«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЖАҚСЫ АҒА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымыз өмірден көрген-түйгені де, келер ұрпаққа айтар ұлағаты сөзі де, өнеге тұтар ғибраты да мол қадірлі қарттарды асыл қазынаға балайды ғой. Еңбегімен елге танылып, адамгершілік қасиетімен зор құрметке бөленіп отырған ардагер Жақсылық Қабдоллаұлы Ысқақов – Солтүстік Қазақстан облысында ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де есімі құрметпен аталатын ақсақал.

Адамгершіліктің ақ туын аласарт­па­ған ол жүрген ортасына сыйлы, ара­ласқан жанның бәріне жылылық шуағын шашып жүреді. Қарапайымдылық, адалдық қасиеті оны өзге адам­дар­дан әрқашан ерекшелеп тұрады. Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстанда Кеңес одағы кезінде қызмет еткендерден лауазымы одан биік көтерілген адам жоқ. Ағамыз он жыл бойы Сол­түстік Қазақстан облысы атқару коми­теті төрағасының бірінші орынбаса­ры, одан кейін алты жыл Павлодар об­лыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Бү­гінгі таңда торқалы 90 жасқа толып отырған Жәкеңнің өмір жолының жас ұрпаққа үлгі боларлық, өнеге аларлық қырлары өте мол.

Жәкең – қаймағы бұзылмаған қазақ ортасынан шыққан адам. Бұрындары қазақ­тар ғана тұратын ауылдардан құрылған кеңшарлар саны 10-15 қана болған еді. Оның да онға жуығын Жә­кеңнің өзі ашқан болатын. Соның бірі – Жақсылық Қабдоллаұлы туып-өскен Есіл ауданындағы Бұлақ кеңшары. Бұл жердегі ағайындар негізінен Ар­ғынның Қарауыл атасынан тарайды. Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Тырбидің Мол­дахметі сияқты әнші-жыршылар Жәкеңдерге аталас. Олардың әндері мен сөздерін бала атаулының бәрі бі­ліп, бойларына сіңіріп өскен. Жақсылықтың әкесі Қабдолла баласын сәби күнінен атақты аталарының сөздері мен өнегесі негізінде тәрбиелеген. Жә­кеңнің атасы Ысқақ әкеден жалғыз. Одан Қабдолла, Қазтай және Рәшит деген үш ұл туады. Араларында Дина есімді бір қыз бар. Ысқақ дүниеден ерте өтіп, бәйбішесі балаларын өзі өсіреді. Біреуден кейін, біреуден ілгері қылып, ұл-қызын жеткізіп келе жатқан бейбіт өмірге кеңестік қызыл қырғын килігіп, шағын отбасының ортасына ойран салады.

Жаппай коллективтендіру жылдарында бұлардың шағын шаруасының өзін шолақ белсенділер байлардың тізіміне енгізіп, малдарын тартып алып, өздерін соттатып, жер аудармақ болған. Ондайға көнбеуді ойлаған еті тірі Қабдолла алдындағы қараң-құраң малдарын айдап, інілерімен бірге бір түннің ішінде қырық қабат Тайгаға өтіп кетеді.

Бұл 1928 жылдары болған оқиға. Ағайынды еңбекқор жігіттер қолда­рындағы екі-үш тұяқ жылқысымен станциядан тұтыну кооперациясының жүктерін тасып күн көреді. “Қолы қи­мылдағанның аузы жыбырлайды” де­мекші, аз уақытта ауыздары аққа тиіп, біршама жақсы тұрмыс құрып кетеді. Осында Қабдолла Қатипа деген қызға үйленеді. 1931-33 жылдардағы елдегі аштықтан ауған халық бұрыннан ор­наласып қалған бұларды паналайды. Арып-ашып, құр сүлдері жеткен талай ағайынды Қабдолла інілерімен бірге ажалдан алып қалады.

Солардың берген алғыс-батасы шығар, кешікпей Қабдолланың жас ке­ліншегі аман-есен босанып, өмірге маңдайы жарқыраған бір ұл келеді. Оның есімін ақсақалдар енді жақсылық болсын дегенді ырымдап Жақсылық деп қояды. Сөйтіп, Жақсылық ағамыз Түмен облысының Омутин ауданында 1932 жылы дүниеге келген екен.

Жәкең мектеп есігін 1939 жылы туған ауылында ашқан. Ол кездегі Бұ­лақ ауылы – шағын мекен, бала саны аз. Сондықтан екі сыныпты қосып оқы­тады. Бірақ ол кезде жақсы өмір мен жайлы тұрмыс тек білімде дегенді са­наларына сіңірген балалар ұстазда­ры­ның аузынан шыққанның бәрін сорғыштай сорып, жұтып алады. Жақсылық та – соның бірі. Алғашқы мұғалімі Қалетай деген жас жігіттің аузынан шыққанын қағып алып, өзіне лезде ай­тып береді. Жас ұстаз да бұл баланың болашағынан үлкен үміт күтіп, өз білгенін аямай үйретеді.

Жақсылық Ысқақов жетінші сыныпты бітірген жылы соғыс аяқталып, Қызылжарда тұратын шешесінің жалғыз інісі Ахметжан майданнан елге аман оралады. Кейін облыстық ауыл ша­руашылығы басқармасына бас есепші болып қызметке орналасады. Ол Жақсылықты қалаға әкеліп, осын­дағы жалғыз қазақ мектебіне береді. Бұл білім ордасы – ұзақ жылдар бойы Қызылжар өңірі жастарының талай буындарына озық білім беріп, жарқын болашаққа ұшырған құтты мекен. Жә­кең осы мектепті нағашы атасының үйінде тұрып оқып бітіреді. Нағашы атасы Ахан да, Ахметжан ағасы да ақылды адамдар болғанын Жәкең ылғи ілтипатпен еске, сағынышпен ауызға алады. “Жігіттің жақсысы – на­ғашыдан, үйдің жақсысы – ағашынан” демекші, оның жақсы азамат болған­дығына нағашыларының өнегелі тәр­биесінің қосқан үлесі де аз емес еке­нін білеміз.

Нағашыларының тәрбиесінде жү­ріп мектепті жақсы бітірген бозбала қа­зақ атаулының жүрегін лүпілдетіп, өзіне тартып тұратын ару Алматыны бет­ке алып, ауыл шаруашылығы инсти­тутының агрономия факультетіне барады. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар ғой, бірақ оқуға түсуге ниеттенген жастар аз емес. Бәрі де соғыс жылының ауыртпалықтарын ауылда жүріп ба­стан кешкендер, енді маман болып ел­деріне оралмақшы. Жәкеңнің де мақ­саты сол, қайтсе да мамандық алу. Жас жігіттің жолы болып, оқуға түсіп кетеді. Елге оралысымен облыс ор­талығынан қырық шақырым жердегі бір кәсіпорынға агроном болып орна­ласады. Полудин МТС-ін Сабыр Сибға­туллин деген татар азаматы басқа­рады екен. Бұл тың көтерудің бас­тал­ған уақыты.

Сол жылдарда Петропавл қала­сында ауыл шаруашылығы басшыла­рының орта құрамын даярлайтын мектеп болған. Қазақтар оны “басқар­малардың оқуы” дейтін. Жақсылық Ысқақовтың алғашқы қадамдарын бақылаған жергілікті билік бір жылдан соң оны осы мектепке мұғалімдікке шақырады. Сөйтіп, Жәкең осы мектептегі мұғалімдер арасында жалғыз жоғары білімді маман болып, “бота­ника”, “жер игеру” пәндерін оқытады. Алдында кеңшардың басқармасы не­месе ауылдық кеңестің төрағасы болып істеген әкесіндей адамдар отырса да жас жігіт оларға абдырамай са­бақ береді.

Сол жылдары Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясының жанынан жоғары білімді адамдарды ғана қабылдайтын бір жылдық агропедагогикалық білім жетілдіру курсы ашылады. Білімге құш­тарлық қанат бітірген Жәкең Мәскеуге аттанады. Білімін шыңдап, мектебіне құлшыныспен оралған жас ұстаздың өмір соқпағының бағытын өз­герткен Хрущев дәуірінде жоғарыдан түскен ұшқары бұйрықтардың бірімен Петропавлдағы ауыл шаруашылығы мектебі Қарағандыға ауыстырылуы еді.

Басшылар туған өңірін қиып кете алмаған Жәкеңді Октябрь ауданының МТС-не бас агроном етіп ауыстырады. Басы бос жас жігіт әке-шешесін, туыстарын МТС орналасқан Ольгинка ауылына көшіріп әкеледі. Содан кейін Жәкең өзінің туған ауылы Бұлақ бір бөлімшесі болып табылатын жер көлемі үлкен Заградов кеңшарына бас агроном болып ауыстырылады. Ел ырысын еселей, тынбай еңбек етіп жүрген жас маманға жерлестері де риза болып, қадамына табыс тілейді.

Ақсақалдардың ақ батасының қа­сиеті шығар, кіндік қаны тамған топырақта абыройға бөленген Жәкең көп уақыт өтпей, облыс басшылығындағы лауазымдық қызметке көтеріледі. Бұл кездейсоқ оқиға емес еді.

Ол кезде ауыл шаруашылығы, жер өңдеу технологиясы сияқты сол сала­ның мамандарының ғана тісі бататын мәселелерге ауылға келген өкіл бол­сын, тіпті милиция болсын, әйтеуір, ерінбеген басшының бәрі нұсқау бе­ріп, көлденең көк аттылар киліге беретін. Осыны байқаған Жәкең обкомның екінші хатшысы Мұзаппар Дайыров қатысқан бір жиналыста басқа сала­ның басшылары өздері терең білмей­тін ауыл шаруашылығының техноло­гиялық мәселелеріне араласпасын деп өз тұжырымын кесіп айтады. Адамды сөзінен де, мінезінен де жазбай танитын обком хатшысы ойы терең, батыл жігітке бірден назар аударып, облыстық комсомол комитеті­нің екінші хатшылығына алдырады.

Осы сәттен бастап Жәкеңнің жас­тық­тың жалынын лаулатқан қызу өмірі басталды. Жастар ұйымының жұмы­сын жандандыруға ол білекті сыбана кірісті. Ауылдарды тынымсыз аралап, жастардың әлеуметтік, рухани мәсе­лелерін зерттеп, оларды шешу жолдарын қарастырып, өскелең ұрпақтың ұсыныстары мен бастамаларына қол­дау көрсетіп, бұл саланың тамырына да қан жүгіртті.

Ол жылдардағы жастардың ынта-жігері тау қопарардай орасан бола­тын. Тың ұсыныс, ұтымды ойлардың қайнар көзі де солар. Олардың ой-пікірлерін жан дүниесі сергек Жәкең мұқият тыңдап, екшелейді, салмақты ұсынысқа қолдау көрсетіп жастарға дем беріп жүретін.

Бірер уақытта Жәкең адамдармен қарым-қатынас жасаудың, оларды соңынан ертудің қыр-сырын меңгеріп алды. Біреулерді ықыласымен бау­раса, екіншілерінің ынтасын оятып, жі­герлерін жаниды. Осындай жанталас­қан жұмыспен жүргенде Алматыдан келетін қалыңдығы Гүлназды қарсы алуға да уақыт таппай, оны ренжітіп алғаны да бар. Бірақ ақылды қыз жұ­мыс бабындағы жігіттің жағдайын түсі­нетін еді. Араға аз уақыт салып екеуі шаңырақ көтерді.

Жанды сала істелген жұмыс нәти­жесіз болсын ба, ұзамай Жәкеңді жер­гілікті өкімет облыстағы жастар одағы­ның бірінші хатшылығына ұсынды. Ал бұл жұмысты оған дейін облыста еш­бір қазақ баласы атқарған емес еді. Бірақ Жәкең қиындықтан тайсалмай, жауапкершілік жүгін арқалап, қайна­ған жұмыстың бел ортасына түсіп кетті.

1963 жылы облыста жаңадан Тимирязев ауданы ашылды. Жаңа ауданның құрамына Көкшетау мен Қоста­най облыстарынан екіден, Преснов ау­данынан бір және көршілес Октябрь ауданынан жеті шаруашылық енді. Обкомның бірінші хатшысы болған Н.Журин Жәкеңді шақырып алып: “Сен комсомолдың көрігінде шыңдал­д­ың, міндетіңді абыроймен атқардың. Енді жаңа ауданның атқару комите­тінің төрағалығына барасың”, – деп сөзді төтесінен бастады.

Ол кезде облыстық атқару комите­ті­нің төрағасы елге танымал азамат Еркін Әуелбеков болатын. Ауданға жасы отыз бірге енді толған жаңа төрағаны апарып, таныстыру міндетін ол кісі өз мойнына алды. Жолда Октябрь ауданында бірінші хатшы бо­лып отырған Ніл Болатбаевқа соғып, сәлем береді. Әрқашан уытты әзіл­мен сөйлейтін Нәкең сонда: “Ал, Жақ­сылық, енді тар шалбарды тастап, кеңінен кию керек” деген екен.

Жаны ізгілікке толы Жәкеңнің ара­ласқан, сырласқан адамдары да өзін­дей жайсаң жандар еді. Ол Кәкімбек Салықов, Мақтай Сағдиевтермен достық қарым-қатынаста болған, ал облыстың бұрынғы бірінші басшысы Василий Петрович Демиденконы үнемі “Бәсеке” деп құрметпен ауызға алып отырады.

Жәкең артта қалған Тимирязев ау­данын бірер жылда өрге шығарғаннан кейін Мәскеудегі Жоғары партия мек­тебіне оқуға жіберілді. Бұл – зор үміт күттіретін, қызметтерін мінсіз атқарған мамандарды идеологиялық тұрғыдан шыңдауға арналған оқу орны.

Бұл мектепте екі жыл оқыған Жәкең елге ой-өрісін кеңітіп, тың құлшыныс­пен оралды. Ол қала іргесінде жаңа­дан ашылған Бескөл ауданы атқару комитетінің төрағалығына тағайын­дал­ды. Сынақтан сүрінбей өткен Жақ­сылық ағамыз осыдан соң бұрынғы Сергеев ауданын басқаруға аттанды. Ауданның шаруашылығын алға бас­ты­ру жолында тер төге жүріп, ха­лықтың тынысын, жердің тарихын да зерттеуге ден қойды.

Бұл ауданда төрт жылдай қызмет істеген соң Жақсылық Ысқақов об­лыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне көте­рілді. Жәкеңнің Сергеев ауданының топырағына сіңірген ізгілік дәні, маң­дай терімен суарылған еңбегі өз жемі­сін берді. Ол кеткеннен кейін жарты жыл өткенде, яғни, 1976 жылы аудан ең­беккерлері 20 млн. пұт астық жи­нап, рекордты көрсеткішке қол жет­кізді. Әдетте, мұндайда ауданның бі­рінші басшысына Еңбек Ері атағы бе­рілетін еді. Жәкеңнің облыстық атқару комитетіндегі бұрынғы әріптесі Вик­тор Агеевтің сол кезде: “Әттең, Жақ­сы­лық Қабдоллаұлы қызметі өсіп, бір­ден кетіп қалмай ауданда жарты жылдай бөгелгенде Алтын Жұлдыз оның омырауына қадалар еді ғой”, – деп өкініш білдіретіні де осы кез.

Солтүстік Қазақстан облысында 1975-1985 жылдары ауыл шаруашы­лы­ғында қол жеткен озық техноло­гия­лар, астық жинаудың жоғары көрсеткіші, мал төлдерін асылдандыру, мал басын көбейту, озық ұйымдастыру әдістерін енгізудегі жетістіктердің бәрі Жақсылық Ысқақовтың есімімен тікелей байланысты.

1985 жылы ол Павлодар облысы ат­қару комитетінің төрағасы қызметіне жоғарылатылып, осы қызметте 1992 жылы зейнет демалысына жеткенше істеді. Туған жерге оралған соң ол қа­рап отырмай, Жекешелендіру комитеті төрағасының орынбасары, одан әрі бөлім бастығы болып ұзақ жылдар қызмет етті.

Жәкеңнің үш ұлы да, немерелері де өмірде өз орындарын тапқан. Тек бәй­бішесі Гүлназ апайымыз өмірден озып, ақсақалға ауыр қайғы арқалатып кетті. Тумысынан мойы­майтын, қайратты, қайсар тұлға әлі де тұғырдан түспей, ақсақалдар арасында да, жастар арасында да тынбай жұмыс жүргізіп, өзінің өмірден түйген бай тәжірибесін қоғам игілігіне жұмсап ке­леді.

Құдайберген ҚАЛИЕВ,

еңбек ардагері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp