«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАБАДАН ЖЕТКЕН МИРАС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Наурыз – шығыс халықтарының мейрамы, Ұлыстың ұлы күні. Махмұд Қашқари, Омар Һаямнан бастап, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаевқа дейін Наурыз туралы еңбектер жазып қалдырған. Бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Наурыз мерекесінде жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау қасиеттері көрініс тауып, кейінгі ұрпақ сол жақсы өнегеден үлгі алған.

Қазақстанда ресми түрде Наурыз 1988 жылы халқымызға қайта оралып, содан бері үзілместен тойланып келеді. Ұлыстың ұлы мерекесiн тойлауға халқымыз биыл 34-ші рет дайындалып жатыр. “Ұлт жоқ. Ұйысқан Одақ қана бар” деген кеңестiк дәуiрдiң солақай саясаты 70 жылға жуық бұл мерекені терең “зындан түбiнде” бұғаулап ұстағанын бiлемiз. Одан қалды ашаршылық, соғыс, ұлт зиялыларына қарсы дүркiн-дүркiн шабуылдар халқымыздың салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрпын адамдардың жадынан өшіруге аз-ақ қалған еді.

Өткен ғасырдың 70-ші жылдары мектеп қабырғасында жүрген біздер оқитын “Қазақ КСР-ның тарихы” сабағына арналған оқулықтың қалыңдығы пышақтың қырындай ғана болушы еді. Онда көбінесе кеңес кезіндегі Қазақстанның жетістіктері паш етіліп, халқымыздың қатпар-қатпар тарихы, мәдениеті, салт дәстүрі, ауыз әдебиеті хақында деректер тым тапшы болатын. Ал оның орнына “Әлем тарихы” сабағында көзіміз көрмеген Африка, Америка елдерінің басынан өткенін біліп, не ішіп, не жейтініне дейін оқушы едік.

Ел Құсайын молда деп атап кеткен, арабша хат танитын, бес мезгіл намазын қатаң атеистік насихатқа қарамастан қаза қылмаған атам осы күнге ерекше дайындалатыны есімде қалыпты. Ол Наурыз қарсаңында сақал-мұртын бастырып, жақсы киімдерін киіп, насыбайын жақсылап үгітіп алатын. Әжем марқұм сандық түбіндегі сүр етін қосып, дәмі тіл үйіретін тағам әзірлейтін, бауырсық пісіретін, дастарқанды неше түрлі тағаммен толтыратын. “Біздің бозбала кезімізде қазақтарда Наурыз мерекесі тойланатын. Қыстан аман-есен шығып, жайлауда Наурызкөже дайындалып, халық бір-бірімен мәз-мейрам кездесіп, тұрмыстары төмен болса да дастарқанға қолда барын салатын”, – деген кезде атамның жүзінен мен түсіне бермейтін әлдебір қобалжуды сезінетінмін. Сол атам Наурыз мерекесінің халқымен қайта қауышқанын көре алмай көз жұмды.

Айтпақшы, ұмытып барады екенмін. Сексенінші жылдардың орта тұсында ауылға келсем, үйдің есігінде құлып тұр. Көрші бала бәрі мектеп жанындағы тойға кеткенін айтты. Ауылдың ортасында орналасқан орта мектептің маңы ығы-жығы адам. “Қазақтың қысын шығарып салу” деген жазу анадайдан менмұндалайды. Алтыбақан тігіліп, жиналған халық көтеріңкі көңіл күймен бір-бірін құттықтап жатыр, шатыр астына кең дастарқан жайылыпты. “Бұлақ” кеңшарының сол кездегі директоры Еркеш Баймусин деген ұлтжанды азамат болатын. “Біз орыс қысын шығарып салу мерекесінің орнына өз мейрамымызды атап өтіп жатырмыз. Наурыз айындағы ата-бабаларымыздың мерекесі бұл”, – деген еді Еркеш Бәриұлы. Ол кезде халқымыздың сан ғасырлық тарихы бар бұл дәстүрі әлі ортамызға оралмаған болатын.

Петропавл қаласындағы алғашқы Наурыз мерекелерінің бірі есімде қалыпты. Ол кезде қызым қазақ мектеп-гимназиясының бастауыш сыныбында оқитын. Болат Қожахметов, Зейнолла Әкімжанов, Дәстен Баймұқанов, Ақан Қанафин және тағы бірнеше ата-ана балаларымызбен бірге мерекені тойлауға үлесімізді қосайық деп шештік. 22 наурызда қалалық әкімдіктің бізге бөлген орнына келдік, ол қазіргі облыстық мәслихаттың алдындағы Ленин ескерткішінің жаны екен. Қолын алға сермеп, жол көрсетіп тұрған күн көсем ескерткішінің жанына қазанымызды асып, Наурызкөже дайындадық, самауырға шай қайнаттық. Балаларымыз өз өнерлерін ортаға салды, олардан ата-аналар да қалыспады. Лениннің дәл “көз алдында” өткен мейрам басқаларына қалай әсер еткенін білмеймін, алайда менің өзім кеңестік идеологиядан арыла бастағанымызды сезіп, қатты қуандым.

Тәуелсіздік жылдары Наурыз мерекесі жаңа мазмұнға ие болды. Ол алты ай бойы қыс құрсауында жататын Қызылжар өңірінде де бар сән-салтанатымен атап өтіліп жүр. Осы жылдар ішінде халықтың сүйікті мерекесіне айналды десек артық айтқандық бола қоймас. “Бұл күні пәле-жала кетіп, далаға жылылық пен жақсылық жетеді дейді халық. Әр ауданның атынан тігілген киіз үйлер Мағжан Жұмабаев көшесінде әсем ауыл тізген. Салтанаты жарасқан үйлердің жанында ән-жыр төгіліп жатты. Әр ауданның өкілдерімен кездесіп, әні мен сәні жарасқан киіз үйлерде көрсетіліп жатқан мерекелік шаралардың куәсі болдық. Аудандардың көрсетері мол болды. Бірі көпшілік назарына қолданбалы қолөнер көрмесін ұсынса, келесілері мың бұралған бишілерін, құлақ құрышын қандырар күйшілерін әкелген. Наурыз – шаттықтың, достықтың мерекесі”, – деп бұл мейрамның қызылжарда қалай тойланғаны жайлы газетке ертеректе жазыппын.

Журналистік күнделігімдегі жазбаларға қысқаша көз салсам 2013 жылы Мағжан Жұмабаев көшесіндегі сахнадан Қыдыр ата батасын беріп, тігілген он үш киіз үй арасында байқау жарияланып, ұзындығы бес метр, салмағы 150 килограмм торт тегін үлестірілген екен. 2016 жылы астаналық дизайнерлер қалалық Мәдениет және демалыс саябағының маңында “Тілек ағашын” орнатып, ұзындығы 25 метр дастарқан жайылыпты. 2017 жылы соңғы он бес жылдан кейін Қызылжарда академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің 115 жылдығына орай республикалық Наурыз айтысы ұйымдастырылып, онда павлодарлық ақын Аспанбек Шұғатаев жеңімпаз атанған. Айтысқа тоғыз облыстан ақындар қатысқан. Наурызкөже байқауында “Есіл” мейрамханасы бас жүлдені ұтып алған екен.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов 2018 жылы Наурыз мерекесінде тігілетін киіз үйлерді қазақтың салт-дәстүрлеріне сәйкес безендіріп, ол тұрғындардың еркін тамашалауы үшін ашық болуын тапсырды. Бұл жолы аудандардың киіз үйлері облыс орталығына орнатылған жоқ. Олардың орындарын қаламыздағы ірі кәсіпорындар мен мекемелердің, білім ордаларының киіз үйлері басты. Аудандардың әкімдері шығармашылық ұжымдарымен бірге мейрамды өз жерлерінде тойлады. Ал қаладағы киіз үйлерде дайындалған тағамдар көпбалалы аналарға, еңбек ардагерлеріне, мүгедектерге тегін берілді. 2019 жылы Наурыз мерекесі Түңғыш Президент саябағынан бастау алды, облыстық әкімдіктің ұйғарымымен қаланың барлық шағынаудандарында, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында атап өтілді. Бұл жылы 3 тонна палау, 700 килограмм бауырсақ пісіріліп, 300 литр қымыз дайындалып, үлестіріліпті. “Шеберлер ауылы” фестивалі ұйымдастырылып, оған Түмен, Омбы, Қорған облыстарының қолөнершілері қатысты.

Соңғы екі жылда әлемді жайлаған, талай адамның өмірін қиған коронавирус індеті Наурыз мерекесін өткізуге де өзінің кедергісін келтіргені рас. Санитарлық дәрігерлер мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізуге қатаң тыйым салғандықтан, мейрам отбасыларда, шағын ұжымдарда ғана аталып өтілді. Еліміздің барлық өңірлері “жасыл аймаққа” өткендіктен биыл Наурыз мейрамы ортамызға қайтып оралды. Бұл күні облыс орталығында, өңірдің барлық ірі елді мекендерінде жұртшылық халқымыздың төл мерекесін атап өтеді. Әз-Наурыз құтты болсын, халайық!

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp