“Бесіксіз үйде береке жоқ” деген қазақ үшін бала – өмірдің қызығы, жалғасы, тіршілігінің діңгегі. Жүректері қатар соғып, шаңырақ құрғаннан бастап екі жастың да, ата-ананың да басты арманы ұрпақ сүю болатыны анық. Келінінің бала көтергенін сезген ененің кеудесін қуаныш кернеп, көрші-қолаң, ауыл-аймақ, ет жақындарын жиып, құрсақ тойын жасаған. Құрсақ тойына келген әр әйел шашуын ала келіп, келінге ақ тілектерін жаудырған. Жиылған әйелдер жас келінге түрлі кеңестер беріп, жүктілікті жақсы өткізуге, босануға, ана атануға дайындаған.
Араға уақыт сала келіннің ай-күні толып, толғағы басталғанда, енесі Жаратқаннан жәрдем тілеп, ауыл-аймақтағы әйелдерді шақырған. Осы кезде жарысқазан дәстүрі жасалады.
Яғни, қазанға ет салып, жиюлы жүкті шешіп, көрпе-төсектің бәрін жазып, осы тәрізді ырымдар жасаған. Бұл – келіннің тезірек босануын тілеумен байланысты ғұрып. Жарысқазан ғұрпы әр жерде әрқалай өткізіледі. Кейбір жерлерде қазанға ет салып, көрші-көлемді шақырып, ет піскенше, бала ертерек туылсын деген ырыммен көрпе-төсек, тағы басқаны ақтарып, жазады.
Ертеректе аяғы ауыр келіншектің етегін бүріп қоятын болған. Бұл – бала ертерек, мерзімінен бұрын туып қалмасын деген ырым. Туылған кезде бүрілген етектің де жібін алады. Ғұрыптың мағынасы осы. Жарысқазанда аталған ғұрыптардың барлығы жасалады.