«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЛКЕН ҮЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымыздың салт-санасындағы қасиетті ұғымдардың бірі – қара­шаңырақ. Бүгінгі ұрпақ сол шаңы­рақты қастерлеу түгілі, осы сөздің мағынасын түсінуден қалып бара жатқаны өкінішті. Бұрын үлкен үйге ие болған ұл мен келін басқалар­дың ілтипатына бөленген. Мереке күндері ағайын-туыс алтын діңгек – қарашаңыраққа сәлем бере барып, дастарқаннан дәм татуды парыз са­наған. Өкінішке қарай, бабалары­мыздан жеткен шаңырақты сыйлау, үлкенді қадірлеу ұғымы уақыт өте бұлыңғырланып, кей жерде мүлдем ұмыт қалып бара жатқаны көңілге қаяу түсіреді. Бәзбіреулер оны ескіліктің қалдығы, өткеннің сарқыны дейтінді де шығарды.

Бұл жерде көпке топырақ шашу­дан аулақпыз. Өңірімізде шаңы­рағын шайқалтпай, үлкен үйге ие болып отырған жандар баршылық. Солардың бірі – Шал ақын ауда­нына қарасты Жаңажол ауылының тұрғыны Болат Омаров. Жақында аталмыш елді мекенде болып, қа­рашаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған азаматпен әңгімелесудің сәті түсті. Айтуынша, аталары Сәй­дуден – Зейкен, Баяхмет, Қожахмет, Қапен, інісі Қаппастан Мұқаш, Нағима, Нығметжан тараған. Қабидолла деген інілері болған екен. Қапен соғыста хабарсыз кеткен. Баяхмет майданнан жаралы келіп, 1958 жылы дүниеден өткен. “Ско­лько жить человеку”, “Долгожители мира” деген кітаптардың авторы, әл-Фарабидың еңбектерін аударған Қаппас молда, экономика ғы­лымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген қай­раткері, Қазақстан гуманитарлық ғылымдар академиясының және Еу­разия халықаралақ экономика академиясының академигі Мұқаш Елеу­сізов осы әулеттің ұрпақтары.

– Тоқсаныншы жылдары жұртпен бірге қалаға көшпекші болдым. Туған-туыстар уайымдап қалды. Сонда Мұқаш ағам тұрып: “Осы шаңырақтан бес-алты ата ұрпағы тарады. Әулеттің берекесі осында, сен қозғалма, отыр”, – деді. Қарашаңырақтың қастерлі екенін сол кезде ұқтым, – дейді Болат Зәйкенұлы.

Қазақта “бауырға салу” дәстүрі бар. Бүгінде бұл үрдіс те жиі кез­десе бермейді. Әдетте, баласы тұ­рақтамай, өмірдің тауқыметін көріп жүрген ағайынның бауырына туы­сы баласын салады. Ержеткеннен кейін баланың өз отбасына оралуға немесе бауыр басқан үйінде қалуға құқығы бар.

– Атамның інісі Қаппаста бала болмады. Оған атам Сәйду көпей ұлы, яғни менің әкемді берген. Со­ғысқа дейін әкем Қаппас атаның тәр­биесінде болыпты. Кейін өзінің Мұқаш деген баласы дүниеге келді, артынан Нығметжан, одан кейін Нағима есімді қыз туды. Өз кіндіген ұрпақ өрбіген соң рақметін айтып, әкемді қайтарып берген екен, – дейді Болат Зәйкенұлы.

“Отан отбасынан басталады” дегенді көп айтамыз. Бұл халқыңды, ұлтыңды сүю отбасыңдағы сыйлас­тықтан басталады дегенге саяды. Ата жолы – баланы адастырмас те­мірқазық. Кешегі үлкендер көрсетіп кеткен бағыттан алшақтамасақ, шаңырағымыз шайқалмай, түтініміз түзу ұшары анық.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp