Қазақ әдебиеті алыптарының ақырғысы Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылында 1902 жылдың 22 наурызында дүниеге келіп, 1985 жылғы 31 желтоқсанда Алматы қаласында өмірден өткен біздің даңқты жерлесіміз. Биыл 120 жасқа толып отырған ол қазақ әдебиеті алыптарының арасында барлық құрметке бөленіп, барлық атақ-даңқтарға қол жеткізіп, баянды да ұзақ ғұмыр кешкен бақытты жан деп айтуға болады. Қазақ әдебиетінің проза жанрында еңбек етіп, драматургия мен сыншылықты да қатар алып келген оның еңбектері Мемлекеттік сыйлық, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Еңбек Ері және Қазақстанның халық жазушысы атағын алуға қол жеткізді. Жеті орден, бес медальмен наградталған. Қоғамдық өмірде КСРО мен Қазақ КСР Жоғарғы кеңестерінің депутаты, оның ішінде бір жыл Жоғарғы Кеңестің төрағасы болса, екі рет Жазушылар одағының төрағасы, қазіргі “Егемен Қазақстан”, “Қазақ әдебиеті” және “Ара-Шмель” журналының бас редакторы сияқты қалам қайраткерлері үшін ең үлкен лауазымдарда болды.
Ел басына күн туған 1937 жылы ол Қазақ Өлкелік партия комитетінің баспасөз бөлімі бастығының орынбасары, одан кейін саяси-ағарту бөлімінің меңгерушісі сияқты қызметтерді атқарған. Осы қызметтерде ол қиын-қыстау уақытқа қарамай шашасына шаң жұқтырмай, артына жаман сөз ілестірмей, саф алтындай таза қалыбымен шыға білді. Тіпті “Бейімбет жау болса – мен де жау” деп қылышынан қан тамған қасапшы билікке қасқайып қарсы тұрып, қаламдасын қорғай білген жалғыз қазақ жазушысы болды. Ал өз басына күн туғанда НКВД жендеттерін қапы қалдырып, аңдыған жауды ақыл-айласымен жеңіп, тырнақтарына ілікпей, құтылып кете алған да жалғыз Ғабит Мүсірепов. Бұл да үлкен ерлік, егер ол көптің бірі болып қызыл қырғынның құрбаны болып кете барса, қазақ халқы өзінің эстетикалық талғамын арттырған, көркем ойға қанықтырған оның кейінгі классикалық шығармаларын көре алмаған болар еді.
Ғабеңнің тағы бір қасиеті – ол қазақ әдебиетіндегі маңызды талас-тартыс пікірлердің кесімін айтатын, бәрін мойындататын әділ төрешісі, аузы дуалы жоғары бедел иесі болды. Мәселен, ұзақ жылдар бойы келіспес пікір таласына айналып келген Махамбеттің “Ерулі атқа ер салмай, еңку-еңку жер шалмай…” – деген жыр жолдарындағы “ерулі”, “ереулі” және “ереуіл” сөздерінің қайсысы дұрыс екенін нақтылап беріп, нүктесін қойып кетті. Талас пікір туғанда жазушы Берқайыр Аманшин Ғабеңе ашық хат жазып, осы үшеуінің қай дұрысын айтуды тілеген еді. Ғабең жауға асыққан батырлар көздеген жеріне жедел жету үшін қос атпенен шабатынын, оның екіншісін “ерулі ат” деп атағанын айтып, айтысты қорытқан. Өкінішке қарай, Ғабең өмірден өткесін осы таласты қайтадан бықсытатындар шықты…
Ғабит Мүсіреповтің көзіне түсу, сыни мақалаларында көріну, жақсы лебізін есту қазақ жазушыларының арманы болған. “Жол таптым бар қазақтың жүрегіне…” – деп Сәбит Мұқанов айтса, Ғабит Мүсірепов – барлық қазақ ақын-жазушыларын тегіс мойындатып, қаламдастары арасында “сөз зергері” деген айрықша маңызы бар атаққа ие болған бірден-бір жазушы.
Осынау құрметті дәрежелердің бәріне ол өзінің алғашқы “Қос шалқар”, “Шұғыла” және т.б. әңгімелерінен басталған жазушылық жолында кәсібіне адал, кісілігіне кір келтірмеген, қаламына шаң жуытпаған қалпы аққан сайын саларымен толысқан, бірақ арнасынан асып, тасып төгілмей ағатын ұлы өзендей сарабдал, салмақты, ғажап ғибраттылығымен жеткен жан. Мұқағали Мақатаев Ғабең туралы:
“Ғабеке,
Анда-санда сізді көрем,
Сізді көрсем жомарт бір күзді көрем,
Еліктеп өзіңізге есім кетіп,
Көгендеп ақ қағазға тіздім өлең…” – деген екен.
Сол айтпақшы, Ғабең жемісі мол, саф ауалы, күні шуақты, салқын самалды, сары алтындай сары жапырағы ақырын ғана сыңсыған жомарт күз сияқты еді.
Өмірінің әр кезеңінде ол ана тақырыбына терең бойлап, құнын ешқашан жоймайтын “Адамның анасы”, “Өлімді жеңген ана”, “Ананың анасы”, “Ашынған ана” сияқты әңгімелерін жазып, қазақ әдебиетіне жаңа леп, көркемдік өрнек әкелді. Ал ана образының жаңа қырларын ашқан “Ер ана”, “Ақлима” атты әңгімелері соғыс жылдарында жазылды. Жалпы ана тақырыбы мен әйел психологиясын ашуды берік ұстанған жазушы әйелдің ғажайып сипатын, ішкі дүниесінің көркемдігін, сезім әлемінің байлығын беретін еңбектерін өмір бойы жалғастырды деп айтуға болады. Сол қатарда “Қыпшақ қызы Аппақ”, “Әнші Майра” және басқа үлкенді-кішілі шығармалары туған. Ал өмірінің соңғы жылдарында жазған “Ұлпан” романы – осы тақырыпты түйіндеген айрықша еңбегі. Жазушы солтүстік қазақтарының арасында өмір сүрген тарихи тұлғаның күрделі өмірін негізге ала отырып, өзінің суреткерлік шеберлігімен сол замандағы қазақ әйелінің ең жарқын, асыл қасиеттерін көрсете білді.
Алтынның қиыршықтарындай болған оның “Жеңілген Есрафил”, “Өмір жорығы”, “Қыран жыры”, “Тарландар”, “Этнографиялық әңгіме”, “Достар қалжыңы”, “Тимка-Димка” және т.б. жүздеген әңгімелері адам өміріндегі қым-қиғаш характерлерді, психологиялық ерекшеліктерді, таным-біліктерді көркемдікпен суреттеп, бұрын ескермеген таныс дүниелердің жаңа қырларын танытып, ойға қалдырады.
Ғабит Мүсірепов әлеуметтік маңызы терең тақырыптарға барып, тұтас бір ғасырға жуық кезеңді арқау еткен эпикалық дүниелер де жазған түбі терең жазушы. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан Қазақ даласында үлкен өндіріс ошақтарының, өнеркәсіптің, жұмысшы табының тууы мен қалыптасу тарихын баяндаған “Оянған өлке” романын ол 1953 жылы жазып шыққан. Күнкөріс қамымен шахтаға түскен Бұланбай секілді жігіттерді Сикорский сияқты қулардың аунатып жеуі, жауыздық әрекеттері, қазақ азаматтарының өз намысы мен еңбегі үшін оларға қарсы күрес тәсілдерін меңгере бастауы, Игілік сияқты қазақ алпауыттарының жаңа әлеуметтік өзгерістерге бейімделіп, баюдың жаңа амал-айлаларын табуға ұмтылуы сияқты дүниелер реализм әдісімен шынайы баяндалып, оқырманға сананың жаңа заманға өзгеру тарихынан мол мағлұматтар береді. “Оянған өлкенің” заңды жалғасы болған “Жат қолында” тек 31 жылдан кейін, 1984 жылы жарық көрді. Романның “Жат қолында” атануының өзі Қазақ даласындағы Қарағанды, Ақбұйрат, Нілді кеніштеріндегі жерасты байлығын ағылшын, француз, орыс кәсіпкерлері сияқты жат жұрттардың өз игілігіне пайдалануына жазушының ішкі түйсігіндегі қарсылығы романның өне бойынан сезіледі. Осыған орай Кенжеғара Берікқарин сияқты еліне жаны ашитын қазақтың оқыған жасының жаңа типті бейнесінің жасалғаны жазушының табысы. Кенжеғара – кешегі шынжыр балақ, шұбар төс атанған Игілік байдың ұлы болса да тарихтың жаңа дәуірінде, колониалдық басқыншылық жаңа қырға көтерілген кезеңінде туған жаңа типті образ. Бұлар халық қамы үшін еңбек етіп, 1937-38-дің қанды қырғынында тегіс репрессияға ұшыраған Алаш оқығандарының бейнесі екенін ойлы оқырман түсініп отырады. Бұлардан басқа, жазушының шебер қаламынан “Қазақ солдаты”, “Кездеспей кеткен бір бейне” сияқты күрделі прозалық туындылар өмірге келді.
Жазушы Ғабит Мүсіреповтің үлкен табысы драматургия саласында көрінді. Оның ұзақ жылдар бойы облыстық, республикалық сахналардан түспей келе жатқан “Ақан сері – Ақтоқты”, “Қыз Жібек”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” атты драмалық шығармалары осы саланың шедеврлері болып танылған. Бұл шығармаларында жазушы белгілі тарихи адамдармен қатар фольклорлық қаһармандардан тамаша драмалық бейнелер жасай білді. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов: “Қозы Көрпеш” пьесасы қазақ әдебиетінің бұл салада ірілеп өскендігінің айғағы. Драматургия құрылысы қиын, ауыр жанр болғанда “Қозы Көрпештің” жазушысы сол қиыншылықтарды шеберлікпен, ақындық, көркемдік, ұсталықпен шеше білген”, – деп жазды.
Бұлардан басқа, драматург Мүсірепов “Қыз Жібек” операсының, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” балетінің либреттосын жазды. Қазақтың ең алғашқы фильмі “Амангелді” мен классикалық киносы “Қыз Жібектің” сценарийі де Ғабеңнің ұшқыр қаламынан туды.
Жазушының қазақ әдебиетінің тынысын ашып, басқа халықтардың үздік ойын ұлтымызға танытудағы еңбегі де зор. Ол көркем аударма саласында еңбек етіп, О.Генридің новелларын, М.Горький, М.Шолохов, И.Эренбург, В.Васильевскаяның әңгімелерін, В.Шекспирдің, А.Островскийдің, К.Симоновтың, Л.Леоновтың, А.Сафроновтың, А.Штейннің пьесаларын шеберлікпен тәржімалады.
Ғабит Мүсірепов – өзіне ғана емес замандастары мен іні-қарындастарына да тілдің табиғилығы мен тазалығы, әсемдігі мен сұлулығы, шеберлігі мен көркемдігі бағытында қатаң талап қойған эстетикалық талғамы жоғары қаламгер. Тілдік норманың сақталуы оның назарынан үнемі түспей, аймақтық диалектілер мен шеттен кірген сөздерді әдебиетке орынсыз тықпалайтындарға қарсы ол алғы шепте болып, үлкенді-кішілі бірнеше мақала жазды. 80 жастан асқан шағында Алматыда “Соңғы жылдардағы қазақ көркем шығармаларының тілі” атты конференцияның ұйымдастырылуына мұрындық болып, онда өзі “Ана тілін арымыздай ардақтайық” деген тақырыпта мінберде тұрып үш сағаттан артық баяндама жасаған. Ғабеңнің осы соңғы ерлігін әдебиет сүйер қауым үнемі ризашылықпен еске алып жүреді. Ол кезде жас жазушылар болған Дүкенбай Досжановтың, Молдахмет Қаназовтың, Бекділда Алдамжаровтың, Марат Қабанбаевтың, Софы Сматаевтың, Кәрібай Ахметбековтің және т.б. шығармаларындағы орашолақ сөйлемдер мен тіркестерді сынап, мінін көрсетіп береді. Мысалы, мысықты сипаттаған Марат Қабанбаевтың “шалдың жұмсағын кертіп жеп, жылысын жалап жүрген маубасы” деген сөйлеміне “…“шалдың жұмсағы” деген жасы үлкендердің қалжыңдарында қалыптасқан мәні бар сөйлем. Ал енді мысық барлық аңдар сияқты жұмсақты кертіп жемейді, жұлып жейді. Мұны білмесе – білмеске соқтықпау керек”, – деп қатаң ескерту жасайды. Сол кезде қалыптасқан жазушылар Қалихан Ысқақов, Мағзом Сүндетов, Смағұл Елубаев шығармаларындағы кейбір жаңылыстарды да көзге көрсетіп кетіпті. Осының бәрін сол жылы 83-ке келген ақсақал ана тіліміздің тазалығы, көркемдігі, болашағы үшін толғанып, жазушылардың еңбектерін оқып, зерттеп жүріп тапқан. Мұндай ерлікке Мүсіреповтен басқа жазушылардың қайсысы барғанын білмейміз. Білетініміз тіл тазалығы Мүсіреповтен кейін күн тәртібінен түсе берді. Тіпті Ғабең кеткен соң “қазаннан қақпақ кетті, ұрыдан ұят кетті” дейтіндер де көп.
Әдебиеттің атасы деуге лайық осындай тұлғаны өмірге әкелген Қызылжар өңірі халқы ғана емес, бүкіл еліміз Ғабит Мүсіреповті айтып, қалай мақтанса да, қалай шаттанса да лайықты. Академик Зейнолла Қабдоловтың “Мүсіреповті мақтамайық, Мүсіреповпен мақтанайық”, – деген сөзі өзінің маңызын ешқашан жоймайды деп білеміз. Алыптар тобының ақыры болған Ғабит Мүсірепов осылайша өзінің ғана емес өз замандастарының да туған әдебиетке деген адалдығын талап етіп, түйіндеп кеткен жан.
Жақсыбай САМРАТ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.