Биылғы жыл айтулы оқиғаларға, мерейлі даталарға толы. Жерлесіміз, қазақ сөз өнерінің майталман шебері, сирек талант иесі Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл толады. Артына өшпес, өлмес мұра қалдырған халық жазушысының оқырмандарын тамсандырған өмір жолы мен шығармашылық талантын солтүстікқазақстандықтар жақсы біледі, зор құрмет тұтады.
Солтүстік Қазақстан облыстық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің шешімімен 1986 жылы Петропавл қаласындағы №43 орыс орта мектебіне Ғабит Мүсіреповтің есімі берілді. Мектеп фойесінде ірі әріптермен қаламгердің “Өскелең ұрпақ, алға қойған мақсаттарыңызға жетулеріңізге тілектеспін, жақсы өмір сүріңіздер, соған ұмтылыңыздар!” деген ғибратты сөзі жазылған. Көркем сөз зергері атындағы мемориал-кабинетте жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты бай материалдар жинақталған.
Текті қалам иесінің азан шақырып қойған аты Ғабді әл-Ғабит екенін біреу білсе, біреу білмейді. Арабшадан қазақшаға аударғанда “Құдайдың құлы” деген мағынаны білдіреді. Ауылда орысша-қазақша бастауыш мектепте оқып, белгілі ұстаз Бекет Өтетілеуівтен дәріс алған. Алғашқы туындысы “Тулаған толқында” деген атпен қабырға газетте жарияланған. Қаламгердің сталиндік қуғын-сүргін зобалаңы кезеңінде тайсалмастан “Бейімбет жау болса, мен де жаумын” деген әйгілі сөзін жатқа білмейтін қазақ кемде-кем. Бұл зұлматтың зардабы ұлы жазушыға ауыр соққы болып тигені белгілі. Голощекиннің асыра сілтеу саясатын өткір сынап, БК/б/П орталық комитетіне жолданған “Бесеудің хатына” қол қойғаны үшін “халық жауы” атанып, қуғынға ұшырайды. 1938 жылы қызметтен алынып, партия қатарынан шығарылады. Жаны тазалықты, әділдікті, парасаттылықты сүйген суреткерге 1974 жылы Социалистік Еңбек Ері, 1984 жылы Қазақ КСР халық жазушысы атағы берілген. Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.
Қаламгер аударма саласына да қыруар еңбек сіңірді. Мемориал-кабинетте осындай танымдық деректер молынан топтастырылған, олардың оқушылар үшін өнегелік сипаты айрықша. Кітапханада “Даланың дара суреткері” атты тұрақты көрме жұмыс істейді. Оның аясында жазушының өмірі мен шығармашылығын әралауан сипатта зерделеген мұғалімдер мен оқушылардың әдістемелік еңбектерімен танысуға болады. Бұдан бөлек, арнайы сабақтар мен сыныптан тыс жұмыстар, жоғары сынып оқушылары үшін “Мүсірептану” факультативтік курстары өтеді. Наурыз айында сынып сағаттары, апталықтар, суреткердің шығармаларын мәнерлеп оқу, эссе жазу сияқты шаралар ұйымдастырылады. Жалпы рейтингте бірінші орын алған сынып Ғабеңнің ескерткішіне гүлшоғын қою құрметіне ие болады. Ұстаздар қауымы тәрбиені қашанда құнды байлыққа балайды. Бұл орайда өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, оларға сапалы білім беруде әркез Ғабит Мүсіреповтің өзгеге ұқсамайтын феноменін, болмысын үлгі етеміз. Оның ұлт болашағын ойлаудан туған даналық сөздері басты бағдарымыз, темірқазығымыз іспеттес. Осындай тұлғаға қарап бой түзеуді, атына кір келтірмеуді асыл парызымыз, басты борышымыз санаймыз.
Мектепте оқитын 932 оқушыға 70 мұғалім сабақ береді. Олардың 61-і – жоғары білімді, 17-сі жоғары біліктілік және педагог-зерттеуші санатына ие. Былтыр білім сапасы 74,6 пайызды құрады. Бастауыш сынып мұғалімдері Е.Шарапова мен О.Семыкина “Бастауыш мектептегі үздік сабақ” облыстық байқауына қатысты. Ольга Борисовна бейнесабақтар байқауының қалалық кезеңінде – үшінші, Евгения Геннадьевна облыста бірінші орын алды. Ұстаздардың әдістемелік бірлестігінде іс-тәжірибелері насихатталып, таратылды. Орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері Л.Лыжина, Т.Покатилова, Л.Шнакенберг “Қашықтан оқыту жағдайында орыс тілі мен әдебиеті сабақтарында жұмыстың белсенді түрлері” қалалық онлайн-семинарына қатысып, жұмыстары жақсы бағаланды. Ғ.Мүсіреповтің 120 жылдық мерейтойы қарсаңында 102 оқушы оқуда үздіктер қатарынан көрінді. 6 “г” сынып оқушысы Стефан Малько Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына арналған “Менің рәміздерім” қалалық сурет байқауында жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. “Мен Қазақстанның атын шығарамын” музыкалық-поэтикалық фестивальдың қалалық турында мектебіміз 3-орын алды. Патриоттық тәрбие аясында 5-7 сынып оқушылары командасы облыстық “Алау” әскери-патриоттық спартакиадасында 1-орыннан, ал 9-11 сынып оқушылары командасы “Батыр” әскери-спорттық спартакиадасында 2-орыннан көрінді.
“Қазақ әдебиеті” газетінде басылған бір мақалада: “Кез келген ірі суретші сияқты Ғ.Мүсірепов те заманауи өнердің шығармашылық тәжірибесі мен ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық эстетикалық принциптердің үйлесімін беретін өзінің эстетикалық әлемін жасады. Қаламгер қазақ әдебиетінде ерекше орын алады, ол қалдырған үлкен әдеби мұра көпэтносты қазақстандық әдебиеттің мақтанышына айналды. Проза шеберінің шығармаларымен таныса отырып, жазушының мерейтойын атап өтудің ең жақсы тәсілі – оның туындыларын оқып, қайта оқып, одан әлемнің, оның жоғары адамгершілігінің көрінісін үйрену екенін ұмытпауымыз керек”, – деген пікір бар. Біздің бұған алып-қосарымыз жоқ.
Наталья УВАРОВА,
Ғабит Мүсірепов атындағы
№43 орта мектебі директорының міндетін атқарушы.