Қызылжар өңірі – тарихи тамыры тереңде, жүрегі өлеңге, санасы көркем ой мен сұлу сөзге мейілінше сусындаған байтақ жер һәм ордалы ел.
Киелі қара топырағында алтын дән қалай жайқалып шықса, осы қасиетті топырақта қазақтың небір алтын тұлғалары өсіп-өнді.
Бізге, әсіресе әдебиетші қауым үшін – қазақтың әдеби көркем панорамасының кеңеюіне өлшеусіз үлес қосқан қызылжарлық қаламгерлердің өмірнамасы мен шығармашылығы аса қымбат.
Аруақтары жұмақта шалқығыр Қожаберген жырау, Тілеуке – Шал ақын, Шөже шайыр, Мұхамедқанапия – Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Мағжан, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов, Кәкімбек Салықов, Сафуан Шаймерденов, Сәкен Жүнісов сияқты ұлыларды дүниеге әкелген Қызылжарға барша қазақ қарыздар деп білемін.
Олардың сансыз замандастары мен артынан ерген бүгінгі ұрпақ қаламгерлердің өзі – бір төбе.
Қазақ әдебиетінің қара шаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағына төраға болған 3 тұлға – Ғаббас Тоғжанов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтер де – осы киелі Қызылжар өңірінің асылтекті оғландары.
Қазақ Елінде Жазушылар одағына үш бірдей төрағаны берген басқа ешбір өңір жоқ!
Және одақтың тарихында Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов араға жылдар салып, екі қайтара сайланып отырды.
Бұл – олардың қаншалықты беделді, қаншалықты ықпалды тұлғалар болғанын аңғартса керек. Әсіресе осы екі төрағаның тұсында Жазушылар одағының алапаты ерен тасыған-тұғын.
Ол кезде Жазушылар одағының ықпалды болғаны соншалық – одақ басшылары Орталық комитеттің кейбір мәселелерге қатысты шешімдерін тоқтата алатын болған.
Қазіргі Жазушылар одағының ғимараты бұрынғы астанамыз – Алматыда Үкімет үйінің дәл қасынан салынғанын жақсы білесіздер. Ол ғимарат “Қазақ ССР-і ет және сүт өнімдері министрлігіне” арналған еді.
Бұл министрлік сол кездегі Қазақстанның, тіпті жалпы Кеңес одағы бойынша ең бір жоғары стратегиялық мекеме болатын. Себебі ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету бойынша Қазақстан КСРО бойынша 2-ші орында тұрды.
Ол кезде мұнай мен газ дәл қазіргі жағдайдағы көлемде өндірілмейтін. Демек, Алматыдағы ең ірі және ең сәулетті деген ғимаратты жоғарыда айтылған министрлікке беру заңды нәрсе-тұғын.
Сол ең бір сәулетті де айбарлы ғимаратты Ғабит Мүсірепов өзінің зор беделінің арқасында Жазушылар одағына алып берді.
Бірер жыл бұрын біз ол ғимаратты Қазақстан бойынша жекешелендіруге мүлде жатпайтын, стратегиялық һәм тарихи объектілердің тізіміне енгіздік. Енді оған көз алартатындардың меселі қайтты деп сенемін. Бұл да болса, біздің Ғабит өсиетін орындағандығымыз деп білемін.
Міне, бір сөзге сыймайтын Ғабит ағамыздың жазушылығын былай қойғанда, оның халық үшін және әдебиет үшін жасаған ғаламат қайраткерлігі қазақ жадында мәңгі сақталатын дүние.
“Бесеудің хатына” қол қойғанынан бастап, қайтарынан 3 күн бұрын ұлтына жазған қоштасу хаты арқылы да біз Мүсіреповтің ұлық адами болмысынан хабардар бола аламыз.
Әркім өз дәуірінде әртүрлі күреседі. Саясаткер амалымен, Жазушы қаламымен.
Ғабит Мүсіреповтің жапон жазушысы Тоцуоның формасына салған болып, 3 мөлтек әңгіме жазу арқылы, ол кезде айтуға болмайтын Қазақ жеріндегі ядролық жарылыстар туралы әлемге жеткізгісі келгендігі – оның өз елінің асқан жанашыры екендігін айқындап тұрған жоқ па?! “Жапон – үлкен көзді ел емес. Ойлы көзді, азғана мұңды көзді ел”, – деп жапонның емес, қазақтың жанарын тұспалдап айтып отыр Ғабит ағамыз.
Мен бүгін Кәкімбек пен Сафуан ағаларымыз туралы кеңінен толғанып, айта алар едім, алайда олардың өмірі мен шығармашылығына арнайы дайындалған баяндамашылар бар. Сонда да Кәкімбек аға туралы бір сөз айтпасам болмай тұр. Мен ол кісінің көзін көрдім. Аз-кем сұхбаттастым. Соның өзіне тәубе деймін.
Осы өңірден түлеп ұшып, поэзияда өшпейтіндей із қалдырған ақын ағамыздың шығармашылығы жөнінде аз айтылып жүрген жоқ. Сөзіне жазылған көптеген әндер қазақтың құлағында һәм жүрегінде.
Бірақ ол кісінің Қызылжардан түлеп ұшып, өзге елге барып, сол елдің ең жоғарғы лауазымына жету – мен үшін фантастикалық оқиға.
Мейлі, ол кішкентай автономиялық ел болсын, мәселе онда емес. Мәселе, бір елдің адамы туысқан болса да жат мемлекеттің басшысы болуында. Мен осыған қайран қаламын. Иә, партиялық нұсқау арқылы барсын, басқалай болсын, бәрібір соған ол лайық боп танылды. Демек, тегін кісі болмағандығында деп ойлаймын.
Желтоқсан оқиғасы кезінде Колбинге қарсы Жұбан ағамыздан басқасы жұмған аузын ашпады дегенді естіп қалып жатамыз. Жұбағаңдай ұлды тудырған қазақ халқына мың тағзым!
Бірақ біз Сафуан ағамыздың Колбинді тыпыр еткізбей, отырғызып қойып, 40 минут тоқтамай сөйлегенін неге ұмытамыз?
Елдің бәрі жаппай жағымпаздыққа батып-шығып жатқанда, аталы сөзін айтқан қаламгерді қалай ғана құрметтемейсің?!
Осыдан кейін, өз ұлдары арқылы Алты Алашты ауызына қаратқан Қызылжар өңірін қазақы жер емес, орыстанған, пәт-шәт деп кімнің дәті барып, айта алады?!
Олай айтып жүргендер бар болса бар шығар, бірақ олар Қызылжардың нағыз тарихын білмейтін таяз, ақымақ адамдар!
Қазақы жер, қазақы ел болса – дәл қазір бәріміз топырағын басып тұрған Қызылжардай-ақ болсын!
Осының бәрі – Қызылжар топырағының киесінде деп білемін. Олай болса, Қызылжар – қазақтануға емес, маңайдағы аймақтарды қазақтандыруға әбден құдыреті жетеді.
Балаға сен нашарсың дей берсе, ол жасық, сорлы боп өседі. Сол сияқты Қызылжар – сен солтүстігімізде тұрған мықты шепсің, сен тіпті Алаш жерлеріне қазақ рухын шашып тұратын батыл мекенсің дегеніміз дұрыс болады емес пе!?
* * *
Қызылжар – ұлы қазақ әдебиетіне ғаламат таланттарды, қайталанбас саңлақ тұлғаларды сыйлады. Бұл үрдіс жалғасу керек!
Сол себептен әдебиетті қолдау арқылы – үлкен идеологиялық нәтижелерге қол жеткізуге болады.
Мәселен, неге Қызылжар қаласында Қорған, Орынбор, Омбы, Түмен облыстарында тұратын қандастарымыздың басын қосып, достық әдеби форум ұйымдастырмасқа.
Әдебиет – жұмсақ күш. Осы күшті мейілінше пайдалану керек. Көрші елдегі қандастарымыздың әдеби талпыныстарын қолдау арқылы, оларға салт-дәстүрімізді, ұлттық болмысымызды сіңіруге болады.
Оған көп қаражат кетпейді, бірақ оның әсері ұзаққа сақталады. Әсіресе қазір осы Қызылжар туралы көршіміз тарапынан небір сөздер айтылып қап жатқан кезеңде – бұл аса өзекті деп ойлаймын.
Екіншіден, қазір білесіздер, Жазушылар одағының жұмысы жолға қойылды. Жер-жерлерде, өңір-өңірлерде филиалдарымыз қарқынды жұмыс істеп жатыр. Оны жұрт көріп-біліп отыр.
Бізге осы Солтүстік Қазақстандағы филиалдың да жұмысын реттеу керек боп тұр. Жергілікті биліктің көмегі болмаса, біздің әрекеттің бәрі бекер болады.
Қарапайым ғана мысал – жергілікті қаламгерлер баратын Қызылжардағы филиалға офис керек. Ал ол офис – әкімдіктің нағыз серіктесі болар еді. Әсіресе қазіргі алмағайып заманда. Меніңше, оны шешу аса қиын емес шаруа сияқты.
Ғабит ағамыз: “Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жағдайда, ұлт ұлы болып есептелмейді”, – дейді.
Демек, ұлтымыз ұлы болсын десек, біз ұлы әдебиет жасауымыз керек, оны жасаушыларды ұмытпауымыз керек, тірілерін қолдауымыз керек.
Ақберен ЕЛГЕЗЕК,
Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары.