Петропавлда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиевтің “Дариға-дәурен” атты ән кеші өтті. Концертте дәстүрлі әншімен бірге Ақан сері атындағы облыстық филармония өнерпаздары мен өңіріміздің би ансамбльдері де өнер көрсетті.
Рамазан Стамғазиев бұл концертте әндерінің көбін Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен орындады. Кеш шымылдығы Ақан серінің “Алтыбасар” әнімен ашылды. Бұл концертте сахнада көп айтыла бермейтін халық әндері мен есімдері ұмытыла бастаған дала композиторларының “Ойланшы өзің”, “Жиырма бес”, “Шәмші-Бану”, “Бозторғай”, “Асылжай” сияқты туындылары шырқалып, теріскейлік кө-рерменнің жүрегіне жол тартты.
– Теледидардан талай көретінбіз, енді өзін көрейік деген арманмен келіп отырмыз. Жақсы концерт болды. Қандай биікке жетіп жатса да, қазақы қарапайым қалпынан айныған емес. Осы кішіпейілдігімен, әрі қазақ әнінің бар қадір-қасиетін бойына сіңіргендігімен де болар әншіні жаныма жақын тартамын. Ол өзінің кербез даусымен көрерменнің жүрегіне жылу ұялатады. Әсіресе оның орындауындағы “Ақшашақ”, “Ноғайбайдың әні”, “Хаулилилау”, “Қырбайсалдың әні”, “Сағынсаң қалқам өзің кел”, “Секіртпелі сем-сем”, “Жаса Қазақстан” әндерін зор ықыласпен тыңдадым, – дейді қала тұрғыны Сәндігүл Боранбаева.
Өнер десе ішер асын жерге қоятын көрерменнің сұрауымен “Дариға-дәурен” әнін екі рет орындады. Несіпбек Айтұлы мен Тұрсынжан Шапайдың туындысын Рамазан Стамғазиев бұған дейін домбырамен орындап келген болатын. Қызылжарда тұңғыш рет оркестрдің сүйемелдеуімен шырқалды. Әнді оркестрге бейімдеген Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі Қайырлы Ғафуров екенін айта кеткен жөн.
Концерт соңында мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жамантаев әншіге Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.