«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ТҰЛПАРДЫ ТҰЯҒЫНАН ТАНЫҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ пен жылқы – егіз. Әрі қазақ баласы ертеден асау үйретіп, ат жалында ойнаған, тұлпар баптау­ды бес саусағындай білген. Атбегілер жүйрік болар жылқыны құлын кезінен таныған, демек, аттың сынына аса мән берген. Бәйге алар атты қанжілік қылып шаршатпай, бабымен баққан, құнан шыққанда қолтығын жаздырып, ал аламанға қосар кезде оны аяңдатып, желдіріп, тұла бойын ауырлатқан, ащы терін шығарған. Шын тұлпарды тұрысынан танитын атбегінің бірі – Есенгелді Елубайұлы.

Қызылжар ауданының Бескөл ауы­лында тұратын Есенгелді Елубай­ұлы­на атбегілік өнер бабадан мирас болып жеткен. Бүгінде осынау өнерді жоғалтып алмай, өз ұрпағына дары­туды мақсат етіп отыр.

– Кейбір атбегілер жабағы, тай ке­зінде бәйгеге қосамын деп қателесіп жатады. Тұлпардың шын жүйріктігін танытатын тұсы – дөненге шыққан сәті. Осы кезде жылқының бабы келі­сіп, сүйегі қатая түседі. Егер тұлпар­дың қанында тектілік болса, ол дөне­нінде бәйге бермейтіні анық. Өкінішке қарай, қазір қазақы жылқылардың тұ­қымы ұсақталып кеткені жасырын емес. Сондықтан аламандарда жүл­де ала алмауда. Менің қорамдағы тұлпарлардың тұқымы әртүрлі. Жыл­қы баптау маған жан рақатын береді. Менің ойымша, ағылшын тұқымдас жүйріктерді елімізге көптеп әкеліп, қазақы жылқылармен будандастыру қажет. Сол кезде аралас қанды арғы­мақ шығарып, шетелдіктердің қазақы жылқыға деген қызығушылығын тудыра аламыз, – дейді атбегі.

Есенгелді Елубайұлынан бәйге атын баптау жайын сұрадық. Ол көк­тем айында арғымақты аламанға аң­дап қосу қажеттігін ескертеді. Қазақ халқында “көктемде жілік, күзде жүй­рік шабады” деген қағидат бар. Осы нақылды ескермеген кейбір атбегілер көктемде бабы келмеген жылқыны бәйгеге қосып, жарақаттап алып жа­та­ды екен. Сондықтан жас атбегілер көктем айларында осы жағын ескер­ген жөн.

Есенгелді Елубайұлының ат бап­тау өнерінің өзіндік ерекшелігі де бар. Ол бәйге алдында, яғни, бір күн бұ­рын тау-тасты, даланы аралатып бо­йын жазады. Және жылқыға таза сұ­лы беріп, өз ретімен суытады. Атбе­гінің сөзіне сүйенсек, жылқының жақ­сысы тамақты талғап жейді. Яғни, шын жүйрік бәйге алдында қанша жем берсең де, тек мөлшерімен жеп, өз-өзін аламанға дайындайды екен. “Бұл жылқы малының ерекше қа­сиеті”, – дейді ол.

Бескөл ауылындағы “Құлагер” ат­шабарының жанында 2008 жылы ар­найы ат спортын дамытатын мектеп құрылған. Оған 2017 жылы “Арғымақ” деген атау берілді. Спорт мектебінің мақсаты – жас ұрпақты ұлттық ат спорты түрлеріне баулу. Бүгінде Есен­гелді Елубайұлы атбегілікпен қатар, осы мектепте жарысқа қаты­сып, ат құлағында ойнайтын шабан­доздарды даярлайды. “Бірінші кезек­те шабандоздың салмағы ескеріледі. Ол ат құлағында ойнауы қажет. Себе­бі жылқы малы сезімтал келеді. Қо­рық­қаныңды бірден аңғарып қояды. Біздің облыста көкпар тартумен, бәйгемен айналысатын спортшылар аз емес. Жаттықтырушылар да ат спортының аталмыш түріне машық­тан­дыруда қажырлы еңбек етуде. Көптеген жарыстарда жерлестеріміз жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Әлбетте, мұның барлығы жігер­лендіреді. Болашақта одан да биік асу­ларды бағындыруды көздеп жүр­міз”, – дейді ол.

“Арғымақ” облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде иппотерапияға, яғни, салт атпен жүру арқылы емдеу ісіне де барынша назар аударылады. Өйткені ате­рос­клероз, ақыл-ой жетіспеушілігі, асқа­зан-ішек аурулары, бас жарақаты, по­лиомелит және сырқаттың басқа түр­леріне шалдыққан адамдарды оңал­туда атпен серуендеудің маңызы зор. Ма­мандардың айтуынша, бұл – нау­қастардың денсаулығын жақсартуға арналған ең тиімді емдік тәсілдердің бірі. Салт атпен жүрген кезде адам­ның көңіл күйі көтеріліп, өз-өзіне де­ген сенімділігі артады. Қазіргі кезде әлемнің көптеген елдерінде иппоте­ра­пия кеңінен қолданылуда. Арнайы орталықтар да жұмыс істейді.

Жас ұрпақтың ұлттық ат спортына деген ықыласын арттыру мақсатында мектепте үш айда бір рет “ашық есік” күні ұйымдастырылады. Оның бары­сын­да балалар салт атпен серуендей алады.

– Төрт түлікке о бастан жақын бо­лып өскен баланы қазақ “малсақ ба­ла” деп атаған. Міне, осындай бала­дан жақсы атбегі шығады. Себебі жас­тайынан үй жануарларын, оның ішін­де жылқыны жақсы көріп, ат жалын тартып мініп, жайдақ шауып өспеген баланы есейгенде қанша жерден үй­ретсең де мықты шабандоз шығуы екі­талай, – дейді атбегі.

Кез келген адам атбегі бола ал­май­ды. Себебі бұл – ата-бабадан жалғас­қан дәстүр, яғни, мұрагерлікті қабыл­даған адамдар ғана икем келеді. Қазақта жігіттің үш бақыты бар деседі. Ол – мінген аты, алғыр тазысы және сүйген жары. Бұл атам заманнан бері келе жатқан түсінік. Есенгелді Құс­пековте бұл аталғандардың үшеуі де бар. Демек, ол – нағыз бақытты жан.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp