Жыл сайын 15 наурызда әлемнің көптеген елдерінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау күні атап өтіледі. Биыл “Consumers International” дүниежүзілік тұтынушылар ұйымы цифрлық қаржылық қызметтер сегментіндегі тұтынушылар құқықтарына баса назар аударуды ұсынды. Сондықтан биыл дүниежүзілік тұтынушылардың құқықтарын қорғау күнін “Әділетті цифрлық қаржылық қызметтер” ұранымен өткізу туралы шешім қабылданды.
Бұл мереке бүкіл әлемде тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың маңыздылығын көрсетеді, өйткені бизнес субъектілерінің жауапкершілігі және тұтынушылардың құқықтарын сақтау қолайлы әлеуметтік-экономикалық құқықтық қатынастардың дамуына, тұтынушылардың, кәсіпкерлік субъектілерінің және мемлекеттің мүдделерінің тепе-теңдігін сақтауға ықпал етеді.
Жаңа және ыңғайлы қаржы құралдары (банкоматтар, төлем терминалдары, интернет-банкингтер, электрондық әмияндар және т.б.) ыңғайлы пайдалану ортасын қалыптастырып қана қоймай, сонымен қатар ескеру қажет жаңа тәуекелдерді тудырады.
“COVID-19” пандемиясына байланысты қашықтан онлайн қызмет көрсетуге көшу кезінде банктік және интернет-сауда саласындағы алаяқтықтардың саны өсті. Мәселен, құқықтық статистика деректері бойынша біздің облысымызда 2021 жылы интернет-алаяқтықтың 706 фактісі тіркелген. Өткен жылы облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне келіп түскен барлық өтініштердің 4,8 пайызы электрондық сауда саласындағы тұтынушылардың құқықтарын бұзу мәселелеріне қатысты болды.
Тұтынушыларды алдау және интернет-дүкендерде тауар сатып алу кезінде олардың сенімін теріс пайдалану жағдайларының жиілеп кетуіне байланысты тұтынушыларға интернет-ресурстарда орналастырылған ақпаратты мұқият зерделеуді және тауарға тапсырыс беру мен оны төлеу кезінде абай болуды ұсынамыз.
Әрбір тұтынушы тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы толық, дұрыс және уақтылы ақпарат алуға құқылы екенін білуі тиіс.
Тауарды электрондық сауда арқылы өткізу кезінде оның атауы, сатып алу құны мен шарттары туралы ақпарат, сондай-ақ тауардың негізгі тұтынушылық қасиеттері туралы мәліметтер тұтынушының назарына ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы жеткізіледі. Осы ақпарат, сондай-ақ тауарды жеткізу мүмкіндігі мен оның құны, сондай-ақ тауарды жеткізу немесе шартты орындау туралы басқа деректер сатып алу-сату шарты жасалғанға дейін берілуге тиіс.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес сатушы пайдаланатын интернет-ресурста оның байланыс деректері (нақты мекенжайы мен телефон нөмірі) туралы ақпаратты орналастыру электрондық сауда арқылы тауарды өткізудің міндетті шарты болып табылады.
Мониторинг көптеген тұтынушылар жеңілдіктер мен акциялар туралы ақпаратты көріп, сатушы туралы қандай мәлімет берілгеніне көп мән бермейтінін көрсетті. Олар сатушының кері байланыс деректерінің жоқтығына алаңдамайды. Алайда бұл ақпараттың болмауы сатушының сенімсіздігінің дәлелі болып табылады.
Қазіргі уақытта тұтынушылар жиі алданатын әлеуметтік желілерде тұтынушылардың құқықтарын реттеу мен қорғауда үлкен алшақтық бар. Мысалы, алаяқтар әлеуметтік желілерде аккаунтты құрып, нарықтағыдан төмен баға белгілеп (жеңілдіктер мен жаппай сату ұсынысымен), сондай-ақ 100 пайыз алдын ала төлем сұрайды. Өкінішке қарай, тапсырыс құны төленгеннен кейін тауар сатып алушыға жетпей жатады, ал әлеуметтік желідегі аккаунт тез жоғалады. Нәтижесінде мұндай “кәсіпкер” құқықтары бұзылған тұтынушы үшін де, мемлекеттік, оның ішінде құқық қорғау органдары үшін де елеске айналады.
Осыған байланысты уәкілетті орган электрондық сауда сегментінде тұтынушылардың құқықтарының бұзылуының алдын алу мақсатында “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” Заңның жобасына тұжырымдама әзірледі. Ұсыныстардың бірі – электрондық сауда кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін “е-tutynushy” тұтынушылардың құқықтарын қорғау бірыңғай ақпараттық жүйесіне енгізу. Сондай-ақ сауданы қашықтан жүзеге асыру кезінде қолданыстағы құқық тәжірибесіндегі қазіргі кездегі олқылықтарды реттеу ұсынылады. Қазіргі уақытта тұжырымдама жобасы “egov.kz” ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында қоғамдық талқылау үшін орналастырылған.
Облыс тұрғындары тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алу кезінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кеңес алу үшін облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің жедел желісіне жүгіне алатынын еске саламыз.
Ләзім МИЯШЕВА,
облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы.