«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛҒА ҚАЖЕТІ — АУЫЗСУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жетінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті он бесінші сессиясы өтті. Депутаттар жиналысында өңірдің елді мекендерін ауызсумен қамтамасыз ету туралы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Ілиясовтың есебі тыңдалды. Баяндамашы депутаттарды елді мекендерге су беру жағдайымен таныстырып, проблемалық мәселелер және оларды шешу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Қазіргі уақытта 250 мың адам тұратын (83,5 пайыз) 406 ауыл орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. 229 ауылдық елді мекен (16,5 пайыз) әлі құбырға қосылмаған. Былтыр бұл салаға 10,3 млрд. теңге бағытталып, 49 елді мекенге тіршілік көзі жеткізілді. Жамбыл, Мамлют аудандарының бірнеше ауылына тарату желілері мен су құбырлары тартылды. Айыртау, Ақжар, Есіл, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Мамлют, Тимирязев, Уәлиханов, Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда ауызсумен жабдықтау желілері қалпына келтірілді. 2021 жылдың соңында ауыл тұрғындарының сумен жабдықтауға қолжетімділігі 83,5 пайызды құрады. Биыл сумен жабдықтау және су бұру объектілерін салуға, жаңартуға және жөндеуге 12,3 млрд. теңге бөлінген.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Айманов облыстың медицина саласындағы ахуал жөнінде айтып берді. Қазіргі таңда өңірде 19 аурухана, 63 амбулаторлық-емханалық ұйым, 42 фельдшерлік-акушерлік және 413 медициналық пункт жұмыс істейді. Өкінішке қарай, 2020 жылмен салыстырғанда дәрігерлермен қамту көрсеткіші 2 пайызға төмендеген. Емдеу мекемелеріне әлі де 285 дәрігер жетіспейді. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 9 жоғары медициналық оқу орнында 146 студент оқиды.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев облыста эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін жеткізсе, экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру барысы туралы хабардар етті. Оның айтуынша, 76 жоба жүзеге асырылуда: 35-і – білім беру, 3-уі – денсаулық сақтау, 2-уі – спорт салаларында.

Облыстық бюджетті нақтылау бойынша мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу туралы қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант сөз сөйледі.

Сессияда мәдениет және білім бе­ру нысандарына тұлғалардың есімдерін беру мәселесі қаралып, Жам­был ауданының орталықтан­ды­рыл­ған кітапханалар жүйесіне Са­фуан Шаймерденовтің, Шал ақын ау­данындағы қазақ орта мектебіне Кә­кімбек Салықовтың, Қызылжар ауда­ны Новоникольск орта мектебіне Ген­надий Зенченконың есімдерін беру туралы ұсыныстар қолдау тапты.

Айыртау және Шал ақын ауданда­ры бойынша әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарының тізімі бекітіл­ді. Ауылдардан облыс орталығына дейін және аудан ішіндегі жол жүру құны екі есе­ге төмендемек. Жаңа тізбеде бар­лы­ғы 126 бағыт бар, оның 42-сі – облыс­і­ші­лік, 44-і – қалалық және қала ма­ңындағы, 40-ы аудан­ішілік бағыттар.

Жаңа кадрлық тағайындауларға байланысты облыс әкімі жанындағы бірқатар комиссиялардың дербес құ­рамы туралы шешімдерге өзгерістер енгізіліп, өңір басшысының халықпен кездесуінің жылдық жоспары келі­сілді.

Қайрат САДЫҚОВ,

облыстық мәслихаттың баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp