«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Оғландар ордасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар өңірі – тарихи тамыры те­реңде, жүрегі өлеңге, санасы көр­кем ой мен сұлу сөзге мейілінше су­сындаған байтақ жер һәм ордалы ел.

Киелі қара топырағында алтын дән қалай жайқалып шықса, осы қасиетті топырақта қазақтың небір алтын тұл­ғалары өсіп-өнді.

Бізге, әсіресе әдебиетші қауым үшін – қазақтың әдеби көркем пано­ра­масының кеңеюіне өлшеусіз үлес қосқан қызылжарлық қаламгерлердің өмірнамасы мен шығармашылығы аса қымбат.

Аруақтары жұмақта шалқығыр Қо­жа­берген жырау, Тілеуке – Шал ақын, Шөже шайыр, Мұхамедқанапия – Се­гіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Мағжан, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов, Кәкімбек Салықов, Сафуан Шаймерденов, Сәкен Жүні­сов сияқты ұлыларды дүниеге әкел­ген Қызылжарға барша қазақ қарыз­дар деп білемін.

Олардың сансыз замандастары мен артынан ерген бүгінгі ұрпақ қа­лам­герлердің өзі – бір төбе.

Қазақ әдебиетінің қара шаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағына тө­раға болған 3 тұлға – Ғаббас Тоғжа­нов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіре­пов­тер де – осы киелі Қызылжар өңірінің асылтекті оғландары.

Қазақ Елінде Жазушылар одағына үш бірдей төрағаны берген басқа ешбір өңір жоқ!

Және одақтың тарихында Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов араға жылдар салып, екі қайтара сайланып отырды.

Бұл – олардың қаншалықты бедел­ді, қаншалықты ықпалды тұлғалар бол­ғанын аңғартса керек. Әсіресе осы екі төрағаның тұсында Жазушылар одағының алапаты ерен тасыған-тұғын.

Ол кезде Жазушылар одағының ықпалды болғаны соншалық – одақ бас­шылары Орталық комитеттің кейбір мәселелерге қатысты шешім­дерін тоқтата алатын болған.

Қазіргі Жазушылар одағының ғи­мараты бұрынғы астанамыз – Алма­тыда Үкімет үйінің дәл қасынан са­лын­ғанын жақсы білесіздер. Ол ғи­марат “Қазақ ССР-і ет және сүт өнім­дері министрлігіне” арналған еді.

Бұл министрлік сол кездегі Қа­зақстанның, тіпті жалпы Кеңес одағы бойынша ең бір жоғары стратегиялық мекеме болатын. Себебі ауыл ша­руа­шылығы өнімдерімен қамтамасыз ету бойынша Қазақстан КСРО бойынша 2-ші орында тұрды.

Ол кезде мұнай мен газ дәл қазіргі жағдайдағы көлемде өндірілмейтін. Демек, Алматыдағы ең ірі және ең сәулетті деген ғимаратты жоғарыда айтылған министрлікке беру заңды нәрсе-тұғын.

Сол ең бір сәулетті де айбарлы ғимаратты Ғабит Мүсірепов өзінің зор беделінің арқасында Жазушылар одағына алып берді.

Бірер жыл бұрын біз ол ғимаратты Қазақстан бойынша жекешелендіруге мүлде жатпайтын, стратегиялық һәм тарихи объектілердің тізіміне енгіздік. Енді оған көз алартатындардың ме­селі қайтты деп сенемін. Бұл да бол­са, біздің Ғабит өсиетін орындағанды­ғымыз деп білемін.

Міне, бір сөзге сыймайтын Ғабит ағамыздың жазушылығын былай қойғанда, оның халық үшін және әде­биет үшін жасаған ғаламат қайрат­кер­лігі қазақ жадында мәңгі сақта­латын дүние.

“Бесеудің хатына” қол қойғанынан бастап, қайтарынан 3 күн бұрын ұлтына жазған қоштасу хаты арқылы да біз Мүсіреповтің ұлық адами бол­мысынан хабардар бола аламыз.

Әркім өз дәуірінде әртүрлі күре­седі. Саясаткер амалымен, Жазушы қаламымен.

Ғабит Мүсіреповтің жапон жазушы­сы Тоцуоның формасына салған бо­лып, 3 мөлтек әңгіме жазу арқылы, ол кезде айтуға болмайтын Қазақ же­ріндегі ядролық жарылыстар туралы әлемге жеткізгісі келгендігі – оның өз елінің асқан жанашыры екендігін ай­қындап тұрған жоқ па?! “Жапон – үл­кен көзді ел емес. Ойлы көзді, азғана мұңды көзді ел”, – деп жапонның емес, қазақтың жанарын тұспалдап айтып отыр Ғабит ағамыз.

Мен бүгін Кәкімбек пен Сафуан аға­ларымыз туралы кеңінен толғанып, айта алар едім, алайда олардың өмірі мен шығармашылығына арнайы да­йындалған баяндамашылар бар. Сон­да да Кәкімбек аға туралы бір сөз айт­пасам болмай тұр. Мен ол кісінің көзін көрдім. Аз-кем сұхбаттастым. Соның өзіне тәубе деймін.

Осы өңірден түлеп ұшып, поэзияда өшпейтіндей із қалдырған ақын аға­мыздың шығармашылығы жөнінде аз айтылып жүрген жоқ. Сөзіне жазыл­ған көптеген әндер қазақтың құла­ғында һәм жүрегінде.

Бірақ ол кісінің Қызылжардан түлеп ұшып, өзге елге барып, сол елдің ең жоғарғы лауазымына жету – мен үшін фантастикалық оқиға.

Мейлі, ол кішкентай автономиялық ел болсын, мәселе онда емес. Мәсе­ле, бір елдің адамы туысқан болса да жат мемлекеттің басшысы болуында. Мен осыған қайран қаламын. Иә, пар­тиялық нұсқау арқылы барсын, басқа­лай болсын, бәрібір соған ол лайық боп танылды. Демек, тегін кісі бол­мағандығында деп ойлаймын.

Желтоқсан оқиғасы кезінде Кол­бин­ге қарсы Жұбан ағамыздан бас­қа­сы жұмған аузын ашпады дегенді ес­тіп қалып жатамыз. Жұбағаңдай ұлды тудырған қазақ халқына мың тағзым!

Бірақ біз Сафуан ағамыздың Кол­бин­ді тыпыр еткізбей, отырғызып қо­йып, 40 минут тоқтамай сөйлегенін не­ге ұмытамыз?

Елдің бәрі жаппай жағымпаздыққа батып-шығып жатқанда, аталы сөзін айтқан қаламгерді қалай ғана құрмет­темейсің?!

Осыдан кейін, өз ұлдары арқылы Ал­ты Алашты ауызына қаратқан Қызылжар өңірін қазақы жер емес, орыстанған, пәт-шәт деп кімнің дәті барып, айта алады?!

Олай айтып жүргендер бар болса бар шығар, бірақ олар Қызылжардың нағыз тарихын білмейтін таяз, ақымақ адамдар!

Қазақы жер, қазақы ел болса – дәл қазір бәріміз топырағын басып тұрған Қызылжардай-ақ болсын!

Осының бәрі – Қызылжар топыра­ғының киесінде деп білемін. Олай бол­са, Қызылжар – қазақтануға емес, ма­ңайдағы аймақтарды қазақтандыруға әбден құдыреті жетеді.

Балаға сен нашарсың дей берсе, ол жасық, сорлы боп өседі. Сол сияқ­ты Қызылжар – сен солтүстігі­мізде тұрған мықты шепсің, сен тіпті Алаш жер­леріне қазақ рухын шашып тұра­тын батыл мекенсің дегеніміз дұрыс болады емес пе!?

* * *

Қызылжар – ұлы қазақ әдебиетіне ғаламат таланттарды, қайталанбас саңлақ тұлғаларды сыйлады. Бұл үрдіс жалғасу керек!

Сол себептен әдебиетті қолдау арқылы – үлкен идеологиялық нәти­желерге қол жеткізуге болады.

Мәселен, неге Қызылжар қаласын­да Қорған, Орынбор, Омбы, Түмен об­лыстарында тұратын қандастары­мыз­дың басын қосып, достық әдеби форум ұйымдастырмасқа.

Әдебиет – жұмсақ күш. Осы күшті мейілінше пайдалану керек. Көрші елдегі қандастарымыздың әдеби тал­пыныстарын қолдау арқылы, оларға салт-дәстүрімізді, ұлттық болмы­сы­мызды сіңіруге болады.

Оған көп қаражат кетпейді, бірақ оның әсері ұзаққа сақталады. Әсіресе қазір осы Қызылжар туралы көршіміз тарапынан небір сөздер айтылып қап жатқан кезеңде – бұл аса өзекті деп ойлаймын.

Екіншіден, қазір білесіздер, Жазу­шылар одағының жұмысы жолға қо­йылды. Жер-жерлерде, өңір-өңірлерде филиалдарымыз қарқынды жұмыс істеп жатыр. Оны жұрт көріп-біліп отыр.

Бізге осы Солтүстік Қазақстандағы филиалдың да жұмысын реттеу керек боп тұр. Жергілікті биліктің көмегі болмаса, біздің әрекеттің бәрі бекер болады.

Қарапайым ғана мысал – жергілікті қаламгерлер баратын Қызылжардағы филиалға офис керек. Ал ол офис – әкімдіктің нағыз серіктесі болар еді. Әсіресе қазіргі алмағайып заманда. Меніңше, оны шешу аса қиын емес шаруа сияқты.

Ғабит ағамыз: “Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жағдайда, ұлт ұлы болып есептелмейді”, – дейді.

Демек, ұлтымыз ұлы болсын де­сек, біз ұлы әдебиет жасауымыз ке­рек, оны жасаушыларды ұмыт­пауы­мыз керек, тірілерін қолдауымыз ке­рек.

Ақберен ЕЛГЕЗЕК,

Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp