Ақ қайыңдарымен ажарлы, ән-жырымен базарлы, елдің шетіндегі, суық желдің өтіндегі қасиетті мекен – Қызылжар топырағы – алуан-алуан жүйріктерді томағасын сыпырып бәйгеге қосқан алтын тұғыр! Бұл өлкеден де талай-талай ел бастаған көсемдер, от ауызды, орақ тілді шешендер, найзалы батырлар мен намысты ақын-жыраулар шыққан.
Шоқ жұлдыздай жарқыраған осы шоғырдың басында атақты Танаш би, “Елім-ай” дастанының авторы Қожаберген Толыбайұлы, Сегіз сері сияқты саңлақтардың тұрғаны ақиқат. Мұның өзі бір жағынан, өңір әдебиетінің тарихы тым тереңде жатқанын айғақтайды.
Зерттеушілер ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің арасындағы “алтын көпір” деп бағалап жүрген, “сауырынан су төгілмес боз жорға”, жыр жүйрігі –Тілеуке Құлекеұлы – Шал ақынның есімі де жерлестерімізге аса қымбат.
Десек те ХІХ-шы ғасырда әнші-сазгерлер өңірімізді әнмен әлдилегенін баса айтуымыз керек. Бұл ретте біз Сегіз сері, Нияз сері, Дәстем сал, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Салғара, Жанкісі тағы басқа да әнші-жырауларды, сол сал-серілердің соңғы тұяғы – әнші әрі ақын Игібай Әлібаевты мақтанышпен еске аламыз. Бірақ бұлардың әдебиеттен гөрі сахнада салмақтырақ болғанын өнерсүйер қауым жақсы біледі.
Жамбыл ауданында туған Шағырай, Қарсақ ақындардың өмірі мен шығармашылығына қатысты көптеген жайлар кезінде ескерілмегендіктен, адамдардың жадынан өшіп, көмескілене бастағаны анық. Бірақ олардың есімдері мүлде ұмытылып қалды деуге болмайды.
Бүгінде Қызылжар өңірін Мағжансыз көз алдыңызға елестете алмайсыз. Атақты сөз зергері Мұхтар Әуезов 1923 жылы жазғандай, “Болашаққа жететін сөз – Мағжан сөзі” деген лебіз нақты шындыққа айналды.
Бүгінде кейбіреулер Кеңестік кезең қазақ әдебиетінің тұма-бұлақтарының көзін бітеп, ағысын тұсап тастады деп жүрсе де, біздің әдебиетіміз үшін ұлы төңкерістен кейінгі уақыттың олжасы да аз болған жоқ. Бұл кезеңде көштің алдында Сәбит Мұқанов жүрді. Оның 1920 жылдан, өмірден озған 1973 жылға дейінгі елу үш жылдық шығармашылық ғұмыры қазақ әдебиетінің поэзия, проза, драматургия, әдебиеттану, сын, ғұмырнама, монография тарауларында өшпес із қалдырды.
Сәбең туған Жаманшұбармен іргелес Елтінжалда қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы – Ғабит Мүсірепов дүниеге келді. Әлемдік деңгейдегі әдебиет алыбына айналған асқан ғұлама, сөз зергері, академик Ғабең сексен екі жыл ғұмырында поэзиядан басқа жанрлардың бәрінде озық болып, топ жарды.
Біз бұл арада Мағжан, Сәбең мен Ғабең шығармаларына бас-басына жіліктеп тоқталуға ниет қоймадық. Өйткені бүгінде олар мектеп бағдарламасынан бастап, оқытушыларға да, жоғары оқу орындарының студенттеріне де аян.
Жиырмасыншы ғасырдың басындағы аласапыран заманда Сәбеңмен, Ғабеңмен қатар жүрген Баймағамбет Ізтөлиннің де ұлт әдебиетінде қалдырған ізі айшықты.
Әдебиет тарихында еліміздің Тәуелсіздігімен қат-қабат қайта жарқ ете қалған тұлға – 1900 жылы дүние есігін ашып, 1933 жылы небәрі 33 жасында өмірден өткен Смағұл Сәдуақасұлы. Осы аз ғана жылдардың өзінде мемлекет қайраткері ретінде ұлтымыздың болашағына зор қажыр-қайрат жұмсаған Смағұл Сәдуақасов әдебиет майданында да жұлдыздай жарқырады. Оның артында “Сәрсенбек” романы, “Салмақбай, Сағындық”, “Күміс қоңырау” повестері, әдеби сын-зерттеулері, көптеген мақалалары қалды.
Өңірімізде қазақ әдебиетінен нық орын алған Сафуан Шаймерденов, Ғалым Малдыбаев, Сәкен Жүнісов, Евней Бөкетов, Кәкімбек Салықов, Герольд Бельгер, Нығмет Ғабдуллин, Айқын Нұрқатов, Жақан Сыздықов, Сейтен Сауытбеков, Ахметжан Нұртазин, Әмина Шалабаева, Иван Шухов, Борис Петров, Владимир Шестериков, Мөртай Қощығұлов, Мүтәллап Қанғожин сынды ақын-жазушылар осы алыптардың сәулелі ізімен жүріп, жол тапты.
Саяси қуғын-сүргін құрбандары Әбдірахман Айсарин, Мәжит Дәулетбаев – өңіріміздің ғана емес, еліміздің әдебиет тарихынан өшпес орын алған қаламгерлер. Майдангер – ақын Жұмағали Саин (1912-1961) еліне бірнеше томдық өлеңдер жинағын қалдырған.
Өзіміздің көзіміз көрген қаламгерлердің ішінде үздіктер кім еді дегенге келсек, ақындар Есләм Зікібаев пен Жарасбай Нұрқанды, прозашылар Зейнелғаби Иманбаев пен Ермек Қонарбаевты ерекше атау ләзім. Бұлар бүгінде өмірден озған. Ақын Мүтәллап Қанғожин, марқұм Бақыт Мұстафин де әдебиетіміздегі елеулі тұлғалар.
Желмая-уақыт жүрісінен әсте жаңылмайды. Күнді – күнге, айды – айға, жылды жылға жалғап, зымырап өтіп жатыр. Кеше ғана арамызда аймаңдайы жарқырап, баршамызды даналығымен, даралығымен баурап жүрген, жүзі нұрлы, жүрегі сырлы, жаны жайсаң, көңілі жазирадай кең, ақылшы ағамыз Кәкімбек Салықовтың өмірден озғанына, асыл азаматынан айрылған Сарыарқаның сайын даласының жетімсіреп, қайғының қара шекпенін жамылғанына да едәуір уақыт болып қалыпты. “Тау алыстаған сайын биіктей түседі”. Біз де бүгін Кәкімбек ағамызды сағынышпен еске алып, оның ғибратты өмірінен сыр аулаймыз, азаматтық тұлғасы, қайраткерлігі төңірегінде ойланамыз, толғанамыз.
Ақын ағамыз өз ғұмырында туған халқына елуге тарта жыр жинағын тарту етті. Бүгінде Кәкімбек ақынның ұшқыр ойынан, Сарыарқаның төсінде Жезкиіктей жүйіткіген күміс қанат қаламынан туған сол жүрек тебірентерлік таңғы шықтай мөлдір жырлары мен әндері Атырау, Арқа, Алатау, Алтайдың арасын шарлап жүр!
Уақыт қандай ұшқыр десек те, отты да ойлы жырларымен оқырмандарының жүрегіне жол тапқан, поэзия деп аталатын сырлы әлемнің төріне туын нық тіккен ақындардың кескін-келбетін де, артына қалдырған асыл сөздерін де көмескілей алмайды. Осындай халқының жүрегіне терең ұялаған аяулы ақындарымыздың бірі – Есләм Зікібаев.
Есләм Зікібаев – тума талант. Ол жыр айдынына есейіп барып ескек салса да, есесін жіберген жоқ. Жыр бәйгесі атты ұлы додада басқалардан қара үзіп кетпесе де, өз оқырманын тапты, оларды талғампаздығы мен тереңдігіне тәнті етті.
Өлең өлкесіне орда тіккен шоғырда ақын Жарасбай Нұрқан да бар. Ол көзі тірісінде оқырмандарға “Қара көздер”, “Нұрлы терезе”, “Алтын десте”, “Арманым менің”, “Терең барлау”, “Буынсыз бала” және тағы басқа да жыр жинақтарын сыйлады. Ақын ағамыздың артына қалдырған мұрасы да соншалықты мол екен. Бертінде ақынның жары Қазина жеңгеміздің құрастыруымен жарық көрген “Қызылжар”, “Көкжиек” жинақтары осыны айғақтайды.
Орыс жерінде дүние есігін ашқан ұлты неміс жеті жасар Герольд Бельгер Екінші дүниежүзілік соғыс басталған жылы отбасымен біздің елімізге жер аударылып, Солтүстік Қазақстан облысының түкпіріндегі шағын қазақ ауылынан пана тапқан еді. Ол осында қазақ мектебінің табалдырығынан аттады, алғаш рет әліппені қолына алды. Қазақтың тілі мен діліне ден қойды. Ол сол ыстық мекенге деген махаббатын ешқашан сөндірген жоқ, аялап өтті. Оқырмандарға татымды дүниелер сыйлады. Герольд Карлович, бір сөзінде, “Менің шығармаларымда ойдан құралған оқиға жоқтың қасы”, – депті. Ол рас, кейіпкерлерінің көпшілігі – өмірде болған адамдар. Қызылжар өңірінде де Бельгердің кейіпкерлерінің арасынан өздерін танып жататындар аз емес.
Тарихы қатпар-қатпар, уақыт табымен сарғайған беттерінде Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов сынды Алаш арыстарының қолтаңбасы қалған өңіріміздегі ғана емес, еліміздегі байырғы басылымдардың бірі – кешегі “Кедей сөзі”, бүгін “Soltüstık Qazaqstan” газеті деп аталатын киелі ұядан түлеп ұшқан ақын-жазушылардың, мәдениет, қоғам қайраткерлерінің қатары да қалың. Сол шоғырда журналист-жазушы Бақыт Мұстафиннің де лайықты орны бар екені даусыз.
Бақыт Мұстафин өзінің кейіпкерлерінің ортасында өмір сүрді. Оның шығармаларына еңбек майталмандарының, дәрігерлер мен мұғалімдердің және басқа да мамандық иелерінің өмір жолдары, ел игілігін еселеуге бағытталған жансебіл еңбегі, қажыр-қайраты, қилы тағдырлары арқау болды. Ол тың өңірін түлеткен, туған жерді маңдай терімен суарған жерлестерін аспандата, асқақтата көтерді.
Оның очерк, публицистикалық толғаулары отыздан астам жинаққа еніп, өзінің де төрт кітабы жарық көрді.
Есімі Жаңа Қазақстанның азаматтарына етене таныс Ербол Шаймерденұлының қаламынан жақсы-жақсы дүниелер туғанына ел куә. Жалпы алғанда, ол көзі тірісінде 20-ға жуық кітаптың авторы атанды. Еңбектері бір қатар шет тілдеріне тәржімаланды. Сонымен бірге “Арман қала – Астана”, “Төгеді жаңбыр”, “Асылжар”, “Көлсай”, т.б. жырлары ән болып қалықтады.
Жерлестеріміз марқұм Темірғали Нұртазин мен Мырзатай Серғалиев әдеби сын жанрында ұзақ жылдар зерделі зерттеулерін ұсынды. Алдыңғы толқынның дәстүріне адалдық танытып жүрген әдебиетшілерді ауызға алғанда ұлт әдебиетінде танымал сыншы-зерттеуші Серік Негимовті, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі қаламгер Жақсыбай Самратты, ақындар Ирина Матвееваны, Болат Қожахметовті, Кәрібай Мұсырман, Бүркіт Бекмағанбетов пен Нұрсайын Шәріпті де назардан тыс қалдыра алмаймыз.
Талантты ақын Ерік Асқаров өмірден ерте өтті. Ізбасарларына өнегелі туындылары арқылы танылған Тоқтар Зікірин мен Зейнолла Әкімжанов та келмес сапарға аттанды.
Десек те сонау ғасырлардан жалғасқан ар ісі – әдебиеттің алтынкүрең желісі бүгінгі таңда да үзілген емес. Жауқазындай бүр жарған жастар әдебиеттің түрлі салаларының дамуына өз үлестерін қосып келеді. Солардың қатарында Сағындық Мауғазин, Бектұрған Лақадыл, Нұргүл Оқашева, Аманжол Зағыпар, Күләйхан Рахмет есімді жас қаламгерлердің ізденістері қуантады. Жыр ауылына енді ғана бет бұрған Диас Аяған, Абылайхан Әшімхан, Жарғанат Қинаухан, Дәулет Құрмаш сынды өрендердің де өз биігін бағындыратынына сеніміміз зор.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры.