«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛҚАУҒА ҒАНА ЖҰМЫС ЖОҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты,

Мен жастарға сенемін! Алаш ақы­ны Мағжан Жұмабаев жастардың бо­лашағынан мол үміт күткен. Сол жас­тар ақынның сенімін ақтады ма десе, “иә” деп жауап беремін де, бүгінгі күн­ге келгенде сәл кібіртіктеп қаламын. Олай болатын себебі, Екінші дүние­жү­зі­лік соғыста қазақтың өрімдей ұл­дары жаумен қиын-кескі шайқастарда теңдессіз ерлік көрсетті. Ел экономи­касын көтеру барысында аянбай жұ­мыс істеді. Сол кездегі тұрмыстың ауырлығына байланысты оқи алмай қалғандары еңбек арқылы елінің құр­метіне бөленді. Тусырап жатқан жер­лерді игеру басталғаннан кейін жаңа өмірге қарай нық қадам басты. Техни­ка тілін меңгеруге білегін сыбана кіріскен бозбаланың бар мақсаты – ата-ана борышын ақтау болды. Қала ма, ауыл ма, екі қолды қалтаға салып, сенделіп жүру ұят саналатын. Жап­пай жұмыс істей, адалдықты мұрат тұту барлық буынға тән болатын. Ма­сылдық пиғыл мүлдем байқалмай­тын. Жоғары сынып оқушылары жаз­ғы каникул кезінде науқандық жұмыс­тарға араласып, екі-үш айдың еңбек­ақысын алғандарына мәз болысатын. Өзім де 14 жасымнан мал қораны та­залаудан, оны жөндеуден, шөп шабу­дан қалған жоқпын. Жаңа оқу жылына көтеріңкі көңіл күймен келетінбіз. Бұлшық етіміз бұлт-бұлт ойнамаса да, қатайып, күш қосылғандай, ағза­мыз тазарып, жан дүниеміз жаңарған­дай кейіпке енетінбіз.

Келмеске кеткен осы бір жақсы кө­рі­ністер еске түссе, асылымызды жо­ғал­тып алғандай баз күй кешемін. Осындайда ойға “адамды адам еткен – еңбек” деген тәмсіл оралады. Бүгінгі заман жастарында арман жоқ. Не іше­м­ін, не киемін демейді. Қалаған білі­мін, таңдаған мамандығын алып жа­тыр. Бірақ олардың ұстанған өмір сал­тында аға ұрпақ қабылдай бермейтін жағымсыз жайттар бар екенін ашық ай­туға тиіспіз. Бәзбіреулер мына қа­рия өткенді қазымырлана қазбалап, бү­гінгіні сынап-мінеуге шебер екен деп жаратпауы мүмкін. Бүгінгі тәлім-тәрбиенің, іс-әрекеттердің жөн-жо­сығын айтып, жақсылықты ұлағаттап, олқылықтан арылуды ниет етсек, оның несі айып? Менің пікірімше, “біз­дің кезімізде былай болушы” деу – ес­кілікті аңсау емес, өткеннің өркениетті тағылымын мысал ете отырып, сәу­ле­лі санаға сабақ боларлықтай қозғау салу. Сонда жиі айтылатын ұрпақтар арасындағы сабақтастық жарасымын тауып, адасқанға жөн сілтер темір­қа­зық бола ма деген игі тілек қана. Бала­ларымыз бен немерелеріміз қаны­мыз­ға сіңген өнегелерден тамыр үзсе, одан әрі бей-берекет ақпарат тасқы­ны­на көміліп, санасы мүлдем уланып, жатжұрттыққа айналып кете ме деген қорқынышымды жасыра алмаймын.

Қазіргі қоғамға еңбекқорлық идея­сын орнықтыру өте маңызды. Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” Жолдауын­да осы мәселеге айрықша тоқталды. Мем­лекет басшысы өз сөзін ұлт тағ­ды­ры сынға түскен сәтте әрдайым көш бастайтын көзі ашық, бір ауыз сөз­бен тентегін тыйып, тектісін төрге оз­дырған зиялы қауымға арнай отырып, жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құн­дылықтарды жастардың бойына сі­ңі­руге, отаншылдық, білімге құштар­лық пен еңбекқорлық сияқты қасиеттерді дәріптеуге шақырды. Бір сәттік таны­малдылықты көксейтін тамырсыз идеялардың жаппай белең алуын аса қатерлі үрдіске балады. Жақында “Qa­zaqstan” ұлттық арнасына берген сұх­батында адал еңбекпен табыс та­буды ал­дыңғы орынға шығарды. Елдің тұр­мысын құрғақ сөзбен емес, нақты іс­пен көтеру қажеттігін, жастар осыны анық сезінуін, елімізде тиімді, пайда­лы жұмыс атқаратын мүмкін­діктер аз еместігін алға тартты. Ой­шыл ақын Абайдың жақсы мен жаман туралы “талап, еңбек, терең ой, қа­нағат және рақым” деген даналық сө­зін мысалға келтіріп, бұл қағида осы заманда ауадай керек екенін ұғын­дырды.

Жастар аға ұрпаққа ұқсап, өзінің өмір­лік жолын табуға, қалыптасты­ру­ға не кедергі дегенге келсек, “ауыр­дың үстімен, жеңілдің астымен” жү­руге әуес, оңай пайда тапқыштардың көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Экономикамыздың көптеген салала­рында сұраныс бола тұра, білімі жоға­ры, күші мығым жастардың сұлулық салондарында, қыз-келіншектерге тән осындай жеңіл-желпі жерлерде жұмыс істейтінін көргенде не деріңді білмейді екенсің.

Ауылда мал бағуды, ата кәсіппен шұғылдануды ұят санайтын болды. Қалаға келіп алып, әр істің басын бір шалып жүргендерді талай кезіктірдік. Қазақ жастарының біразы такси жүр­гізушісі болып нәпақасын айырғанға мәз. “Тепсе, темір үзетін жастасың. Ер азаматқа лайық жұмыс толып жа­тыр емес пе? Мынауың зейнеткер­лердің орны ғой. Жалақысы да мар­дымсыз екен. Бала-шағаңды қалай асырай­сың? Тапқаның қапқаныңа да жетпей­ді ғой”, – деп бір мекемеде кү­зетшілік қызмет атқаратын жауырыны қақ­пақ­тай, бойы соқталдай жігіттен сыр тарт­қанымда: “Ата, бір күн жұмыс іс­теймін, екі күн алаңсыз тынығамын. Рақат емес пе?”, – деп бетіме жылмия қарады. “Түйсігің төмен бәтуәсіз екен­сің” дедім ішімнен. Жеңіс бер­мейтінін сезіп, үндемей құтылдым. Бір таныс кісінің: “Немерем үйде жұ­мыссыз отыр. Мамандығын ұнатпай­ды. Тәуір­леу қызмет іздеп жүрмін”, – дегенде таңданысымды жасыра ал­мадым.

Басқа ұлт жастарын көрсең, арлан­бай­ды, олар үшін жұмыстың үлкен-кішісі жоқ: техникаға, темір-терсекке үйір. Заманға тез бейімделгіш. Біз­дер­дікі неге ондай емес?

Шаруашылықтың саналуан сала­ла­рын қазақ жастары меңгеретін уа­қыт жетті. Қасым-Жомарт Кемелұлы Парламент Мәжілісінде сөйлеген сө­зін­де менің көкейімдегі түйткілді тап басқандай болды. “Гуманитарлық ма­мандықтармен әуестену кезеңі кел­мес­ке кетті. Басымдықты техникалық мамандықтарға беру керек. Инженер­лер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буы­нын өсіру қажет”, – деп атап көрсетуі қазақ жастарына ой салып, мамандық таңдауда басты бағдарға айналады деген сенімдеміз.

Ғабит ҚОҢЫРБАЕВ,

еңбек ардагері.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp