Халқымыз өмірден көрген-түйгені де, келер ұрпаққа айтар ұлағаты сөзі де, өнеге тұтар ғибраты да мол қадірлі қарттарды асыл қазынаға балайды ғой. Еңбегімен елге танылып, адамгершілік қасиетімен зор құрметке бөленіп отырған ардагер Жақсылық Қабдоллаұлы Ысқақов – Солтүстік Қазақстан облысында ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де есімі құрметпен аталатын ақсақал.
Адамгершіліктің ақ туын аласартпаған ол жүрген ортасына сыйлы, араласқан жанның бәріне жылылық шуағын шашып жүреді. Қарапайымдылық, адалдық қасиеті оны өзге адамдардан әрқашан ерекшелеп тұрады. Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстанда Кеңес одағы кезінде қызмет еткендерден лауазымы одан биік көтерілген адам жоқ. Ағамыз он жыл бойы Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, одан кейін алты жыл Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Бүгінгі таңда торқалы 90 жасқа толып отырған Жәкеңнің өмір жолының жас ұрпаққа үлгі боларлық, өнеге аларлық қырлары өте мол.
Жәкең – қаймағы бұзылмаған қазақ ортасынан шыққан адам. Бұрындары қазақтар ғана тұратын ауылдардан құрылған кеңшарлар саны 10-15 қана болған еді. Оның да онға жуығын Жәкеңнің өзі ашқан болатын. Соның бірі – Жақсылық Қабдоллаұлы туып-өскен Есіл ауданындағы Бұлақ кеңшары. Бұл жердегі ағайындар негізінен Арғынның Қарауыл атасынан тарайды. Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Тырбидің Молдахметі сияқты әнші-жыршылар Жәкеңдерге аталас. Олардың әндері мен сөздерін бала атаулының бәрі біліп, бойларына сіңіріп өскен. Жақсылықтың әкесі Қабдолла баласын сәби күнінен атақты аталарының сөздері мен өнегесі негізінде тәрбиелеген. Жәкеңнің атасы Ысқақ әкеден жалғыз. Одан Қабдолла, Қазтай және Рәшит деген үш ұл туады. Араларында Дина есімді бір қыз бар. Ысқақ дүниеден ерте өтіп, бәйбішесі балаларын өзі өсіреді. Біреуден кейін, біреуден ілгері қылып, ұл-қызын жеткізіп келе жатқан бейбіт өмірге кеңестік қызыл қырғын килігіп, шағын отбасының ортасына ойран салады.
Жаппай коллективтендіру жылдарында бұлардың шағын шаруасының өзін шолақ белсенділер байлардың тізіміне енгізіп, малдарын тартып алып, өздерін соттатып, жер аудармақ болған. Ондайға көнбеуді ойлаған еті тірі Қабдолла алдындағы қараң-құраң малдарын айдап, інілерімен бірге бір түннің ішінде қырық қабат Тайгаға өтіп кетеді.
Бұл 1928 жылдары болған оқиға. Ағайынды еңбекқор жігіттер қолдарындағы екі-үш тұяқ жылқысымен станциядан тұтыну кооперациясының жүктерін тасып күн көреді. “Қолы қимылдағанның аузы жыбырлайды” демекші, аз уақытта ауыздары аққа тиіп, біршама жақсы тұрмыс құрып кетеді. Осында Қабдолла Қатипа деген қызға үйленеді. 1931-33 жылдардағы елдегі аштықтан ауған халық бұрыннан орналасып қалған бұларды паналайды. Арып-ашып, құр сүлдері жеткен талай ағайынды Қабдолла інілерімен бірге ажалдан алып қалады.
Солардың берген алғыс-батасы шығар, кешікпей Қабдолланың жас келіншегі аман-есен босанып, өмірге маңдайы жарқыраған бір ұл келеді. Оның есімін ақсақалдар енді жақсылық болсын дегенді ырымдап Жақсылық деп қояды. Сөйтіп, Жақсылық ағамыз Түмен облысының Омутин ауданында 1932 жылы дүниеге келген екен.
Жәкең мектеп есігін 1939 жылы туған ауылында ашқан. Ол кездегі Бұлақ ауылы – шағын мекен, бала саны аз. Сондықтан екі сыныпты қосып оқытады. Бірақ ол кезде жақсы өмір мен жайлы тұрмыс тек білімде дегенді саналарына сіңірген балалар ұстаздарының аузынан шыққанның бәрін сорғыштай сорып, жұтып алады. Жақсылық та – соның бірі. Алғашқы мұғалімі Қалетай деген жас жігіттің аузынан шыққанын қағып алып, өзіне лезде айтып береді. Жас ұстаз да бұл баланың болашағынан үлкен үміт күтіп, өз білгенін аямай үйретеді.
Жақсылық Ысқақов жетінші сыныпты бітірген жылы соғыс аяқталып, Қызылжарда тұратын шешесінің жалғыз інісі Ахметжан майданнан елге аман оралады. Кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына бас есепші болып қызметке орналасады. Ол Жақсылықты қалаға әкеліп, осындағы жалғыз қазақ мектебіне береді. Бұл білім ордасы – ұзақ жылдар бойы Қызылжар өңірі жастарының талай буындарына озық білім беріп, жарқын болашаққа ұшырған құтты мекен. Жәкең осы мектепті нағашы атасының үйінде тұрып оқып бітіреді. Нағашы атасы Ахан да, Ахметжан ағасы да ақылды адамдар болғанын Жәкең ылғи ілтипатпен еске, сағынышпен ауызға алады. “Жігіттің жақсысы – нағашыдан, үйдің жақсысы – ағашынан” демекші, оның жақсы азамат болғандығына нағашыларының өнегелі тәрбиесінің қосқан үлесі де аз емес екенін білеміз.
Нағашыларының тәрбиесінде жүріп мектепті жақсы бітірген бозбала қазақ атаулының жүрегін лүпілдетіп, өзіне тартып тұратын ару Алматыны бетке алып, ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне барады. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар ғой, бірақ оқуға түсуге ниеттенген жастар аз емес. Бәрі де соғыс жылының ауыртпалықтарын ауылда жүріп бастан кешкендер, енді маман болып елдеріне оралмақшы. Жәкеңнің де мақсаты сол, қайтсе да мамандық алу. Жас жігіттің жолы болып, оқуға түсіп кетеді. Елге оралысымен облыс орталығынан қырық шақырым жердегі бір кәсіпорынға агроном болып орналасады. Полудин МТС-ін Сабыр Сибғатуллин деген татар азаматы басқарады екен. Бұл тың көтерудің басталған уақыты.
Сол жылдарда Петропавл қаласында ауыл шаруашылығы басшыларының орта құрамын даярлайтын мектеп болған. Қазақтар оны “басқармалардың оқуы” дейтін. Жақсылық Ысқақовтың алғашқы қадамдарын бақылаған жергілікті билік бір жылдан соң оны осы мектепке мұғалімдікке шақырады. Сөйтіп, Жәкең осы мектептегі мұғалімдер арасында жалғыз жоғары білімді маман болып, “ботаника”, “жер игеру” пәндерін оқытады. Алдында кеңшардың басқармасы немесе ауылдық кеңестің төрағасы болып істеген әкесіндей адамдар отырса да жас жігіт оларға абдырамай сабақ береді.
Сол жылдары Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясының жанынан жоғары білімді адамдарды ғана қабылдайтын бір жылдық агропедагогикалық білім жетілдіру курсы ашылады. Білімге құштарлық қанат бітірген Жәкең Мәскеуге аттанады. Білімін шыңдап, мектебіне құлшыныспен оралған жас ұстаздың өмір соқпағының бағытын өзгерткен Хрущев дәуірінде жоғарыдан түскен ұшқары бұйрықтардың бірімен Петропавлдағы ауыл шаруашылығы мектебі Қарағандыға ауыстырылуы еді.
Басшылар туған өңірін қиып кете алмаған Жәкеңді Октябрь ауданының МТС-не бас агроном етіп ауыстырады. Басы бос жас жігіт әке-шешесін, туыстарын МТС орналасқан Ольгинка ауылына көшіріп әкеледі. Содан кейін Жәкең өзінің туған ауылы Бұлақ бір бөлімшесі болып табылатын жер көлемі үлкен Заградов кеңшарына бас агроном болып ауыстырылады. Ел ырысын еселей, тынбай еңбек етіп жүрген жас маманға жерлестері де риза болып, қадамына табыс тілейді.
Ақсақалдардың ақ батасының қасиеті шығар, кіндік қаны тамған топырақта абыройға бөленген Жәкең көп уақыт өтпей, облыс басшылығындағы лауазымдық қызметке көтеріледі. Бұл кездейсоқ оқиға емес еді.
Ол кезде ауыл шаруашылығы, жер өңдеу технологиясы сияқты сол саланың мамандарының ғана тісі бататын мәселелерге ауылға келген өкіл болсын, тіпті милиция болсын, әйтеуір, ерінбеген басшының бәрі нұсқау беріп, көлденең көк аттылар киліге беретін. Осыны байқаған Жәкең обкомның екінші хатшысы Мұзаппар Дайыров қатысқан бір жиналыста басқа саланың басшылары өздері терең білмейтін ауыл шаруашылығының технологиялық мәселелеріне араласпасын деп өз тұжырымын кесіп айтады. Адамды сөзінен де, мінезінен де жазбай танитын обком хатшысы ойы терең, батыл жігітке бірден назар аударып, облыстық комсомол комитетінің екінші хатшылығына алдырады.
Осы сәттен бастап Жәкеңнің жастықтың жалынын лаулатқан қызу өмірі басталды. Жастар ұйымының жұмысын жандандыруға ол білекті сыбана кірісті. Ауылдарды тынымсыз аралап, жастардың әлеуметтік, рухани мәселелерін зерттеп, оларды шешу жолдарын қарастырып, өскелең ұрпақтың ұсыныстары мен бастамаларына қолдау көрсетіп, бұл саланың тамырына да қан жүгіртті.
Ол жылдардағы жастардың ынта-жігері тау қопарардай орасан болатын. Тың ұсыныс, ұтымды ойлардың қайнар көзі де солар. Олардың ой-пікірлерін жан дүниесі сергек Жәкең мұқият тыңдап, екшелейді, салмақты ұсынысқа қолдау көрсетіп жастарға дем беріп жүретін.
Бірер уақытта Жәкең адамдармен қарым-қатынас жасаудың, оларды соңынан ертудің қыр-сырын меңгеріп алды. Біреулерді ықыласымен баураса, екіншілерінің ынтасын оятып, жігерлерін жаниды. Осындай жанталасқан жұмыспен жүргенде Алматыдан келетін қалыңдығы Гүлназды қарсы алуға да уақыт таппай, оны ренжітіп алғаны да бар. Бірақ ақылды қыз жұмыс бабындағы жігіттің жағдайын түсінетін еді. Араға аз уақыт салып екеуі шаңырақ көтерді.
Жанды сала істелген жұмыс нәтижесіз болсын ба, ұзамай Жәкеңді жергілікті өкімет облыстағы жастар одағының бірінші хатшылығына ұсынды. Ал бұл жұмысты оған дейін облыста ешбір қазақ баласы атқарған емес еді. Бірақ Жәкең қиындықтан тайсалмай, жауапкершілік жүгін арқалап, қайнаған жұмыстың бел ортасына түсіп кетті.
1963 жылы облыста жаңадан Тимирязев ауданы ашылды. Жаңа ауданның құрамына Көкшетау мен Қостанай облыстарынан екіден, Преснов ауданынан бір және көршілес Октябрь ауданынан жеті шаруашылық енді. Обкомның бірінші хатшысы болған Н.Журин Жәкеңді шақырып алып: “Сен комсомолдың көрігінде шыңдалдың, міндетіңді абыроймен атқардың. Енді жаңа ауданның атқару комитетінің төрағалығына барасың”, – деп сөзді төтесінен бастады.
Ол кезде облыстық атқару комитетінің төрағасы елге танымал азамат Еркін Әуелбеков болатын. Ауданға жасы отыз бірге енді толған жаңа төрағаны апарып, таныстыру міндетін ол кісі өз мойнына алды. Жолда Октябрь ауданында бірінші хатшы болып отырған Ніл Болатбаевқа соғып, сәлем береді. Әрқашан уытты әзілмен сөйлейтін Нәкең сонда: “Ал, Жақсылық, енді тар шалбарды тастап, кеңінен кию керек” деген екен.
Жаны ізгілікке толы Жәкеңнің араласқан, сырласқан адамдары да өзіндей жайсаң жандар еді. Ол Кәкімбек Салықов, Мақтай Сағдиевтермен достық қарым-қатынаста болған, ал облыстың бұрынғы бірінші басшысы Василий Петрович Демиденконы үнемі “Бәсеке” деп құрметпен ауызға алып отырады.
Жәкең артта қалған Тимирязев ауданын бірер жылда өрге шығарғаннан кейін Мәскеудегі Жоғары партия мектебіне оқуға жіберілді. Бұл – зор үміт күттіретін, қызметтерін мінсіз атқарған мамандарды идеологиялық тұрғыдан шыңдауға арналған оқу орны.
Бұл мектепте екі жыл оқыған Жәкең елге ой-өрісін кеңітіп, тың құлшыныспен оралды. Ол қала іргесінде жаңадан ашылған Бескөл ауданы атқару комитетінің төрағалығына тағайындалды. Сынақтан сүрінбей өткен Жақсылық ағамыз осыдан соң бұрынғы Сергеев ауданын басқаруға аттанды. Ауданның шаруашылығын алға бастыру жолында тер төге жүріп, халықтың тынысын, жердің тарихын да зерттеуге ден қойды.
Бұл ауданда төрт жылдай қызмет істеген соң Жақсылық Ысқақов облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне көтерілді. Жәкеңнің Сергеев ауданының топырағына сіңірген ізгілік дәні, маңдай терімен суарылған еңбегі өз жемісін берді. Ол кеткеннен кейін жарты жыл өткенде, яғни, 1976 жылы аудан еңбеккерлері 20 млн. пұт астық жинап, рекордты көрсеткішке қол жеткізді. Әдетте, мұндайда ауданның бірінші басшысына Еңбек Ері атағы берілетін еді. Жәкеңнің облыстық атқару комитетіндегі бұрынғы әріптесі Виктор Агеевтің сол кезде: “Әттең, Жақсылық Қабдоллаұлы қызметі өсіп, бірден кетіп қалмай ауданда жарты жылдай бөгелгенде Алтын Жұлдыз оның омырауына қадалар еді ғой”, – деп өкініш білдіретіні де осы кез.
Солтүстік Қазақстан облысында 1975-1985 жылдары ауыл шаруашылығында қол жеткен озық технологиялар, астық жинаудың жоғары көрсеткіші, мал төлдерін асылдандыру, мал басын көбейту, озық ұйымдастыру әдістерін енгізудегі жетістіктердің бәрі Жақсылық Ысқақовтың есімімен тікелей байланысты.
1985 жылы ол Павлодар облысы атқару комитетінің төрағасы қызметіне жоғарылатылып, осы қызметте 1992 жылы зейнет демалысына жеткенше істеді. Туған жерге оралған соң ол қарап отырмай, Жекешелендіру комитеті төрағасының орынбасары, одан әрі бөлім бастығы болып ұзақ жылдар қызмет етті.
Жәкеңнің үш ұлы да, немерелері де өмірде өз орындарын тапқан. Тек бәйбішесі Гүлназ апайымыз өмірден озып, ақсақалға ауыр қайғы арқалатып кетті. Тумысынан мойымайтын, қайратты, қайсар тұлға әлі де тұғырдан түспей, ақсақалдар арасында да, жастар арасында да тынбай жұмыс жүргізіп, өзінің өмірден түйген бай тәжірибесін қоғам игілігіне жұмсап келеді.
Құдайберген ҚАЛИЕВ,
еңбек ардагері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.