«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұрпақты рухани жұтаңдықтан сақтайық!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәу етер киеміз, бәрінен де қымбат – Тәуелсіздігіміздің торқалы тойы өтіп, төртінші онжылдыққа аяқ бастық. Егемен еліміздің жүріп өткен жолындағы қиын кезеңдер мен жетістіктер көз алдымызда. Ғалымдардың болжауынша, әлемде 4000-ға жуық ұлт пен ұлыс болса, солардың 300-інде ғана өз мемлекеті бар. Қалғанының мақтан етер елтаңбасы, көтерейін десе туы, салтанат құрған кезде шырқайтын әнұраны да жоқ. Сан жағынан аз ұлттар уақыт өткен сайын өзге халыққа жұтылып, жойылып барады. Біз де 300 жыл патша өкіметінің боданында болып, соңғы 70 жыл компартияның сұрқия саясатына амалсыздан төздік.

Ата-бабамыздың төккен тері, судай аққан қаны, әжелеріміздің зары, қазақ халқының намысы, ұлттық рухы, маз­мұн­ды, терең мағыналы сөзі, ақылы ұлан-байтақ даланы сақтап қалып, ұр­паққа аманат етті. Бабаларымыздың арманы орындалып, қазақ елі – Тә­уелсіз мемлекет болды. Аспанда ай­бынды көк Туымыз желбіреп тұр. Қа­зақ халқының барлық болмысын бо­йы­на сыйғызып тұрған мазмұны терең Елтаңбамыз төрімізде, құлақтан кіріп, бойымызға күш-қуат беретін әуезді Әнұранымыз бар.

30 жыл тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, адам баласы үшін біраз істің басын қайыратындай уақыт. Күн­дер айға ілесіп, айлар жылға ұласып, уақыт зымырап өтіп жатыр. Жас өспей ме, жарлы байымай ма? Тәуелсіздік кезінде туған ұрпақтың бүгінде бұға­на­сы қатайып келеді. Ал сол жастары­мыздың бойына төл құндылықтымызды сіңіртіп, ұлттық болмысымызды қа­лыптастыра алдық па?!

Өзінің қалауынан ұлт мүддесін жоғары қойған Сұлтанмахмұт Торайғыров “Мен – қазақ!”, “Қазақпын”, – деп мақ­танамын” десе, Қасым Амонжолов:

“Ей, тәкаппар, дүние!

Маған да бір қарашы,

Танисың ба, сен мені?!

Мен қазақтың баласы!” – дейді.

“Мен – Қазақпын! Мың өліп, мың тірілген!

Жөргегімде танысқам, мұң тілім­мен!” – деп Жұбан Молдағалиев жырлайды. Ақындардың сөзінен еліне, ұлтына деген сүйіспеншілік, құрмет, зор патриоттық сезім аңғарылады. Бүгінгі жастардың бойында сол сезім бар ма? Бар болса қаншалықты дең­гейде?

Күні кеше ғана еліміздің егемен­дігінен айырылып қала жаздадық. Ақ­парат көздерінің хабарлауынша, ма­шиналарды өртеп, ғимараттарды қи­ратып, супермаркеттерді, қару-жарақ дүкендерін тонаушылардың көбі 17-30 жас аралығындағы өз қандастарымыз көрінеді. Халқына қамқор, елі­не қорған болатын, кешегі Алаш қайраткерлері сеніп кеткен жастарымыз арам пиғылдылардың айтағына еріп, жетегінде кеткені әркімді ойлантуы керек.

Менің ойымша, бұл – сонау тоқ­са­ныншы жылдардың басындағы то­қырау кезеңінің зардабы. Ата-ана күн-көріс қамымен базарда жүрді. Ал бала әке-шешенің мейірімінсіз, назарынсыз қалды. Кейбірі мұғалімдердің де жылуын, қамқорын көре алмады. Мұғалім сабақ өткізуші ғана болып қалды. Ал оқушы тәрбиесінде ұстаздың орны бөлек, ықпалының зор екенін бәріміз жақсы білеміз. Мұғалім – бала жанының инженері, бала бойының мүсіншісі бола білуі тиіс.

Егер жастардың бойында елге, жерге деген патриоттық сезім болғанда олар өз мемлекетінің мүлкін қира­тып, өз халқын тонауға бармас еді. Жазушы Әбіш Кекілбайұлы: “Жалпақ әлемді аузыңа қарату үшін рухани ер­лік қажет, ал жалпақ әлемге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін рухани байлық керек”, – деген екен. Өкінішке қарай, жастарымыздың бәрінің бірдей бойында рухани ерлік пен байлық табылмай тұр.

Тарихтан батырларымыз жорық­тар­да елін, жерін қорғап, ұрыс даласын­да ажал құшқанын, Алаш қайраткерлері адам төзгісіз жағдайда айдауда болса да, түрмеде көрмеген азабы, зорлық-замбылығы, қорлығы қалмаса да ешқашан сатылмағанын білеміз. Себебі олардың бойларында ұлттық рух болды.

Елімізде қаракөз қыз көп, бірақ инабатты, имандысы азайып барады. Біз­дің жас кезіміздегідей бұрымды сүм­біл шаш, қарлығаштың қанатындай қи­ғаш қас, қарақат көз, ақ маңдай, оймақ ауыз қыздарды кездестіру қиын. Қазіргі қазақ қызының кейпі тіпті ерсі, ша­шын жайып жіберген, омырауы ашық-шашық, қасын қырып тастап, көзінің асты-үстін көгертіп бояған, кірпігіне кір­пік жалғап, ернін шиқан шыққандай үл­кейтіп алған. Киіміне келетін болсақ, етегі қысқарып, кіндігі ашылған, шалбарды ит жұлмалап кеткендей алба-жұлба. Ащы болса да, шындық осы.

Әрине, бала тәрбиесі отбасынан бас­тау алады. Әр отбасы – кішігірім мем­лекет. Әр шаңырақ берік болса, мемлекетіміз де мықты болады. Қа­нағатсыздық – шаңырақты шайқалтатын негізгі фактор. Отанасы ақылды, қанағатшыл болса, ол үйдің шаңырағы ешқашан шайқалмайды. Балалары жетім қалмайды. Қарттардың да көңілі жайлы болады.

Біз отбасындағы ұлттық тәрбиенің ті­згі­нін босатып алдық. Сондықтан де­реу бала тәрбиесін қолға алуымыз ке­рек. Оған көп нәрсенің де қажеті жоқ. Тек қана әке-шеше күнде кешкісін жар­ты сағат уақыт бөліп, баламен әңгі­мелессе және түнде ешқайда бар­мауын бақыласа болғаны. Бала әке-шешенің мейірімін, ағасының қамқор­лығын сезінсе жеткілікті. “Мен – осы елдің ұлымын, қызымын. Бұл – менің Отаным, менің елім, менің халқым”, – дейтіндей саналы, рухты, намысты етіп тәрбиелеп, өсіру – бәріміздің жастардың алдындағы парызымыз.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұсынұлы: “Жұртқа, жастарға білім үйретумен, түсіндірумен, көрсетумен, білдірумен, ұғындырумен жайылады”, – дейді. Жас­тарға сол білімді үйрететін кім?! Әрине, ұстаздар және біз сияқты қа­риялар. “Сендер тек оқушыларды тәр­биелейміз деп ойламаңдар. Сендер ата-ананы да тәрбиелейсіңдер. Себе­бі сендер педагогика, психология ілімдерін алдыңдар, ал ата-анада ондай арнаулы білім алған жоқ”, – деген ұс­тазымның сөзін ешқашан ұмытпаймын. Сондықтан балаға тәрбие мұғалімнің басқаруымен, ата-анамен ақыл­даса отырып берілуі керек. Ұс­таз­дар қауымы “Жақсы мұғалім ғана – мектептің жүрегі!” бола алатынын ешқашан естен шығармаулары керек.

Жапон елінде тәрбие көшеде де беріледі екен. Яғни, бейсенбі сайын жастар өздерін мазалаған мәселеле­рімен немесе алда тұрған қиындықтарымен бөлісуге, ақыл-кеңес алуға қа­рияларға өз еріктерімен келеді екен. Ал өзбек елінде ақсақалдар шайханада жастармен ақылдасып, пікір алысады. Кімнің баласы немесе немересі қалай өсіп келеді, қай қы­лығы ұнайды, қай қылығы ұнамайды және қай шаңырақтың түтіні түзу ұшпай тұр? Осының бәрін ақылдасады. Бұл бізге де үлгі.

Мейіріміміздің азаюы ата-ананы, қарттарды мұңайтады. Қамқорлығы­мыздың жоғалуы ағайындардың арасын алшақтатуда. Немқұрайдылық көршілермен араны суытады. Осы олқылықтарды болдырмау үшін жастар тәрбиесін мықтап қолға алмай болмайды.

Қымбат ИСМАНОВА,

ардагер ұстаз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp