Сафуан Шаймерденов прозаның барлық жанрларында дерлік қалам тербеп, бірнеше әңгімелер мен повестер, драматургиялық шығармалар жазды, сонымен қатар поэзия, публицистика, аударма жанраларының бәріне бірдей үлес қосты.
Қаламгер әдебиеттің сан-саласында өнімді жұмыс атқарғанымен, көркем прозасы – оның басты шығармашылық келбеті. ХХ ғасырдың 60-80-ші жылдар әдебиетінің идеялық-көркемдік, сыншылдық деңгейінің өсуінде, әлемдік аренада танылуында жазушы туындыларының орны ерекше. Жазушы прозасының көркемдік әлемі кең. Қаламгер туындыларында, ең алдымен, рухани байлықты, адамгершіліктің асыл мұраттарын ту етіп көтереді, зұлымдық пен тоғышарлықты ашына айыптайды. Адам психологиясына терең бойлап, оның ішкі қайшылықтары мен сезімдік сырларын дөп басып шебер суреттей білуде жазушы повестерінің маңызы зор.
Жазушының алғашқы ірі туындысы – “Болашаққа жол” романы 1953 жылы жарық көрді. Роман кейін “Инеш” деген атпен бірнеше рет қайта басылды. Кейін жарық көрген “Мезгіл”, “Қарғаш”, “Жыл құсы”, “Өмір нұры”, “Ит ашуы” сияқты повестерінің қайсысын алсақ та, адамгершілікті, әділдікті өзек етті.
Әдебиет – ел мен елді, халық пен халықты жақындастыратын мықты идеологиялық құрал. Сафуан Шаймерденов шығармалары шет тілдерге аударылуымен бірге, өзі де шетелдің озық туындыларын аударуда үлкен еңбек етті. Ол Р.Тагордың “Күйреу” романын аударғаны үшін Қазақстан Жазушылар одағының сыйлығын алды.
Жазушы әдебиет пен өнердің астасқан жері драматургияға да өзіндік үлесін қосты. Оның “Дөкей келе жатыр”, “Әнім сен едің”, “Қыр гүлі”, “Төрт бойдаққа бір қалыңдық” т.б. пьесалары – республикалық және облыстық театр сахналарында үздіксіз қойылған туындылар. Гогольдың “Ревизорын” еске түсіретін “Дөкей келе жатыр” пьесасы арқылы қаламгер әр заманда кездесетін әрқилы мінезбен ерекшеленетін адамдарды өз пьесасы арқылы күлдіре отыра сынайды.
Оның кейіпкерлері – белсенді, білімді, өмірге құштар жандар. Адамның бойынан тек рухани тазалықты іздейтін С.Шаймерденов, шығармаларын тек шыншылдықпен жазатын.
Қаламгердің 1987 жылы жарық көрген эсселер мен естеліктерден, автобиографиялық повестерден тұратын “Ағалардың алақаны” кітабы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын алды. Бұл кітабы арқылы жазушы қазақ прозасындағы эссе жанрын жазудың үлгісін көрсеткен жазушы. Осы кітабына “Бір таба нан”, “Жел керуен”, “Қолтаңба” повестерінде деректі шындықты көркем әдебиетке айналдырған. “Бір таба нан” ХХ ғасырдың 30-шы жылдары қазақ халқына қасірет әкелген аштықты бір ауыл тағдыры арқылы әңгімелесе, “Мені қалай үйлендірмек болды” шығармасы жеңіл әзілден тұрады.
Ана тақырыбы қашанда болсын әдебиеттің ең аяулы, ең киелі тақырыбына айналғаны аян. Жазушы ана бейнесін әдебиетке жаңа қырынан әкеледі. Сафуан Шаймерденов естияр жасқа жақындап қалған шағында туған шешесі дүниеден озады. Үй ұстап тұратын ақ жаулық керек. Әкесі үйленеді. Болашақ қаламгер өгей шешеден нағыз аналық қамқорлық көреді. Еш кемдік көрмей өседі. Осы бір киелі ана сөзінің алдына “өгей” деген жүрек қаритын қатыгез деген анықтауыштың бұлжымайтын заңдылық емес екенін жазушы “Бір таба нан” повесі арқылы дәлелдеп кеткен. Шығармада өгей шешесі Бейістің ақылы мен қарапайымдылығын, жанашырлығы мен мейірімділігін әңгімелейді. “Бейіс – жаны жомарт, артық сөзі жоқ, алға түсіп суырыла сөйлемейтін, пейілі мен жылылығы ішіндегі адам ретінде танылады. Бейіс тұлғасын жаманшылықтан ада, қиындыққа көнбіс, өзінен гөрі өзгеге болсын деген жаны жомарт қалпында тамаша суреттеген. Сол қиын-қыстау заманда елдің жағдайы, күн-көрісі ауыр, егістіктен масақ теріп, соның дәнін үгіп, көже-қатық істеп, күн көрген. Әрі кеткенде бір таба нан бола ма, болмай ма? Оның өзін табу өте қиынға соққан. Ғайыптан мол масаққа кезігіп, нан пісіретіндей жағдайда өгей шешесі оттан шыққан ыстық нанды буын бұрқыратып әкеліп, өзінен туған Зікірияны тоқтатып қойып, Сафуан мен Есмағиға бірінші береді екен. Жазушы өгей шешенің осы бір жанашырлығын әңгіменің мына үзіндісінен байқатады. “Бейіс буын бұрқыратып үстіңгі табаны көтерді де, қып-қызыл болып күңірете піскен бір таба нанды қолына алып қақ бөлді. Сөйтті де жарты таба нанды “ертеден қара кешке дейін көретінің бейнет, үздігіп кетерсің, жеп ал!” – деп әкем алдына қойды. Ал қалған жартысын тағы да қақ бөліп “нан дәмін татпағандарыңа екі ай болды ғой, мә, жеңдер деп, Есмағи екеуміздің алдымызға қойды. Есімді біліп қалған мен: “Өзіңе қайда?” – дедім. – Мен тағы барып масақ терем. Тағы да нан пісірем. Сонда жеймін, – деді менің өгей шешем. Осыдан кейін қалайша оны өгей шеше демексің?! Тумаған деп аузың барып қалайша айта алмақсың?! Балапанына жемді құсып берер көгершініндей таршылық кезеңде өз сыбағасын аузынан жырып бізге бергенін ұмыта алармын ба, сірә да. Бақты, қақты, шарашасам жебеді, сүрінсем демеді”, – деп өзінің анасына деген ыстық сезімі мен өлшеусіз алғысын жан тебірентерлік сөздерімен жеткізеді. Сафуан Шаймерденов – әдебиеттегі тасжүрек, қайырымсыз етіп суреттейтін “өгей ана” бейнесін ақтап шыққан жазушы.
Жазушы – нені жазса да, әр сөзін таңдап-талғап жазатын талғампаз, сарабдал жазушы. Қаламгердің суреткерлік табиғатына қатысты ойларын академик-жазушы Зейнолла Қабдолов “сөз өнеріне бетіндегі бар ұятымен, кеудесіндегі күллі дірілімен қарайтын”, – дей келіп, “Сафуанның қай шығармасын алсақ та, күн шуағы секілді жылы, нәзік лиризм толқып, төгіліп тұрады. Бұл оның сыршыл суреткер екендігін танытады. Қай шығармасын алсақ та таза, тұнық парасат бар. Ал интеллект әдеби шығармаға ауадай қажет”, – деген сөздерімен өрбіткен.
Қазақ прозаиктерінің қатарында “ең мәдениетті жазушы” атанған Сафуан Шаймерденовтің көркем шығармалары образдарының мінез ерекшелігімен, тазалығымен оқырманын баурап алады. Жазушы повестерінің ішіндегі оқырманын ә дегеннен баурап алатын деп “Мәжнүн талды” айтуға болады. Бұл – қаламгердің өнерге деген көзқарасын айқындайтын көлемі шағын, мазмұны тұшымды шығарма.
Көркем шығармаға қойылатын басты талап – тіл шеберлігі екендігі анық. Әрбір жазушының өзіндік стилі тілі арқылы көрінеді. Сафуан Шаймерденов туындылары – тек өмірден алынған дүниелер. Оқиғаны жинақы құрайды. Мысалы, айтайық, “Ит ашуы” деп аталатын анималистік шығармаға жататын повесінде адамдар мен қатар Марғау деп аталатын иттің достыққа, уәдеге беріктігі, өз иесіне шексіз берілгендігін шынайы суреттей алуымен құнды. Осы шығармасын жазардың алдында Алматы облысының аудандарын аралап жүріп мынадай оқиғаны естиді. Бір шопан жайлаудан көшердің алдында итін жоғалтып алып, іздеп-іздеп таппаған, қасқыр жедіге жорыпты да, көшіп кете барған. Келер көктемде әлгі шопан бұрынғы үйреншікті ізімен таудағы жайлауға келе жатса, алдынан иті шыға келіпті. Шақырса келмейді, қатты өкпелеген. Сөйтсе, ел көшкенде жұртта қалған ескі тонды күзетіп қалып қойған екен. Міне, осы жай жазушының “Ит ашуын” жазуына түрткі болады. “Ит ашуындағы” кейіпкерлер сырттай қарапайым көрінгенмен, шын мәнінде іштері қатпар-қатпар, терең жатыр. Бір таңғаларлығы, санасы адамдардан төмен болып жаратылғанына қарамастан адалдықты тануда Марғау ит болса да біраз адамнан озық болып шығады. Марғаудың адамдардан тағы бір артықшылығы – ол екіжүзділік дегенді ұқпайды, сондықтан да пенделер секілді адамдардың қараулығына, әділетсіздігіне, көрсе де көрмегенсіп, білсе де білмегенсіп көз жұма қарауды білмейді. Әділет, шындық үшін ойланбастан батырларша, нағыз ерлерше айқасқа шығады. Жазушы осылайша өзінің сүйікті кейіпкері Марғау арқылы екіаяқтылардың аярлығын, пенделігін олардың бетіне шыжғырып басады.
Сөз жоқ. С.Шаймерденовтің “Ит ашуы” – өз заманының шындығын тереңнен қопарған, көркемдік кестесі келісті, талантты туынды.
Әрбір жазушы – қоғаммның тынысын тыңдап, аяқ алысын аңғарып отырады, сөйтіп, өзі өмір сүріп отырған қоғамның айнасына айналады, ыстығына күйеді, суығына тоңады. Сафуан Шаймерденов елдің әлеуметтік-қоғамдық мәселелеріне араласып, ащы да болса шындықты айтып, үн қосып отырған. Желтоқсан оқиғасы тұсында әділеттілікті талап еткен қазақ жастарын аяусыз ұрып-соққан, қуғын-сүргінге салған, онымен қоймай, күллі халықты ұлтшыл деп айыптаған билікке қарсы батыл үн қатқан қаhарман жазушы.
“Ана тіліне Мемлекеттік мәртебе беру үшін күрес қызып, тіл тағдыры, демек ел тағдыры таразыға тартылған шақта салғырттық пен мәңгүрттікке қарсы айқасқа белсене, бел шеше кіріскен ат төбеліндей аз ғана азаматтардың бірі тағы да Сафуан еді”, – деп орынды бағалаған З.Қабдолов еді. “Бүгінгідей табанының бүрі жоқ, тайғақ заманда атап өтетін бір жай: Сафуан Шаймерденов – Құдай жаратқан табиғи мінезін таза сақтап қалған аз адамдардың бірі. Оның бойында ешкімге жалпуыштанбайтын, жоғарыға жағынып, көсемнің көзіне түсейін демейтін, қашан да өз тізгінін өзі ұстап қалған қайсар табандылық бар. Осы қасиет жазушы шығармаларынан айқын көрініп тұрады. Ол кейбір әріптестері сияқты науқаншылдыққа, ұраншылдыққа ұрынған жоқ. Зманына қарай күйлейтін, жолы жеңіл, жалған тақырыптарға да қызықпады, – деп жазды жазушы Қ.Жұмаділов.
Жазушының өзгешелігін, даралығын танытатын, өзіндік шеберлігін айқындайтын тілдік қолданыстары мол. Айшықтау, ажарлау тәсілдері образ жасауда айрықша қызмет атқарады. С.Шаймерденов шығармаларында теңеулер қаламгердің шеберлігін, тілінің байлығын, орынды сөз ұйқастыру тәсілдерін айқындайды. Мысалы: “Сәске кезінде аспанды біртіндеп сұрқай бұлт басты. Сілімдік жаңбыр сіркірейді. Ұзақ күндер жылап жауар ақ жаңбыр. Түндіктеріне тіреуіш қойылған киіз үйлер, шағын-шағын төмпелер сияқты. Мелшиіп қалған иманақ тау да үлкен бір обаға ұқсап, жым-жырт құлазып қалған” (“Жыл құсы”, 106-б.).
“Жыл құсы” повесінде табиғат көрінісі осылай берілсе, “Мезгіл” повесінде басқаша өрнектеледі.
“Ашық күн. Айнала тып-тыныш, күлгін түсті ұсақ жапырақ жамылған қалың талдар қимылдамайды. Ұзарып пісіп, сабағы енді қата бастаған үкі қурайлар мен жалбыздың исі шығып, аптап ыстық леппен ауық-ауық мұрынды қытықтап өтеді. Арғы бетте өзен бойын жарыса қуалап кете берер қалың тоғай. Онан әрі, жалпақ шабындықта, талмен өріп, бастырып тастаған маялар жер бетінің меңдері секілді”.
Міне, жазушы шығармаларында суреткерлік шеберлігі әр қырымен осылай келеді. Халықтық тілдің айшықты сөз өрнегін, әдемі сөз нақышын қисынын тауып, ойды қысқа, бейнелі түсінікті етіп жеткізу мақсатында шебер қолданған.
Қаламгер шығармалары тілінің тазалығымен, эстетикалық өзгешелігімен де тартымды. Ол нені жазса да шынайы, қарапайым сөздермен жүрекке жеткізе жазады. Шығармаларында кейіпкерлерінің бейнесін әр қырынан танытып, олардың образын жасауда түрлі сөйлеу мәнерін пайдаланады, олардың мінезі, сөйлеу ерекшеліктері ішкі жан дүниесіне байланыста беріледі.
Сафуан Шаймерденовтің көркем туындылары халқымен бірге жасай берері шүбәсіз. Біз жазушының Қызылжар өңірінде туып-өскендігін, білім алып, адал азамат болып қалыптасқандығын, нағыз талант иесі болғандығын мақтан тұтамыз.
Сафуан Шаймерденов – қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы, қазақ ұлтының ары мен нары.
Жанар ТАЛАСПАЕВА,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты.