Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қымбаттайды деген сөзді естіген жұртшылық сенбі, жексенбі күндері жаппай сауда нүктелеріне қарай ағылды. Салдарынан ығы-жығы кезек пайда болды. Мәселен, мен бас сұққан супермаркеттің сатушылары қант пен тұздың түгесілгенін хабарлап, күріш, жарма, макарон өнімдерін шектеп сатуға кіріскендерін жеткізді.
Аузы-мұрнынан шығара азық-түлік салған екі сөмкені әзер көтеріп бара жатқан кейуананы тоқтатып, жөн сұрадым. “Әр адамға шақтап бергеннен кейін кезекке қайта-қайта тұрып, әбден шаршадым. Үйде тыныш отыр едім, астанадан қызым телефон соғып, баға күрт көтерілетінін айтқаннан кейін екі өкпемді қолыма алып, жеткен түрім ғой. Қайтейін, азын-аулақ зейнетақыға қарап отырған адамбыз. Мені қойшы, ана жерде қап-қабымен таласа-тармаса алып жатқандар бар”, – дейді маңдайы жіпсіген апай іштегі шерін ақтарып. Дәл осындай көріністі бірнеше шағын дүкеннен де кездестірдік. Жұмысшы кентінен хабарласқан бір танысымыз қант, тұз, күріш өнімдерінің таусылып қалғанын қынжыла жеткізді. Жоғын орталық жақтан іздестірмекке жиналып жатқанын айтты.
Азық-түлік тауарларына баға өсуінің алдын алу мәселесіне жауап беретін тиісті орындар өкілдерінің әлеуметтік желілердегі қоғамды босқа дүрліктіретін жалған ақпаратқа сенбеуге шақырған үндеулері оларға шыбын шаққан құрлы әсер етпеген тәрізді. Бұл дүрбелең алыпсатарларға қол болып тұр. Лезде бағаны бірнеше есеге көбейтіп, қалтасын қампайтып алды. Мәселен, кей дүкендерде қанттың бір килограмының бағасы 570 теңгеге дейін шарықтап кеткен. Алайда сақтандыру қорында оның бір килограмы 302 теңгеден екенін, дүкендегі шекті бағасын 312 теңгеден асырмау туралы талап барын жел сөзге ергендер елер емес.
– “Ауруда шаншу жаман, сөзде қаңқу жаман” деп аталарымыз текке айтпаған ғой. 2020 жылы да осындай жалған хабар тарап, 2-3 күннен кейін сап тыйылған. Қазір жағдай бақылауда.
Жергілікті билік мәселені шешудің бір тетігі ретінде әлеуметтік сауда желілеріне басымдық беріп отыр. Бүгінде сақтандыру қорында 720 тонна картоп, 270 тонна сәбіз, 60 тонна пияз, 40 тонна күріш, 250 тонна қырыққабат, 325 тонна қант бар. Бұл өнімдер қаланың әр жерінде орналасқан сауда нүктелері арқылы қолжетімді бағамен саудаланады. Ірі супермаркеттерде де қажетті өнімдер жеткілікті. Сөрелер күн сайын толықтырылып отыр. Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрінің 15-і өзімізде өндіріледі. Жалған мәліметтерге сеніп қалған адамдар өздерін де, өзгені де әуре-сарсаңға салып қойғаны өкінішті, – деді “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының департамент басшысы Роза Тастанбекова.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.