«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПАРАЛИМПИАДА ЖҮЛДЕГЕРІНЕ — ПӘТЕР КІЛТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық әкімдікте Бейжіңдегі Олимпиада мен Паралимпиада ойындарына қатысқан спортшылардың қатысуымен салтанатты жиын өтті. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов төрткүл әлем көз тіккен жарыста ел намысын қорғаған ұлттық құрама мүшелерін құттықтады.

Салтанатты шараны ашқан облыс әкімі төрт жылда бір рет келетін дода спортшылардың өміріндегі маңызды сын екенін атап өтті. Биылғы жарыстарда облысымыздың атлеттері жақсы нәтиже көрсеткенін тілге тиек етті.

– Бейжіңдегі қысқы Олимпиада мен Паралимпиада ойындарында ұлттық құрама сапында 40-тан астам спортшы қатысты. Оның 4-еуі облысымызың намысын қорғап, үздік атлеттермен терезесі тең өнер көрсетті. Александр Герлиц, Ербол Хамитов, Сергей Усольцев пен Иван Аржанников жеңіске жету үшін барын салды. Парабиатлоннан Александр Герлиц қола жүлдегер атанды. Сіздерді өңір тұрғындары мақтан тұтады. Алдағы жарыстарда бұдан да биік белестерді бағындыра алатындарыңызға сенімдімін, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Бейжіңдегі Паралимпиада ойындарында жалғыз қола медальді жеңіп алған Александр Герлицке облыс әкімі пәтер кілті мен 5 млн. теңгенің сертификатын табыстады.

– Ойындардың басталуына екі жыл қалғанда жүйелі дайындыққа кірістік. Оқу-жаттығулардың дені Ақмола облысында өтті. Бейжіңдегі әр жарыс оңай болған жоқ. Жасанды қарда шаңғыларымыз дұрыс сырғанамай қиналдық. Дегенмен құрамамыздың техникалық персоналы жақсы жұмыс жасады. Мен бапкерлерімнің нұсқауларын назарға алып, діттеген мақсатыма жеттім. Алдағы уақытта әлі талай сайыстарда топ жаруға тырысамын, – деді Александр Герлиц.

Қысқы Олимпиада мен Паралим­пиадаға қатысқан өзге де спортшы­ларға Құрмет грамоталары мен 1,5 млн. теңгенің сертификаттары та­бысталды. Бапкерлер де құр алақан қайтпады. Александр Суровяткин мен Антон Ждановичке 1 млн., Аслан Тоқбаев пен Мария Дробязкоға 500 мың теңге көлеміндегі сыйақы берілді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов биыл жер­гі­лікті бюджеттен спорт саласына қо­мақ­ты қаражат бөлінгенін атап өтті. Мәселен, балалар мен жасөспірім­дерді саламатты өмір салтына бау­лып, кәмелеттік жасқа толмаған­дар­ды тегін спорт үйірмелерімен қам­туға 300 млн. теңге қарастырылған.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp