«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қызылжар өңірі әдебиетінің өткені мен бүгіні

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақ қайыңдарымен ажарлы, ән-жырымен базарлы, елдің шетіндегі, суық желдің өтіндегі қасиетті мекен – Қызылжар топырағы – алуан-алуан жүйріктерді томағасын сыпырып бәйгеге қосқан алтын тұғыр! Бұл өлкеден де талай-талай ел бастаған көсемдер, от ауызды, орақ тілді шешендер, найзалы батырлар мен намысты ақын-жыраулар шыққан.

Шоқ жұлдыздай жарқыраған осы шоғырдың басында атақты Танаш би, “Елім-ай” дастанының авторы Қожа­берген Толыбайұлы, Сегіз сері сияқты саңлақтардың тұрғаны ақиқат. Мұның өзі бір жағынан, өңір әдебиетінің та­рихы тым тереңде жатқанын айғақ­тайды.

Зерттеушілер ауыз әдебиеті мен жаз­­ба әдебиетінің арасындағы “ал­тын кө­пір” деп бағалап жүрген, “сауы­ры­нан су төгілмес боз жорға”, жыр жүй­рігі –Тілеуке Құлекеұлы – Шал ақынның есімі де жерлестерімізге аса қымбат.

Десек те ХІХ-шы ғасырда әнші-саз­герлер өңірімізді әнмен әлдилеге­нін баса айтуымыз керек. Бұл ретте біз Сегіз сері, Нияз сері, Дәстем сал, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Салғара, Жанкісі тағы басқа да әнші-жырауларды, сол сал-серілердің соңғы тұяғы – әнші әрі ақын Игібай Әлібаевты мақтанышпен еске ала­мыз. Бірақ бұлардың әдебиеттен гөрі сахнада салмақтырақ болғанын өнер­сүйер қауым жақсы біледі.

Жамбыл ауданында туған Шағы­рай, Қарсақ ақындардың өмірі мен шы­ғармашылығына қатысты көпте­ген жайлар кезінде ескерілмеген­дік­тен, адамдардың жадынан өшіп, көмескілене бастағаны анық. Бірақ олардың есімдері мүлде ұмытылып қалды деуге болмайды.

Бүгінде Қызылжар өңірін Мағжан­сыз көз алдыңызға елестете алмай­сыз. Атақты сөз зергері Мұхтар Әуе­зов 1923 жылы жазғандай, “Болашақ­қа жететін сөз – Мағжан сөзі” деген лебіз нақты шындыққа айналды.

Бүгінде кейбіреулер Кеңестік кезең қазақ әдебиетінің тұма-бұлақтарының көзін бітеп, ағысын тұсап тастады деп жүрсе де, біздің әдебиетіміз үшін ұлы төңкерістен кейінгі уақыттың ол­жасы да аз болған жоқ. Бұл кезеңде көштің алдында Сәбит Мұқанов жүр­ді. Оның 1920 жылдан, өмірден озған 1973 жыл­ға дейінгі елу үш жыл­дық шы­ғар­машы­лық ғұмыры қазақ әде­биеті­нің поэзия, проза, драматур­гия, әде­биеттану, сын, ғұмырнама, моно­гра­фия тарауларын­да өшпес із қалдырды.

Сәбең туған Жаманшұбармен ірге­лес Елтінжалда қазақ әдебиетінің жа­рық жұлдызы – Ғабит Мүсірепов дү­ниеге келді. Әлемдік деңгейдегі әде­биет алыбына айналған асқан ғұла­ма, сөз зергері, академик Ғабең сек­сен екі жыл ғұмырында поэзиядан басқа жанрлардың бәрінде озық болып, топ жарды.

Біз бұл арада Мағжан, Сәбең мен Ға­бең шығармаларына бас-басына жі­ліктеп тоқталуға ниет қоймадық. Өйткені бүгінде олар мектеп бағдар­ламасынан бастап, оқытушыларға да, жоғары оқу орындарының сту­денттеріне де аян.

Жиырмасыншы ғасырдың басын­дағы аласапыран заманда Сәбеңмен, Ғабеңмен қатар жүрген Байма­ғамбет Ізтөлиннің де ұлт әдебиетінде қалдырған ізі айшықты.

Әдебиет тарихында еліміздің Тәуелсіздігімен қат-қабат қайта жарқ ете қалған тұлға – 1900 жылы дүние есігін ашып, 1933 жылы небәрі 33 жасында өмірден өткен Смағұл Сәдуақасұлы. Осы аз ғана жылдардың өзінде мемлекет қайраткері ретінде ұлтымыз­дың болашағына зор қажыр-қайрат жұм­са­ған Смағұл Сәдуақасов әде­биет май­данында да жұлдыздай жар­қы­ра­ды. Оның артында “Сәрсенбек” ро­ма­ны, “Салмақбай, Сағындық”, “Күміс қо­ңырау” повестері, әдеби сын-зерттеу­лері, көптеген мақалалары қалды.

Өңірімізде қазақ әдебиетінен нық орын алған Сафуан Шаймерденов, Ғалым Малдыбаев, Сәкен Жүнісов, Евней Бөкетов, Кәкімбек Салықов, Герольд Бельгер, Нығмет Ғабдуллин, Айқын Нұрқатов, Жақан Сыздықов, Сей­тен Сауытбеков, Ахметжан Нұр­тазин, Әмина Шалабаева, Иван Шу­хов, Борис Петров, Владимир Шесте­риков, Мөртай Қощығұлов, Мүтәл­лап Қанғожин сынды ақын-жазушылар осы алыптардың сәулелі ізімен жүріп, жол тапты.

Саяси қуғын-сүргін құрбандары Әб­ді­рахман Айсарин, Мәжит Дәулет­баев – өңіріміздің ғана емес, еліміздің әдебиет тарихынан өшпес орын алған қаламгерлер. Майдангер – ақын Жұмағали Саин (1912-1961) елі­не бірнеше томдық өлеңдер жинағын қалдырған.

Өзіміздің көзіміз көрген қаламгер­лердің ішінде үздіктер кім еді дегенге келсек, ақындар Есләм Зікібаев пен Жарасбай Нұрқанды, прозашылар Зей­нелғаби Иманбаев пен Ермек Қо­нарбаевты ерекше атау ләзім. Бұлар бүгінде өмірден озған. Ақын Мү­тәллап Қанғожин, марқұм Бақыт Мұс­та­фин де әдебиетіміздегі елеулі тұл­ғалар.

Желмая-уақыт жүрісінен әсте жаңылмайды. Күнді – күнге, айды – айға, жылды жылға жалғап, зымырап өтіп жатыр. Кеше ғана арамызда аймаң­дайы жарқырап, баршамызды дана­лығымен, даралығымен баурап жүр­ген, жүзі нұрлы, жүрегі сырлы, жаны жайсаң, көңілі жазирадай кең, ақыл­шы ағамыз Кәкімбек Салықовтың өмір­ден озғанына, асыл азаматынан айрылған Сарыарқаның сайын дала­сының жетімсіреп, қайғының қара шекпенін жамылғанына да едәуір уақыт болып қалыпты. “Тау алыста­ған сайын биіктей түседі”. Біз де бүгін Кәкімбек ағамызды сағынышпен еске алып, оның ғибратты өмірінен сыр аулаймыз, азаматтық тұлғасы, қай­раткерлігі төңірегінде ойланамыз, толғанамыз.

Ақын ағамыз өз ғұмырында туған хал­қына елуге тарта жыр жинағын тарту етті. Бүгінде Кәкімбек ақынның ұшқыр ойынан, Сарыарқаның төсінде Жезкиіктей жүйіткіген күміс қанат қаламынан туған сол жүрек тебірен­терлік таңғы шықтай мөлдір жырлары мен әндері Атырау, Ар­қа, Алатау, Алтайдың арасын шарлап жүр!

Уақыт қандай ұшқыр десек те, отты да ойлы жырларымен оқырмандары­ның жүрегіне жол тапқан, поэзия деп аталатын сырлы әлемнің төріне туын нық тіккен ақындардың кескін-кел­бетін де, артына қалдырған асыл сөз­дерін де көмескілей алмайды. Осын­дай халқының жүрегіне терең ұялаған аяулы ақындарымыздың бірі – Есләм Зікібаев.

Есләм Зікібаев – тума талант. Ол жыр айдынына есейіп барып ескек салса да, есесін жіберген жоқ. Жыр бәй­гесі атты ұлы додада басқалар­дан қара үзіп кетпесе де, өз оқырма­нын тапты, оларды талғампаздығы мен тереңдігіне тәнті етті.

Өлең өлкесіне орда тіккен шоғыр­да ақын Жарасбай Нұрқан да бар. Ол кө­зі тірісінде оқырмандарға “Қара көз­дер”, “Нұрлы терезе”, “Алтын десте”, “Ар­маным менің”, “Терең барлау”, “Буын­сыз бала” және тағы басқа да жыр жи­нақтарын сыйлады. Ақын аға­мыздың артына қалдырған мұра­сы да сонша­лықты мол екен. Бертін­де ақын­ның жары Қазина жеңгеміздің құ­растыруы­мен жарық көрген “Қы­зылжар”, “Көк­жиек” жинақтары осыны айғақтайды.

Орыс жерінде дүние есігін ашқан ұлты неміс жеті жасар Герольд Бельгер Екінші дүниежүзілік соғыс бастал­ған жылы отбасымен біздің елімізге жер аударылып, Солтүстік Қазақстан облысының түкпіріндегі шағын қазақ ауылынан пана тапқан еді. Ол осында қазақ мектебінің табалдырығынан аттады, алғаш рет әліппені қолына алды. Қазақтың тілі мен діліне ден қойды. Ол сол ыстық мекенге деген махаббатын ешқашан сөндірген жоқ, аялап өтті. Оқырмандарға татымды дү­ниелер сыйлады. Герольд Карло­вич, бір сөзінде, “Менің шығармала­рымда ойдан құралған оқиға жоқтың қасы”, – депті. Ол рас, кейіпкерлерінің көпшілігі – өмірде болған адамдар. Қызылжар өңірінде де Бельгердің кейіпкерлерінің арасынан өздерін танып жататындар аз емес.

Тарихы қатпар-қатпар, уақыт табы­мен сарғайған беттерінде Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сә­бит Мұқанов сынды Алаш арыста­ры­ның қолтаңбасы қалған өңіріміздегі ғана емес, еліміздегі байырғы басы­лымдардың бірі – кешегі “Кедей сөзі”, бүгін “Soltüstık Qazaqstan” газеті деп аталатын киелі ұядан түлеп ұшқан ақын-жазушылардың, мәдениет, қоғам қайраткерлерінің қатары да қалың. Сол шоғырда журналист-жазушы Бақыт Мұстафиннің де ла­йықты орны бар екені даусыз.

Бақыт Мұстафин өзінің кейіпкер­лерінің ортасында өмір сүрді. Оның шығармаларына еңбек майталман­да­ры­ның, дәрігерлер мен мұғалім­дер­дің және басқа да мамандық иеле­рінің өмір жолдары, ел игілігін еселеу­ге бағытталған жансебіл еңбегі, қа­жыр-қайраты, қилы тағдырлары ар­қау болды. Ол тың өңірін түлеткен, туған жерді маңдай терімен суарған жерлестерін аспандата, асқақтата көтерді.

Оның очерк, публицистикалық тол­ғаулары отыздан астам жинаққа еніп, өзінің де төрт кітабы жарық көрді.

Есімі Жаңа Қазақстанның азамат­та­рына етене таныс Ербол Шаймер­денұлының қаламынан жақсы-жақсы дүниелер туғанына ел куә. Жалпы ал­ғанда, ол көзі тірісінде 20-ға жуық кі­таптың авторы атанды. Еңбектері бір қатар шет тілдеріне тәржімаланды. Сонымен бірге “Арман қала – Аста­на”, “Төгеді жаңбыр”, “Асылжар”, “Көл­сай”, т.б. жырлары ән болып қалықтады.

Жерлестеріміз марқұм Темірғали Нұртазин мен Мырзатай Серғалиев әдеби сын жанрында ұзақ жылдар зер­делі зерттеулерін ұсынды. Алдың­ғы толқынның дәстүріне адалдық та­нытып жүрген әдебиетшілерді ауызға алғанда ұлт әдебиетінде танымал сыншы-зерттеуші Серік Негимовті, Қа­зақстан Жазушылар одағының мүше­сі, белгілі қаламгер Жақсыбай Сам­рат­ты, ақындар Ирина Матвееваны, Болат Қожахметовті, Кәрібай Мұсыр­ман, Бүркіт Бекмағанбетов пен Нұр­сайын Шәріпті де назардан тыс қал­дыра алмаймыз.

Талантты ақын Ерік Асқаров өмір­ден ерте өтті. Ізбасарларына өнегелі туындылары арқылы танылған Тоқ­тар Зікірин мен Зейнолла Әкімжанов та келмес сапарға аттанды.

Десек те сонау ғасырлардан жал­ғасқан ар ісі – әдебиеттің алтынкүрең желісі бүгінгі таңда да үзілген емес. Жауқазындай бүр жарған жастар әде­биеттің түрлі салаларының дамуына өз үлестерін қосып келеді. Солардың қа­тарында Сағындық Мауғазин, Бек­тұрған Лақадыл, Нұргүл Оқашева, Аманжол Зағыпар, Күләйхан Рахмет есімді жас қаламгерлердің ізденістері қуантады. Жыр ауылына енді ғана бет бұрған Диас Аяған, Абылайхан Әшімхан, Жарғанат Қинаухан, Дәулет Құрмаш сынды өрендердің де өз биігін бағындыратынына сеніміміз зор.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

Қазақстан Жазушылар одағы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp