«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Батыл қадам

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президенттің Жолдауында еліміздің кемел болашағы айқындалып, оған жетудің батыл қадамдары жасалды. Бүгінгідей күрделі геосаяси кезеңде дамудың демократиялық принциптеріне басымдық беріле отырып, ел экономикасын ілгерілетуге қатысты шешімдер қабылданды. Қазіргі басты мақсат халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, әлеуетін арттыру болып отыр. Бұл жағынан алғанда, Президент тарапынан батыл да салиқалы ұсыныстар нақпа-нақ айтылып, тың бастамаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етудің тетіктері жария етілді.

Жасыратыны жоқ, барша адамзат, оның ішінде Қазақстан да бұрын болып көрмеген қаржылық-экономикалық қиындықтарға тап болды. “Қатаң санкциялық тайталас қазірдің өзінде жекелеген елдерді ғана емес, тұтас жаһандық экономиканы елеулі шығынға ұшыратуда. Ахуал жедел, тіпті сағат сайын өзгеруде. Әлемдік нарықта белгісіздік пен тұрақсыздық өршуде. Өндірістік және сауда жүйелері күйреп жатыр. Бірақ соған бола бай-балам салуға негіз жоқ. Біздің елімізде ауқымды дағдарысты еңсеруге қажетті резервтер мен амал-тәсілдердің бәрі бар”, – деген Президент Үкіметке дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін кешенді шаралар топтамасын тез арада жүзеге асыруды міндеттеді. Ең алдымен, ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге баса назар аударылды. Кез келген өркениетті мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігінің негізгі факторы төл ақшасы десек, соңғы кездегі оқиғалар теңге бағамына орасан зор қысым жасалғанын көрсетті. Қазақстандықтарды белгісіз үрей билеп, азық-түлік өнімдерін жаппай сатып алуына куә болдық. Арада екі-үш күн өтпей жатып, тіршілік ағыны қалпына келіп, адамдардың көңілдері орнына түсті. Бұдан байқайтынымыз, валюта нарығындағы тұрақсыздыққа бола бос байбалам салуға, дүрлігуге еш негіз жоқ. Керісінше, неше түрлі арандатуларға алданбай, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білсек, ынтымақтастығымыз одан әрі беріктене түспек.

Жолдауда қаржы саласында өршіп тұрған жасанды сұранысты, соның ішінде сырттан келген сатып алушылардың белсенділігінен туындаған сұранысты азайту қажеттігіне екпін түсіріліп, ірі институционалдық құрылымдар шетел валюталарын тек өздерінің шарттық міндеттемелерін орындау аясында ғана сатып алып, сұранысты қамтамасыз етуі керек деген талап қойды. Бұл бағытта Үкімет ұтымды шаралар қабылдайды деген сенімдеміз.

Қазіргі кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Қызылжарлық диқандар көктемгі дала жұмыстарына алаңдаулы. Өйткені Украинадағы оқиғалар азық-түлік пен тауарлар бағасының күрт өсуіне әкеп соқтырды. Науқандық жұмыстар қауырт басталса, баға тағы шарықтап кете ме деген қаупіміз жоқ емес. Жолдауда егін егу науқанын сапалы өткізуге баса назар аударылуы, Үкімет пен әкімдіктерге бұл жұмысты ерекше бақылауға алу жөнінде тапсырма берілуі күпті көңілімізді орнықтырды. Біз үшін ең қажеттісі – жанар-жағармайдың қолжетімділігі мен уақтылы жеткізілуі. Әйтпесе ауыл шаруашылығы техникалары сақадай-сай әзір, тұқым, тыңайтқыш жеткілікті. Тек тиісті республикалық ведомстволардан тапшылықтың және азық-түлік бағасының жөнсіз қымбаттауының алдын алу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік тұрақтандыру қорларына сатып алу мәселесі шешілсе деген бір ғана өтінішіміз бар. Олай дейтініміз, жоғарыдан қабылданған шешімдер жергілікті жерге жеткенде сиырқұйымшақтанып, небір бюрократтық кедергілерге тап болады. Президент еліміздің дамуын мейлінше тежейтін шенеуніктік формализмнен толықтай арылу міндетін қойды. Жақын уақытта мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту туралы Жарлыққа қол қоятынын айтып, бір қуантып тастады. Бұл құжат мемлекеттік органдардағы ішкі рәсімдерді түбегейлі қайта қарап, заң шығару және бюджет үдерістерін оңтайландырудың бастауына айналары сөзсіз.

Саяси жаңғыру стратегиясындағы, экономика мен мемлекеттік басқару ісіндегі жаңа құрылымдық реформалар дәйектілікпен жүзеге асырылғанда ғана жаңа Қазақстанның іргетасы нық қаланып, басты мұратымызға жететін боламыз.

Бақыт ҚҰСАЙЫНОВ,

“Әдемі-Астық” ЖШС-ның директоры.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp