Тәу етер киеміз, бәрінен де қымбат – Тәуелсіздігіміздің торқалы тойы өтіп, төртінші онжылдыққа аяқ бастық. Егемен еліміздің жүріп өткен жолындағы қиын кезеңдер мен жетістіктер көз алдымызда. Ғалымдардың болжауынша, әлемде 4000-ға жуық ұлт пен ұлыс болса, солардың 300-інде ғана өз мемлекеті бар. Қалғанының мақтан етер елтаңбасы, көтерейін десе туы, салтанат құрған кезде шырқайтын әнұраны да жоқ. Сан жағынан аз ұлттар уақыт өткен сайын өзге халыққа жұтылып, жойылып барады. Біз де 300 жыл патша өкіметінің боданында болып, соңғы 70 жыл компартияның сұрқия саясатына амалсыздан төздік.
Ата-бабамыздың төккен тері, судай аққан қаны, әжелеріміздің зары, қазақ халқының намысы, ұлттық рухы, мазмұнды, терең мағыналы сөзі, ақылы ұлан-байтақ даланы сақтап қалып, ұрпаққа аманат етті. Бабаларымыздың арманы орындалып, қазақ елі – Тәуелсіз мемлекет болды. Аспанда айбынды көк Туымыз желбіреп тұр. Қазақ халқының барлық болмысын бойына сыйғызып тұрған мазмұны терең Елтаңбамыз төрімізде, құлақтан кіріп, бойымызға күш-қуат беретін әуезді Әнұранымыз бар.
30 жыл тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, адам баласы үшін біраз істің басын қайыратындай уақыт. Күндер айға ілесіп, айлар жылға ұласып, уақыт зымырап өтіп жатыр. Жас өспей ме, жарлы байымай ма? Тәуелсіздік кезінде туған ұрпақтың бүгінде бұғанасы қатайып келеді. Ал сол жастарымыздың бойына төл құндылықтымызды сіңіртіп, ұлттық болмысымызды қалыптастыра алдық па?!
Өзінің қалауынан ұлт мүддесін жоғары қойған Сұлтанмахмұт Торайғыров “Мен – қазақ!”, “Қазақпын”, – деп мақтанамын” десе, Қасым Амонжолов:
“Ей, тәкаппар, дүние!
Маған да бір қарашы,
Танисың ба, сен мені?!
Мен қазақтың баласы!” – дейді.
“Мен – Қазақпын! Мың өліп, мың тірілген!
Жөргегімде танысқам, мұң тіліммен!” – деп Жұбан Молдағалиев жырлайды. Ақындардың сөзінен еліне, ұлтына деген сүйіспеншілік, құрмет, зор патриоттық сезім аңғарылады. Бүгінгі жастардың бойында сол сезім бар ма? Бар болса қаншалықты деңгейде?
Күні кеше ғана еліміздің егемендігінен айырылып қала жаздадық. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, машиналарды өртеп, ғимараттарды қиратып, супермаркеттерді, қару-жарақ дүкендерін тонаушылардың көбі 17-30 жас аралығындағы өз қандастарымыз көрінеді. Халқына қамқор, еліне қорған болатын, кешегі Алаш қайраткерлері сеніп кеткен жастарымыз арам пиғылдылардың айтағына еріп, жетегінде кеткені әркімді ойлантуы керек.
Менің ойымша, бұл – сонау тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырау кезеңінің зардабы. Ата-ана күн-көріс қамымен базарда жүрді. Ал бала әке-шешенің мейірімінсіз, назарынсыз қалды. Кейбірі мұғалімдердің де жылуын, қамқорын көре алмады. Мұғалім сабақ өткізуші ғана болып қалды. Ал оқушы тәрбиесінде ұстаздың орны бөлек, ықпалының зор екенін бәріміз жақсы білеміз. Мұғалім – бала жанының инженері, бала бойының мүсіншісі бола білуі тиіс.
Егер жастардың бойында елге, жерге деген патриоттық сезім болғанда олар өз мемлекетінің мүлкін қиратып, өз халқын тонауға бармас еді. Жазушы Әбіш Кекілбайұлы: “Жалпақ әлемді аузыңа қарату үшін рухани ерлік қажет, ал жалпақ әлемге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін рухани байлық керек”, – деген екен. Өкінішке қарай, жастарымыздың бәрінің бірдей бойында рухани ерлік пен байлық табылмай тұр.
Тарихтан батырларымыз жорықтарда елін, жерін қорғап, ұрыс даласында ажал құшқанын, Алаш қайраткерлері адам төзгісіз жағдайда айдауда болса да, түрмеде көрмеген азабы, зорлық-замбылығы, қорлығы қалмаса да ешқашан сатылмағанын білеміз. Себебі олардың бойларында ұлттық рух болды.
Елімізде қаракөз қыз көп, бірақ инабатты, имандысы азайып барады. Біздің жас кезіміздегідей бұрымды сүмбіл шаш, қарлығаштың қанатындай қиғаш қас, қарақат көз, ақ маңдай, оймақ ауыз қыздарды кездестіру қиын. Қазіргі қазақ қызының кейпі тіпті ерсі, шашын жайып жіберген, омырауы ашық-шашық, қасын қырып тастап, көзінің асты-үстін көгертіп бояған, кірпігіне кірпік жалғап, ернін шиқан шыққандай үлкейтіп алған. Киіміне келетін болсақ, етегі қысқарып, кіндігі ашылған, шалбарды ит жұлмалап кеткендей алба-жұлба. Ащы болса да, шындық осы.
Әрине, бала тәрбиесі отбасынан бастау алады. Әр отбасы – кішігірім мемлекет. Әр шаңырақ берік болса, мемлекетіміз де мықты болады. Қанағатсыздық – шаңырақты шайқалтатын негізгі фактор. Отанасы ақылды, қанағатшыл болса, ол үйдің шаңырағы ешқашан шайқалмайды. Балалары жетім қалмайды. Қарттардың да көңілі жайлы болады.
Біз отбасындағы ұлттық тәрбиенің тізгінін босатып алдық. Сондықтан дереу бала тәрбиесін қолға алуымыз керек. Оған көп нәрсенің де қажеті жоқ. Тек қана әке-шеше күнде кешкісін жарты сағат уақыт бөліп, баламен әңгімелессе және түнде ешқайда бармауын бақыласа болғаны. Бала әке-шешенің мейірімін, ағасының қамқорлығын сезінсе жеткілікті. “Мен – осы елдің ұлымын, қызымын. Бұл – менің Отаным, менің елім, менің халқым”, – дейтіндей саналы, рухты, намысты етіп тәрбиелеп, өсіру – бәріміздің жастардың алдындағы парызымыз.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұсынұлы: “Жұртқа, жастарға білім үйретумен, түсіндірумен, көрсетумен, білдірумен, ұғындырумен жайылады”, – дейді. Жастарға сол білімді үйрететін кім?! Әрине, ұстаздар және біз сияқты қариялар. “Сендер тек оқушыларды тәрбиелейміз деп ойламаңдар. Сендер ата-ананы да тәрбиелейсіңдер. Себебі сендер педагогика, психология ілімдерін алдыңдар, ал ата-анада ондай арнаулы білім алған жоқ”, – деген ұстазымның сөзін ешқашан ұмытпаймын. Сондықтан балаға тәрбие мұғалімнің басқаруымен, ата-анамен ақылдаса отырып берілуі керек. Ұстаздар қауымы “Жақсы мұғалім ғана – мектептің жүрегі!” бола алатынын ешқашан естен шығармаулары керек.
Жапон елінде тәрбие көшеде де беріледі екен. Яғни, бейсенбі сайын жастар өздерін мазалаған мәселелерімен немесе алда тұрған қиындықтарымен бөлісуге, ақыл-кеңес алуға қарияларға өз еріктерімен келеді екен. Ал өзбек елінде ақсақалдар шайханада жастармен ақылдасып, пікір алысады. Кімнің баласы немесе немересі қалай өсіп келеді, қай қылығы ұнайды, қай қылығы ұнамайды және қай шаңырақтың түтіні түзу ұшпай тұр? Осының бәрін ақылдасады. Бұл бізге де үлгі.
Мейіріміміздің азаюы ата-ананы, қарттарды мұңайтады. Қамқорлығымыздың жоғалуы ағайындардың арасын алшақтатуда. Немқұрайдылық көршілермен араны суытады. Осы олқылықтарды болдырмау үшін жастар тәрбиесін мықтап қолға алмай болмайды.
Қымбат ИСМАНОВА,
ардагер ұстаз.