Ақын – құбылыс! Бұл жаратқан иенің құдіретті есімі. Гомерден бастап Гете, Пушкин, Шекспир, Байрон, Бернс, Мағжандарға дейін осындай. Алла жарылқап, аруақ жебеген адамдар олар. Ертедегі Шығыс патшалығының көпшілігі шетінен ақын, ғұлама, философ. 15 ғасырдағы қазақтың ақын жырауларына қараңыз. Қазтуған, Доспанбет, Ақтамберді – әрі батыр, әрі ақын, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем еді.
Алаштың арда ұлы, қазақтың жезқанатты жезкиігі Кәкімбек Салықовтың мансап биігінде жүріп, ақын болуы – рухани дүниеміздегі ірі құбылыс, сөз ұстаған халқымыздың ұлылығының бір нышаны. Ендеше сонау Күлтегіннен бастап бүгінге жеткен ғажайып қазақ жырының қайталанбас бір тұлғасы – Кәкімбек Салықов. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының басында оқырманның қолына түскен Кәкеңнің алғашқы жыр жинақтары “Сыр”, “Жезкиік” өлең құмар қазақ баласын жалт қаратқан. Кенші ақынның өлеңдерінде ойлы да, сырлы нақыштар көбірек көрінуі заңды еді. Құдай берген талантын мәпелеп, өмірдің сырына терең бойлады. Кеншілік пен ақындықты құстың қос қанатындай қатар алып жүрген ақынның өлеңбаяны қазақ жұртының көз алдында тереңдік пен биіктік атты өлшемдерге айналып жүре берді.
Ақындық пен кеншілік сағы сынбай,
Ұшырады қос қанат қағысындай.
Өзге түгіл өзіме көрінеді,
Құйысқандас қос жүйрік жарысындай.
Арманына жетелеп алыстағы,
Өлең мен кен мәреден қалыспады.
Өзге түгіл өзіме елестейді,
Сәуле менен дыбыстың жарысқаны, – дейді Кәкімбек ағам. Оның өлеңдерінде кеншіліктің қызуы мен ақындықтың жылуы бірін-бірі толықтырып тұрғандай. Ол жарық өмірді, қазақтың жұртын, адамзаттың баласын тұтас сүйді. Кәкімбек ақынның Мәскеу, Болгария, Қырғыз, Түркімен, Қарақалпақ жырлары көкжиегін кеңейткен, болашаққа бағдар, болмысқа барлау жасаған, өресін өсірген, шеберлігін шыңдаған – дәуір суреттері.
Қайда жүрсем,
Ашық аспан – алаңым.
Біреуге – іні,
Біреулерге – ағамын.
Жүрегімді
Достық аты жылытып,
Достарымнан
Мен де рахат табамын, – дегенді ол ақындық адал көңілмен-ақ айтқан.
Мен де талай қиындыққа тоғысқам,
Менің де әкем оралмаған соғыстан.
Менің де анам ерте кеткен өмірден,
Маған-дағы жақсы жандар болысқан, – дейді ақын тағы бір өлеңінде.
Кәкімбек ақындығы адамның ой сезімін ұштап, қиялына қанат бітіреді. Махаббат, сағыныш, парасат секілді ұлы сезімдер оның көңілінен құс болып қанат қағып, Алаш жұртының көңіл айдынына қонып жатады. Әйгілі әнге айналған “Аңсау” жырында “Елге кетіп қалар ма ем, ере кетіп солармен”, – деп көңілдің қыл пернелерін басады. Құштар көңіл, сағыныш сәлемін жолдайды.
Туған жерге, ата-анаға құрмет, сүйіспеншілік пен сағыныш оның кез келген өлең поэмасында атойлап көрініс береді. “Ұрпақ сыры” атты лирикалық поэмасы – ақынның жүрек сыры, жан сезімі. Онда жетім бала, жесір ана, әке өлімі, соғыс кезеңінің ауыртпашылығы жан тебірентерлік сезімталдықпен жырланған. Кәкімбек лиро-философиялық бағыттағы ақын. Осы поэмадағы анасының қайтуы, бала жүрегінің тебіренісі, әке рухымен тілдесуі, ішкі сезім арпалысы оқырман жанын жай таптырмайды.
Анам менің –
Ардақты адал жарың,
Танытты ғой,
Сен үшін жаралғанын.
Екеуміз ек ақ адал тілегі де,
Сүйеніш, тірліктегі тірегі де.
Ол барда жақын еді сан арманым,
Бір кетсе, орны қайтып толмайды екен,
Анаңнан артық адам болмайды екен.
Асқарым еді,
Сүйенішім.
Ақылшым.
Еш пендеге алданбай,
Тосумен өтті өзіңді ғана армандай,
Енді екеуің де қара жерде жатырсың.
Ол “бақылмын” деген,
Сен – бақылсың.
Тәтті әуенге салар ем,
Жетер саған үн болса.
Анам атын қояр ем,
“Тосу” деген гүл болса.
Сондай-ау шығар дүние,
Тоса білген жан болса.
Кәкімбек – ақын сезімін іркіп қала алмайтын, үлкен жүректің жыршысы. Оның жырлары – өзі туған Қызылжар мен Көкшенің саф ауасындай тұнық, қайыңдары мен қарағайындай биік, айдын көлдеріндей мөлдір. Академик Серік Қирабаев Кәкімбек інісінің өлеңдері жайлы: “Туған табиғаты сүйікті ұлына құйылып тұрған сұлу жыр сыйлаған. Оған Ақан әндерінің сұлулығы мен сыршылдығы, Ыбырайдың ерлігі, Мағжанның сезімталдығы дарыған.
Сезім шыншылдығы оның өлеңдеріндегі ойды ашып, нақтыландырады. Оның табиғат, махаббат жырлары осындай. Олар да сағыныштан туады.
“Сағынышым кұс жолындай жалғайды, Жалғызтау мен Ұлытаудың арасын”, – дейді ол. Ақынның “Күз”, “Оқжетпес”, “Көкшетау”, “Ақжауын”, “Есілге”, “Теңізге” тәрізді өлеңдерінде сол өлкелерге тән суретпен бірге, онымен ұштасып жатқан адам сезімі, көңіл күйі жырланады. Өлеңнің лирикалық кейіпкері кейде бұлтқа ұқсап, “Түнерсем де кей-кейде жаумай кетем”, “Сәл жабықсам, әп-сәтте ашыламын. Күн сәулесін құлшына ала келген, ақ жаңбыр боп төгіле шашыламын”, – дейді.
Кәкеңнің әнге айналған өлеңдері көп. Бір ғана “Жезкиік” өлеңіне ұлы сазгер Нұрғиса Тілендиевтен бастап, Жақсыгелді Сейіловке дейін ондаған композитор әуен шығарыпты.
Құмарым қайта көріп қанар ма екен,
Әл бітіп салқын жүрек жанар ма екен?!
Болмаса суық қолды бір сұм мерген,
Дәл көздеп киікті атып алар ма екен?!
Сұлуды адам жаны қимайды екен,
Беймезгіл еске түсіп қинайды екен.
Жезкиік, сені аңсаған кездерімде,
Бір өзім кең далама сыймай кетем,
Бір өзім Сарыарқама сыймай кетем.
Алаштың арқалы ақыны Серік Ақсұңқар інісі бұл жөнінде былай дейді: “Кәкең көрген Жезкиікті біз де көрдік. Бірақ Кәкеңнің көзіне іліккен киіктің керемет кербез болмыс-бітімі, мүлде бөлек. Бір өзі – бір Жезқазғанның символындай, “Баяғы қызыл ішік киген қыздай, жез камзол киік” бұл! Осынау ғажайып сиқыр өлеңнің авторы Жезқазған обкомының хатшысы екенін білгенде таңғалған үстіне таңғалып едім. Сол “Жезкиік” әнге айналып, Атырау, Арқа, Алатау, Алтайдың арасын шарлап жүр! Корольдің құпия кеңесшісі Иоганн Вольфганг фон Гете алғашқы һәм соңғы өлеңін әйел затының сұлуына бағыштаса, К.Салықов алғашқы өлеңін Алаш анасына арнады. Бұл ұғым Кәкеңнің көзіне біресе Жезкиік, біресе Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Біржан сал, Тәттімбет, біресе Сәкен, Қаныш, Евней, біресе Күләш, Бибігүл, Фариза болып елестейді.
Кәкімбек ақынның өмірбаянынан өлең баянын бөліп қарауға әсте болмайды. Ол – мансаптың биік сатыларына барған қайраткер.
Черненконың Генсек болуы үлкен елдің айықпас сырқатының басталуы еді. Төрінен көрі жақын болып әрең жүргенде әлемнің бір тұтқасын ұстап тұрған империяны басқаруға кірісуі партияның әбден тозғанының белгісі болды демей, не тұжырымға келмекпіз. Бір рет қана қызмет бабымен кездестім. Бір танауы мен екі кұлағына мақта тығып қойған екен, жаным ашып, шошып кеттім, құлайын деп тұрған ауру пілдей боп көрінген үлкен елді аяп кеттім.
Михаил Горбачев жайлы жазарым да, айтарым да аз емес. Бірақ ол кісі туралы Е.К.Лигачев ақсақал “ол сатқын” деп тура айтты. Соны оқығанда, Горбачев алған Нобель сыйлығы есіме түсті. Бұл – өте күрделі кезең еді. Кеңес одағының тұңғыш Президенті, Жоғарғы Кеңестің төралқасын да басқарды. Сол төралқаға (президиум) Р.Гамзатов, Ш.Айтматов және мен мүше болдық. Мәжілістерде талай айтыс тартыстар болып жатады. Сол талқыласу мен салғыласуға Шыңғыс ағамыз белсенді қатынасатын, өзімнің де шақарлығым аз емес, үндемей қалған жерім жоқ болатын. Бір күні дачамыз қатарлас болғандықтан жиі кездесулерді пайдаланып:
– Расул аға, Сіз неге үндемейсіз, кейде бір сүйеніш табамын ба деп, көптен дос болған соң сізге қараймын, міз бақпайсыз, ал Айтматов болса бірде қоштап, бірде тоқтау айтып жатады дегенімде:
– Ай, Какимбек мой брат, бұл Горбачев пен Айтматовтың әңгімелері ұнамайды, осылар одақты құлатады, – деді. Ұлылығына күмәнім жоқ еді, мына сөзінен кейін ол кісіге тиісуімді қойдым. Тағы да Расул ағамен бір кездесуім өлең болып кетті.
Құшақ жайып ізетпен бағалайтын,
– Расул аға, ассалаумағалайкум!
Саулық қалай дедім
мен сабыр сақтап,
Емханада нең бар көп жағалайтын?
Қатты ойланды қыздырды ма, сұрақ бой,
Көзі күлді.
Сыбырлады-ау зиятты ой.
“Мына сырқат мемлекетте, – деді ол, –
Сау жүрудің өзі маған ұят қой”.
Міне, Ғамзатов, ол сырқат мемлекетте сау жүруге ұялатын. Ал өзімді Қарақалпақстанда атақты ақын Ибрагим Юсуповты қатты қорғап, нық қолқабыс жасағаным үшін қатты сыйлайтын. “Ақынға ақын дос” дегенді берік анттай сақтадың деуші еді. Адамзаттың абзалы Расул ағамыздың айтқаны айнымай дәл түсті, сырқат мемлекет құлады. Горбачевтің өзі де сұлап түсті. Хрущевті екі рет алыстан көрдім. Студент кезімде Сталин өлгенде жастық шақтың өжет күшінің арқасында қоштасуға қатынастым.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
ақын.