«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫЛАРЫН ҰЛЫҚТАҒАН ҚЫЗЫЛЖАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжарда “Ұлтын сүйген ұлы­лар” атты дүбірлі айтыс өтті. Респуб­ли­калық аламан көркем сөздің ше­бер­лері Ғабит Мүсіреповтің 120 жыл­дығына, Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдығына және Кәкімбек Са­лықовтың 90 жылдығына арналды. От ауызды, орақ тілді ақындар елі­міздің іші-сыртында болып жатқан елеулі оқиғаларды тілге тиек етті. Жақында орын алған “Қанды қаңтар” оқиғасы, халықты қысқан қымбатшы­лық жайы да сөз болды. Қызылжар­дан шыққан тұлғаларымыздың өмір белесіне көз жүгіртіп, үлгі тұтар тұста­рын шымыр ұйқас, шебер тілмен жет­кізді.

Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов айтыскерлерге ақ жол ті­леді. Бұл жолғы додада Рүстем Қа­йыр­тайұлы (Семей қаласы), Еркебұ­лан Қайназар (Нұр-Сұлтан қаласы), Қалижан Білдәш (Шымкент қаласы), Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда об­лысы), Төлеген Жаманов (Қарағанды облысы), Тілеген Әділов (Қарағанды облысы), Серік Қуанған (Өскемен қа­ласы), Шұғайып Сезімхан (Алматы қа­ласы), Қазірет Бердіхан (Алматы қа­ла­сы), Нұрзат Қару (Алматы қаласы), Жұмабек Рахимов (Петропавл қа­ласы) және Жарқын Жұпархан (Пет­ропавл қаласы) өнер көрсетті.

Дүбірлі додаға Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірін­ші орынбасары Ақберен Елгезек, “Да­рын” мемлекеттік жастар сый-лығы­ның лауреаты, Қазақстан Республи­касының еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы, қызылжарлық кәсіпкер, руханият жанашыры Жо­март Омаров, ақын-сазгер Дәстен Баймұқанов және Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі Қайырлы Ғафу­ров қазылық етті.

16 наурыз түстен кейін Ақан сері атындағы облыстық филармонияға жұрт ағылып келе бастады. Қызыл­жар­дың текті халқы айтыс десе үйін­де тыныш отыра алмайтыны анық қой. Ақ сақалды аталар мен ақ жау­лық­ты апалардың қарасы қалың. Көп­шілік ұлыларды ұлықтау дәстүрін айтыспен бастағанды жақсы ырымға балады.

Әне-міне дегенше қазылар алқасы орын-орнына жайғасып, айтыстың бас­талатынын хабарлады. Жастар сарайының іші адамға лық толды. Айтысты әдеттегідей Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, халықара­лық айтыс ақындары мен жыршы-термешілері одағының төрағасы Жүр­сін Ерман жүргізді.

– Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Президентіміз Қасым-Жо­-март Тоқаевтың Жолдауынан кейін құттықтаулар, сүйіншілер келіп жа­тыр. Еліміздің қасиетті төрі Ұлытау об­лыс болып жарияланды. Сонымен қа­тар Абай, Жетісу облыстары құрыл­ды. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында осындай тарихи жаңалықты сіздер­мен бірге бөліскеніме қуаныштымын. Қызылжарда қардың көбесі сөгілме­генімен көктемнің иісі шығып тұр. Үш ұлы адамның есімі аталып, ұлықтау басталды. Қызылжарлықтар – сөзге тоқтаған, айтыс десе ішер асын жерге қоятын халық. Өйтпесе бұл топы­рақ­тан қарағай тұлғалы адамдар шықпас еді, – деді Жүрсін Ерман айтыс ақын­дарын таныстыра келе.

Аламанның шымылдығын Шұға­йып Сезімхан мен Қалижан Білдәш ашты. Әу баста екеуі де бір-бірін ау­дарып тастамаққа ұмтылды. Қалижан Қызылжарды шекараны шегір көзден қорғап тұрған қазақтың тірегіне ба­лады.

“Өйтпесе шекараның дәл түбіне,

қасқайтып шатырыңды тігемісің.

Сегіз сері бабамды туған мекен,

сегіз жұмақ дегеннің біреуісің.

Алаштың азаттығын аңсап кеткен,

Мағжанның мәңгі өлмейтін жыр елісің.

Ертерек қазақша атын алсын деген,

елімнің арманысың, тілегісің.

Қызыл-жасыл дүниеде қазақ үшін,

Қызылжар сен орныңды білемісің.

Солтүстік Қазақстан емессің сен,

сол жақтағы қазақтың жүрегісің”, – дей келе, солтүстікті астығымен жер­дің бетін жайнатып жатқан Қазақстан­ның алтын кілеміне теңеді. Шұғайып та осал қарсылас емес еке­нін бай­қатты.

“Қала менен даланы бағындырған,

айтайық Мүсірепов хақында біз.

Ғабеңнің арқасында кем болмадық,

Кемел сөз, кестелі ой, нақылдан біз.

Бейімбет жау болса егер мен де жаумын, –

деп талай арыстандай атылған жүз.

Қазақ үшін ажалға қарсы тұрған,

Ғабеңді кем көрмейміз батырдан біз.

Жүз жиырма жасқа жеткен ер Ғабеңнің,

еңбегін ел боп мәңгі мақұлдармыз.

Туған күннен қаншалық алыстасақ,

Рухына соншалық жақындармыз”, – деп ұлылардың елге еткен еселі еңбегін сағына еске алды. Айтыста бабадан мирас болып қалған ен бай­лықтың әлде бір құзғындарға жем болғаны өлең тілімен өрнектелді. Қос ақын әлеуметтік мәселені де сөз етті.

Келесі болып сахнаға Жарқын Жұ­парқан мен Рүстем Қайыртайұлы шық­ты. Сырбаз ақын Рүстем шымыр ұй­қас, шебер тілмен Қызылжар тура­лы сөз қозғады.

“Меймандос ел болсаң да жаның ізгі,

сұмпайы іркіт қылар сары уызды,

Украина еліндегі оқиғалар,

уайым боп ұйқымызды тағы бұзды.

Одан сабақ алмасақ, бетін аулақ,

біз де бір күн соғамыз санымызды.

Себебі жегенменен нанымызды,

ұлыстар бар жемейтін қамымызды.

Қандастарды қаптатып солтүстікке,

азайтсақ деп көккөз ұл, сары қызды.

Көші-қонға бөлгенді бөрідей жеп,

қарынбайлар қарайтты-ау қанымызды.

Халық жауы деп атып ондайларды,

қатайту керек тәртіп-заңымызды”, – деп Рүстем ақын саяси жағдайды да бір шолып шықты. Ақындар қаңтар­да­ғы оқиғада біраз шындықтың беті ашыл­ғанын айта келіп, бүгінгі бала­лар жайын да сөз етті. Ұрпақты оң жол­ға бастамай ештеңе де оңбайтынын, балалар жылында балалар әдебиеті кең көлемді насихатталса нұр үстіне нұр екенін жеткізді.

“Бұрынғылар кітапқа бас қойыпты,

көкірегі рухани шөлдегенде.

Балалардың бастауы “ютуб” қазір,

қызығады көк атты көлденең де.

Тілі де солай шығып шүлдірлейді,

еліктеп өседі сөйтіп өзге елге.

Шыбық кезде қисайған қайран ағаш,

қарағай боп қатқанда жөнделер ме?

Бөгеліп тілін жұтып күмілжиді,

Бөгенбай, Қабанбай кім ал деген­де”, – деген Жарқын бүгінгі күн­нің ащы шындығын айтты.

Қазірет Бердіхан, Төлеген Жама­нов, Еркебұлан Қайназар, Тілеген Әбі­лов сынды дүлдүл ақындар жұп-жұ­бымен сахнаға көтеріліп, кестелі сөз­бен көрерменін бірден баурап алды. Ақындар көк жәшігіміздің бүгін­де мәнсіз де, мағынасыз сериялдарға толып кеткенін айтты.

“40 рет көрсең де Қыз Жібекті,

көркемдікке тоя алман, исін алман.

Шалқар көш, сәнді күйме, сұлу қыздар,

көзге түспес ақсақ ат, қисық арман.

Қазіргі бір көрерлік киноларға,

сүзгімен су ішкендей сүйсіне алман.

Ғабеңдер ғаламат қой не жазса да,

тамыр тартып дәстүр мен исламнан.

Кешпейтін ұлтшылдықты кезеңде де,

өшпейтін қазақтықтың иісі қалған”, – деген сөзді естігенде көрермен ду қол шапалақтады.

“Болса да жазушы мен ақын әркім,

қасқайып ханға айта алмас датын бәлкім.

Мүйізі едірейген Колбиніңді,

киіздей шаңын қағып, шоқыған кім?

Кінәсін кейбіреудің көзіне айтып,

дұғасын боздақтардың оқыған кім?

Дегенде тілі таза тілдар жандай,

ұлтқа адал қызмет еткен тақуаң кім?

Сәлдесін кір шалмаған сахабадай,

сұлбасы елестейді Сафуанның.

“Жезкиік” тұратын төрт қайырмадан,

жездей балқып бойыңа жайылған ән.

Кәкімбек сегіз қырлы шәкірт сынды,

өмір дейтін ұлы ұстаз дайындаған”, – деп ақындар солтүстіктің біртуар ұлдарының елі үшін істеген ерліктерін жіпке тізгендей айтып шықты. Ақын­дар сахнада бір-бірін кейде сөзбен түй­ресе, енді бірде мақтап, желпінді­ріп отырды. Алты сағатқа созылған сөз додасын көрермендер тапжыл­май тамашалады.

Қазылардың шешімімен аламан бәйгеде жерлесіміз Жарқын Жұпар­хан топ жарып, бас жүлдені қанжыға­сына байлады. Бірінші орын Нұр-Сұлтан қаласынан келген Еркебұлан Қайназарға бұйырса, Рүстем Қайыртайұлы мен Мейірбек Сұлтанхан екін­ші орынға ие болды. Үшінші орынды Нұрзат Қару, Төлеген Жаманов, Серік Қуанған, Шұғайып Сезімхан және Ті­леген Әділов бөлісті. Сонымен қатар шымкенттік Қалижан Білдәшқа Қо­жаберген атындағы, солтүстікқазақ­стандық Жұмабек Рахимовқа Мағжан Жұмабаев атындағы, Алматы қала­сынан келген Қазірет Бердіханға Ғаб­долбәри қари атындағы арнайы жүл­де табысталды.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp