«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ҮМІТІМІЗ АҚТАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері Мемлекет басшысының жыл сайын халыққа Жолдау арнауы дәстүрімізге берік енді. Өтетін уақыты, айы, күні, сағатына дейін алдын ала хабарланғандықтан, биылғы Жолдауды да асыға күттік. Қандай мәселелер көтеріледі, Президент халыққа қандай жақсылықтар ұсынады деп елеңдедік. Қазір Жолдаудың мазмұнын айтып жатпаймын. Бір ауыз сөзбен қайырсам, үмітіміз ақталды. Биылғы Жолдаудың жүгі тым салмақты. Көтерілген мәселелер өте өзекті. Қазіргі қалыптасып отырған күрделі жағдайға байланысты кезегін күтіп тұрған міндеттер жан-жақты қамтылған.

Ерекше қуанышқа бөлеген бір жайт – Жолдаудың жүректен шыққаны. “Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын…Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ… Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін аса маңызды міндет. Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын!” – деді Президент ағынан жарылып. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетсе екен деп тілеймін.

Мемлекет басшысының: “Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты”, – деген сөздері де ақылға қонымды. Маған Қасым-Жомарт Кемелұлының: “Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекерден-бекер “төртінші билік” атанбаса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн”, – деген сөздері де қатты ұнады.

Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыру халық болып жұмылатын ортақ міндет екенін қазіргі алмағайып уақыттың өзі анық ұғындырып отыр. Бұл орайда, тың саяси реформалардың ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті. Президент халықпен кері байланысты күшейтуді тапсырды, мұның өзі “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын одан әрі нақтылап, өрелі өзгерістерге жетелейтіні анық. Саяси реформалардың жаңа бағыттары өз кезегінде экономикаға, қоғамдық саяси өмірге тың жаңартулар әкелетінін қоғамдық ұйымдардың сан-алуан қызметінен де анық байқауға болады.

Жолдауда үкіметтік емес бірлестіктер елімізді орнықты және жан-жақты дамытудың маңызды факторы ретінде аталып, әлеуметтік мәселелерді ұдайы көтеріп, оларды кешенді түрде шешуге септігін тигізетініне үлкен үміт артылды. Шынында да, Президент бастамаларын жүзеге асыруда қоғамдық бақылау механизмдерін жетілдірудің мәні айрықша. Мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізуінің, азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде жаңғыртудың көп жылғы тәжірибесіне сүйене отырып, қоғамдық кеңестердің орасан зор институционалдық әлеуетін пайдалана білуіміз керек. Сонда азаматтардың белсенділігі артып, мемлекет пен қоғамның саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашылады. Енді Президенттің бастамасымен кеңестердің құрамы мен жұмыс жоспары түбегейлі жаңарып, ел тағдырын айқындайтын тарихи шешімдер көпшілік болып ақылдасып барып, қабылданатын болады. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай құру, оның құрамына еліміздің барлық аймақтарынан өкілдер тарту қоғамдық диалогтың тұтас институционалдық моделін қалыптастырады деген сенімдеміз.

Президент алмағайып заманда алдымызда тұрған міндеттерді айқындап берді. Сөз жоқ, еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры осы мәселелердің қалай шешілетініне тікелей байланысты. Демек, алда тұрған міндеттерді жүзеге асыруға бүкіл халық болып жұмылуымыз керек. Ол үшін Жолдауды насихаттауға жаңа көзқарас керек. Айтылған бірде-бір сөз жерде қалмай, қоғамның әр мүшесінің санасына терең сіңірілсе ғана біз өз мақсатымызға жетеміз. Жаңа Қазақстанды тезірек құру үшін бізге сөз емес, нақты іс керек. Олай болса, ағайын, бүгінгідей күрделі кезеңде берекесіз істерден бас тартып, Мемлекет басшысының төңірегіне топтасайық. Ортақ міндеттерді шешуге жаппай жұмылайық!

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

Солтүстік Қазақстан облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp