Қазақ пен жылқы – егіз. Әрі қазақ баласы ертеден асау үйретіп, ат жалында ойнаған, тұлпар баптауды бес саусағындай білген. Атбегілер жүйрік болар жылқыны құлын кезінен таныған, демек, аттың сынына аса мән берген. Бәйге алар атты қанжілік қылып шаршатпай, бабымен баққан, құнан шыққанда қолтығын жаздырып, ал аламанға қосар кезде оны аяңдатып, желдіріп, тұла бойын ауырлатқан, ащы терін шығарған. Шын тұлпарды тұрысынан танитын атбегінің бірі – Есенгелді Елубайұлы.
Қызылжар ауданының Бескөл ауылында тұратын Есенгелді Елубайұлына атбегілік өнер бабадан мирас болып жеткен. Бүгінде осынау өнерді жоғалтып алмай, өз ұрпағына дарытуды мақсат етіп отыр.
– Кейбір атбегілер жабағы, тай кезінде бәйгеге қосамын деп қателесіп жатады. Тұлпардың шын жүйріктігін танытатын тұсы – дөненге шыққан сәті. Осы кезде жылқының бабы келісіп, сүйегі қатая түседі. Егер тұлпардың қанында тектілік болса, ол дөненінде бәйге бермейтіні анық. Өкінішке қарай, қазір қазақы жылқылардың тұқымы ұсақталып кеткені жасырын емес. Сондықтан аламандарда жүлде ала алмауда. Менің қорамдағы тұлпарлардың тұқымы әртүрлі. Жылқы баптау маған жан рақатын береді. Менің ойымша, ағылшын тұқымдас жүйріктерді елімізге көптеп әкеліп, қазақы жылқылармен будандастыру қажет. Сол кезде аралас қанды арғымақ шығарып, шетелдіктердің қазақы жылқыға деген қызығушылығын тудыра аламыз, – дейді атбегі.
Есенгелді Елубайұлынан бәйге атын баптау жайын сұрадық. Ол көктем айында арғымақты аламанға аңдап қосу қажеттігін ескертеді. Қазақ халқында “көктемде жілік, күзде жүйрік шабады” деген қағидат бар. Осы нақылды ескермеген кейбір атбегілер көктемде бабы келмеген жылқыны бәйгеге қосып, жарақаттап алып жатады екен. Сондықтан жас атбегілер көктем айларында осы жағын ескерген жөн.
Есенгелді Елубайұлының ат баптау өнерінің өзіндік ерекшелігі де бар. Ол бәйге алдында, яғни, бір күн бұрын тау-тасты, даланы аралатып бойын жазады. Және жылқыға таза сұлы беріп, өз ретімен суытады. Атбегінің сөзіне сүйенсек, жылқының жақсысы тамақты талғап жейді. Яғни, шын жүйрік бәйге алдында қанша жем берсең де, тек мөлшерімен жеп, өз-өзін аламанға дайындайды екен. “Бұл жылқы малының ерекше қасиеті”, – дейді ол.
Бескөл ауылындағы “Құлагер” атшабарының жанында 2008 жылы арнайы ат спортын дамытатын мектеп құрылған. Оған 2017 жылы “Арғымақ” деген атау берілді. Спорт мектебінің мақсаты – жас ұрпақты ұлттық ат спорты түрлеріне баулу. Бүгінде Есенгелді Елубайұлы атбегілікпен қатар, осы мектепте жарысқа қатысып, ат құлағында ойнайтын шабандоздарды даярлайды. “Бірінші кезекте шабандоздың салмағы ескеріледі. Ол ат құлағында ойнауы қажет. Себебі жылқы малы сезімтал келеді. Қорыққаныңды бірден аңғарып қояды. Біздің облыста көкпар тартумен, бәйгемен айналысатын спортшылар аз емес. Жаттықтырушылар да ат спортының аталмыш түріне машықтандыруда қажырлы еңбек етуде. Көптеген жарыстарда жерлестеріміз жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Әлбетте, мұның барлығы жігерлендіреді. Болашақта одан да биік асуларды бағындыруды көздеп жүрміз”, – дейді ол.
“Арғымақ” облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде иппотерапияға, яғни, салт атпен жүру арқылы емдеу ісіне де барынша назар аударылады. Өйткені атеросклероз, ақыл-ой жетіспеушілігі, асқазан-ішек аурулары, бас жарақаты, полиомелит және сырқаттың басқа түрлеріне шалдыққан адамдарды оңалтуда атпен серуендеудің маңызы зор. Мамандардың айтуынша, бұл – науқастардың денсаулығын жақсартуға арналған ең тиімді емдік тәсілдердің бірі. Салт атпен жүрген кезде адамның көңіл күйі көтеріліп, өз-өзіне деген сенімділігі артады. Қазіргі кезде әлемнің көптеген елдерінде иппотерапия кеңінен қолданылуда. Арнайы орталықтар да жұмыс істейді.
Жас ұрпақтың ұлттық ат спортына деген ықыласын арттыру мақсатында мектепте үш айда бір рет “ашық есік” күні ұйымдастырылады. Оның барысында балалар салт атпен серуендей алады.
– Төрт түлікке о бастан жақын болып өскен баланы қазақ “малсақ бала” деп атаған. Міне, осындай баладан жақсы атбегі шығады. Себебі жастайынан үй жануарларын, оның ішінде жылқыны жақсы көріп, ат жалын тартып мініп, жайдақ шауып өспеген баланы есейгенде қанша жерден үйретсең де мықты шабандоз шығуы екіталай, – дейді атбегі.
Кез келген адам атбегі бола алмайды. Себебі бұл – ата-бабадан жалғасқан дәстүр, яғни, мұрагерлікті қабылдаған адамдар ғана икем келеді. Қазақта жігіттің үш бақыты бар деседі. Ол – мінген аты, алғыр тазысы және сүйген жары. Бұл атам заманнан бері келе жатқан түсінік. Есенгелді Құспековте бұл аталғандардың үшеуі де бар. Демек, ол – нағыз бақытты жан.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.