбдірахман деген шалдың баласы екен. Алматыда жоғары оқу орнын тамамдапты, көрші ауылда мектеп директоры…
Бәйге басын бермес сәйгүлік – уақыттың жалына жармасып жүріп, біз де есейдік. Отан алдындағы борышымды өтеп оралған соң, бірден облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) газетіне қызметке орналастым. Арада біраз уақыт өткеннен кейін газетімізде Қосыл Әбдірахманұлы Омаров Петропавл қалалық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды деген хабар жарқ ете қалды. Редакциядағы ағаларымыздың арасында бұл кісіні білетіндер аз емес екен. “Бәрекелді, жақсы жаңалық екен, ұлтқа жаны ашитын азамат!”, “Еңбек жолын Николаевка орта мектебінде бастаған”, “Жамбыл” кеңшарындағы мектептің директоры болған, партия ұйымын басқарған, облыстық партия комитетінде қызмет істеген” деген жылы лебіздер тұс-тұстан естіліп жатты. Кейбір ағаларымыз тіпті өздері хатшы болып сайланғандай, Қосекеңді мақтағанда аяқ-қолын жерге тигізбейді. Өмірбаянына көз жүгіртсем, Сергеев ауданындағы Балуан ауылында туған деп жазылыпты. Сонда ғана марқұм әкемнің үнемі бізге үлгі етіп, аузынан тастамай жүретін азаматы осы кісі екенін түсіндім. Алайда көпке дейін осы өңірдің үлкені-кішісі Қосекең деп қадірлейтін ағамызбен кездесудің сәті түсе қоймады. “Балуандікі едім, пәленше деген кісінің баласымын” деп барсам, қабылдайды ғой, бірақ олай танысуды жөн көрмедім. Күндер өтіп жатты. Бірде жұмыс бабымен өзі шақырды. Қалалық партия комитетінің екінші хатшысы деген үлкен қызмет қой, бұрын таныс-біліс адамым емес, оның үстіне хатшы қыз не жұмыспен шақырғанын да айтқан жоқ, кабинетінің табалдырығынан имене аттадым. “Келіңіз, келіңіз” деп жылы ұшырай қарсы алды. “Отырыңыз” деп алдындағы орындықты нұсқады. Партияның халықты жұмса, жұдырығында ұстап, қойдай жусатып тұрған кезі еді ғой, басшыларын былай қойғанда, кішігірім қызметкерлерінің өзі екінің біріне иліге қоймаушы еді, ал мына кісінің жүзінен ғана емес, әр сөзінен шуақ шашылып тұр. Бұрын таныс болмағандықтан шығар, сіз деп сөйлейді. “Қалалық кеңеске депутат болып сайландыңыз, құтты болсын! Танысайын деп шақырдым, – деді. – Әлі жассыз, бұл өзіңізге көрсетілген үлкен сенім. Тек күрмеуі қиын мәселелері көп Жұмысшы кентіне түскен екенсіз, ештеңе етпейді, осында тәжірибелі ағаларың бар ғой, соларға арқа сүйерсіз”. Сөз арасында халықпен етене араласып, жұмыс істеу журналистке де пайдалы екенін, қиындықтан қорықпау қажеттігін айтты. Біраз әңгімелестік. Қалай жылы қарсы алса, солай ағалық ақылын айтып шығарып салды.
Осыдан кейін Қосекеңді түрлі жиындарда жиі кездестіретін болдым. Кездескен сайын жағдайымды, ауылдың амандығын сұрайды. Ол кезде жаспыз, ауылды сағынып тұрамыз, жиі барамыз. Үлкен кісіге жақсы дегеннен басқа не айтамын. Сөзіне қарағанда, өзі де ауылға жиі болмаса да соғып тұратын сияқты, анау аман ба, пәленшенің халі қалай екен деп үлкендерді тізіп шығады. Осылай Қосекеңмен арамызда ерте кездің өзінде жақсы қарым-қатынас қалыптасты. Бірде үйінде де болғаным бар. Дәл қазір, не жұмыспен барғанымды ұмыттым, есімде қалғаны пәтерінде кітаптан көп дүние жоқ екен. Мұндай байлық ол кездері кейбір кітапханаларда да болмайтын, төрт қабырға сіресіп тұр. Сұқтана қараймын, кілең ығай мен сығай, классиктердің еңбектері. Иә, Қосекең үнемі қауырт істердің ортасында жүрсе де, кітапты да, газет-журналдарды да көп оқитын. Осындай ағаларымыздың ықпалы болуы керек, сол кезде редакцияда істейтін қыз-жігіттердің бәрі кітап жинай бастады.
Бүгінде Қосекеңді көзі көрген азаматтар ол кісінің аты атала қалса, туған тілімізге сіңірген еңбегін алдымен ауызға алады. Оған ешкімнің таласы жоқ. Бірақ ол кісінің партия, кеңес органдарында қызмет істеген кездері де өзіне бекітілген салаларда ұлан-ғайыр жұмыстар тындырғанын замандастары жақсы біледі. Мен бүгін соларды тізбелемей, Қосекеңнің басқа қырларына тоқталуды жөн көріп отырмын. Бұл арада қырлары деген сөз тілге кездейсоқ оралып отырған жоқ. Қосыл Әбдірахманұлы, шын мәнінде, сан қырлы азамат еді. Бірінші қыры, әрине, өзінің жүрек қалауымен таңдаған мамандығы – ұстаздығы десек, Алматыдағы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтын тамамдағаннан кейін бір жылдың ішінде мектеп директоры болып тағайындалуы көп жайды аңғартып тұрған жоқ па?! Екі жылдан кейін аудан басшылары жұмыс десе жалындап тұрған жігерлі жігітті партиялық қызметке тартады. Тәжірибесінің аздығына қарамастан, адамдармен тіл табысып, бұл жұмысты да ақсатқан жоқ. Нәтижесі – қызметі өсіп, нұсқаушы, одан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары болды. Қосекең жұртқа іске деген жауапкершілігімен, жаңашылдығымен ғана емес, ақыл-парасатымен, адамгершілік қасиеттерімен, кішіпейілділігімен, ішкі мәдениетінің байлығымен де, бір сөзбен айтқанда, көркем мінезімен жақты. Өз басым аралас-құралас жүріп, ол кісінің біреуге дауыс көтере өктем сөйлегенін байқамаппын.
Қосекеңнің тағы бір бекзат қасиеті – сөзге шешен еді. Кез келген ортада қос тілде көсіле сөйлеп кеткенде, айызымыз қанып, сүйсініп отыратынбыз. Ол сол кездегі көптеген партия ұйымдарының басшылары сияқты жылы кабинетке қамалып отырған жоқ, үнемі халықтың ортасында болды, көрген-білгендерін маржан сөзбен кестелеп, қалың оқырманға ұсынып отырды. Ол кісінің осы қасиеті 1989 жылы зейнет демалысына шыққаннан кейін тіпті жарқырай түсті. Демалыс деген аты болмаса, Қосекең өмірінің бұл кезеңінде де қол қусырып, қарап отырған жоқ. Көп кешікпей тіл жанашырлары оны өздеріне, нақтырақ айтсақ, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының облыстық бөлімшесіне басшы етіп сайлап алды. “Ана тілі” газетінің біздің өңірдегі тілшіміз болыңыз деп қолқа салған уақыты да нақ осы кез. Қосекең бұл ұсыныстан да бас тартқан жоқ. Сөйтіп, екі тізгінді тең ұстап, тіл майданына араласып кетті.
Туған тіліміз үшін күресті майданға теңеуім тегін емес. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында тілге қатысты мәселелер, әсіресе біздің өңірде қатты ушығып кетті. Оны Тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында Қосекеңнің облыстық, республикалық басылымдарда жарияланған етектей-етектей мақалаларынан да аңғаруға болады. Мәселен, ол “Тіл тәуелсіз болмай, ел тәуелсіз болмайды” деген мақаласында (“Солтүстік Қазақстан”, 26 маусым 1998 ж.) “Қағынан жеріген құландай” балаларымыз орыс тілін білмесе, нан тауып жей алмайды” деген желеумен ана тілін менсінбейтіндер өз қандастарымыздың арасында да көбейіп кетті”, – деп туған тіліміздің дамуына тұсау болып отырған келеңсіздіктерге қынжылыс білдірсе, “Егемен Қазақстанның” 1999 жылдың 16 сәуір күнгі санында жарық көрген “Жер, су аттарын өзгерту… Гәп басқада болып тұр” деген жанайқайында ономастика мәселесіне қатысты оралымсыздықтарды тілге тиек етіп, бұл ретте аяққа тұсау болып отырған жайларды ортаға салады. “Етектен тартып, адымымызды аттатпай тұрған – жергілікті мәслихат депутаттары. Петропавл қаласындағы Ленин көшесіне тарихи атауын қайтару деген желеумен “Вознесенский проспектісі” болсын деп қалалық мәслихат 3 рет шешім қабылдады”, – деп жазды ол. Кейін “Қазақ тілі” қоғамының белсенділері бұл шешімге қарсы шығып, соттың үкімімен оны бұзғызғаны арада талай жылдар өтсе де ұмытыла қойған жоқ.
Қазір құдайға шүкір, қаламызда болсын, басқа да елді мекендерде қазақтың маңдайына біткен ұл-қыздарына көше аттары беріліп жатыр. Ол кездегі жағдайды қазіргімен мүлде салыстыруға келмейді. Мысалы, күндердің күнінде облыс орталығының бір көшесіне атақты сөз зергері жерлесіміз Ғабит Мүсіреповтің атын беру туралы әңгіме көтерілді. Бірақ бұл мәселенің шешілуі бес жылға созылды. Өйткені сол кезде қалалық мәслихаттың 25 депутатының біреуі ғана қазақ болатын. Жалғыздың үні шыға ма, “демократияның атын жамылып келген шовинистер мен экстремистер” ұлардай шулап, ауыз аштырмайтын. Осындай келеңсіздіктерді көріп-біліп жүрген Қосекең мақала жазумен ғана шектелген жоқ, бұл мәселелерді биік мінберлерден де көтерді. Президенттің қатысуымен өткен Қазақстан халықтары Ассамблеясының үшінші сессиясында сөз алып, “Біздің тағы бір мәнісін ұға бермейтін кезіміз бар. Біреу “мұның жөн емес” дегендей саусағын шошайтса, ыңғайына жығылып шыға келеміз. Сондықтан ісіміз мардымайды. Осының айғағы – тіл туралы заңның алғашқы қарқынынан айырылып, құмға сіңген жылғадай ізім-қайым жоғалып бара жатқандығы”, – деп, өңірде ғана емес, елімізде тіл төңірегінде қалыптасып отырған ахуалға қатысты билікті ашық сынаған еді. Расында да, тіліміз мемлекеттік дәреже алды, бағымыз енді жанады деп өрекпіген көңілдер тез суынады деп кім ойлаған?! Нақ осы кезде мемлекеттік тілден күдер үзген ата-аналар балаларын орыс мектебіне қайта сүйрей бастады. Мекемелердегі аудармашылар қысқарып, қазақ тілін үйрететін үйірмелер тарап жатты… Намысшыл азамат мұндай жағдайға кім кінәлі екенін айтудан жасқанған жоқ. “Бұрынғы Қазақ ССР-ның елтаңбасын босағасына, балға-орақты қызыл туларын кабинетіне іліп, төріне Лениннің мүсінін отырғызып, енді қашан Кеңес одағы келеді деп отырған облыс, аудан басшылары тұрғанда бұл салада көпке дейін еңбегіміз еш болары сөзсіз”, – деп тіпті “айға” шапты. Олай болса, сол кезде республикалық ұлттық апталық – “Ана тілінің” өзінің теріскейдегі тілшісін қазақ тілінің солтүстіктегі тірегі деп ардақтауы әбден орынды еді.
Сірә да, Қосекең сөз додасына көлденеңнен қосылған жан еместі. Оның көңіл түкпірінде тулаған сезімдерді жырмен өрнектеп, артына бірнеше кітап қалдырғанын біреу білсе, біреу білмейді. Қосекеңнің тындырып кеткен тағы бір ауыз толтырып айтарлық ісі – ол өңірімізден шыққан, өмірі мен ерлігін уақыт көмескілей бастаған талай толағай тұлғалардың есімдерін халқына қайтаруға белсене атсалысты. Оның от ауызды, орақ тілді ақын-жырауларымыз, ел басына күн туғанда тұлпар мініп, ту көтерген батырларымыз туралы жазған зерттеу еңбектері облыстық газеттерде ғана емес, “Егемен Қазақстан”, “Қазақ әдебиеті”, “Ана тілі” сияқты республикалық басылымдарда да жиі жарияланып тұрды. Сөйтіп, ағамыз Қожаберген жырау, қазақтың қос қыраны Сары мен Баянды т. б. бүкіл елге танытты. Сегіз серінің тарихи тұлға екеніне кейбіреулер сенімсіздік білдіргенде батыр бабамызды қызғыштай қорғап, уәжді сөзін айтты, “Тағы кінә өзімізде, басқа ел-жұрттар жоқтан бар жасаймыз деп жанталасып жатса, біз қазақтар, барды жоқ қылып әуреміз. Сондықтан да ғой кейбіреулері – тапаталтүсте оның әндеріне “жиендік” жасап жатса, енді біреулері Сегіздің өзі тарихта болған адам ба деп, шүбә келтіргісі келеді. Үшінші біреулері ақын-сазгердің осыншама мол дүние қалдырғанына сенгісі келмей, оның туындыларын өзіне қимайтынын қайтерсің”, – деп налыды. Қосекеңнің ұлы Абай, ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов, аса көрнекті мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов, Мағжан Жұмабаев, Әбдірахман Айсарин, биыл туғанына 120 жыл толатын Ғабит Мүсірепов, Баймағанбет Ізтөлин, Темірғали Нұртазин, Сафуан Шәймерденов туралы зерттеу еңбектері де тың деректерге бай, бүгінгілерді айтпағанда, болашақ ұрпақтың да қажетіне жарайтын құнды дүниелер.
Айта берсек, адал жолды таңдаған, халқы үшін әркез отқа да, суға да түсуге бейіл болған, ортақ іске қанатымен су сепкен қарлығаштай ғұмыр кешкен айтулы азамат Қосыл Әбдірахманұлының еліне сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ол бойына ананың сүтімен, әкенің қанымен дарыған ізгі қасиеттеріне кір шалдырмай өтті. Оған “Тағдыр” деп аталатын мына бір өлеңі де дәлел бола алады:
Дүниеде бір керемет тағдыр деген,
Құдіретіне еш нәрсе тең келмеген, –
Деуші еді ақсақалдар, – жайыңмен бас,
Жолмен жүр пешенеңе белгіленген.
Келемін сол жолменен адаспастан,
Жерім жоқ бұрыс кетіп, шалыс басқан.
Қанағат, ризамын тағдырыма,
Дәулетім болмаса асып-тасқан.
Бәрінен жоғары ұстап ұят-арды,
Азсынбадым, ұқсаттым қолда барды.
Тәңірінің бермесін аламын деп,
Қайтемін арсыздықпен жиған малды.
Десек те ойланасың бүгін енді,
Өйткені заман жаңа, заң өзгерді.
Кешегі адал жүрген азаматтар,
Қазірде қайыршылық күйге келді.
Көбейді алаяқтар құдай атқан,
Жұмыртқадан жүн қырқып, пайда тапқан.
Тағдырда әділеттік болмаған-ау,
Озбыр мен жылпостар ғой байып жатқан.
Қорқамын, жастарымыз мұны көріп,
Қызығып кете ме деп соларға еріп.
Баянды болмайтынын қайдан білсін,
Еңбекпен таппаған мал терін төгіп.
Міне, бүгін біз әңгімемізге арқау етіп отырған Азаматтың болмысы осындай! Тіпті сөз қосудың өзі артық сияқты.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.