Облысқа жұмыс сапарымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев келді. Министр Петропавлдағы жақында мұржасы құлаған №2 жылу-электр орталығындағы жағдаймен танысты.
Наурыздың 20-сы күні облыс орталығын жылу және электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорында апат болған еді. 60 жыл бұрын салынған мұржа жартылай опырылып құлаған. Салдарынан қазандықтар істен шығып, үйінділердің астынан бір адамның мүрдесі табылған. Министр қаза тапқан жұмысшының отбасына көңіл айтты. Кездесуде маңызды нысанның қоршаған ортаға тигізер әсері жайлы да әңгіме өрбіді. Петропавлдағы жылу-электр орталығы ауаны ластағаны үшін жылына 500 млн. теңгеден астам эмиссия төлейді.
– Облыста қоршаған ортаға кері әсерін тигізіп отырған кәсіпорынның бірі – жылу-электр орталығы. Ауаны ластайтын газдардың 70 пайызы осы мекемеден шығады. Еліміздің экологиясына нұқсан келтіріп отырған 10 үлкен қала бар екенін білесіздер. Олардың қатарына Петропавл кірмейді. Дегенмен мұнда да шешілмеген бірнеше мәселе бар. Оның бірі – ауаға тарайтын зиянды заттардың мөлшерін азайту. 2020 жылы 40 мың тонна зиянды газ шығарылса, былтыр ауаға 25 мың тоннасы тарады. Оң динамика байқалады. Алайда әлі де жұмысты күшейту қажет. Екінші мәселе – жағылған көмірдің күлін сақтау, – деді Серікқали Аманғалиұлы.
Министрдің сөзінше, ауаға бөлінетін зиянды заттардың мөлшерін азайту үшін жылу-электр орталығы Еуропадағы әріптестерінің тәжірибесін зерттеп, қолдануы шарт. Ал көмір күлін қоймада сақтамай, оны кәдеге жаратуға болатынын ескерген жөн. Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов қазірдің өзінде елімізде күлді шикізат ретінде жол құрылысына пайдалану үрдісі қалыптасқанын тілге тиек етті.
– Орталықта 1 млн. тоннадан астам күл жинақталған. Оны кәдеге жаратуға болады. Мәселен, Қарағанды облысында әкімдік жылу-электр орталығында жинақталған көмір күлінің қалдықтарын жол құрылысына пайдалануда. Сондай-ақ бұл қоқыс цемент әзірлеу ісінде де кең қолданыс тапқаны жасырын емес. Осы тәжірибені қолданған жөн, – деді Зұлфұхар Сансызбайұлы.
Жұмыс сапары барысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пластмасса бұйымдарын шығаратын цехына барды. Онда елордалық меймандарға кәсіпорынның жұмысы таныстырылды. Жылына компания 4 мың тоннаға жуық дайын өнім шығарады екен. Министр “Жасыл экономика” қағидаты негізінде жұмыс істейтін серіктестікке оң бағасын беріп, түйткілді мәселелер бар-жоғын сұрастырды. Белгілі болғандай, бұған дейін зауытты шикізат сататын фирмаларымен “ӨКМ операторы” компаниясы байланыстыратын.
– Биыл мемлекет басшысы “ӨКМ операторының” жұмысын тоқтатты. Әзірге, біздің шикізат жеткізетін компаниялармен байланысымыз үзілді. Енді пластмасса қалдықтарын қайдан алатынымыз белгісіз. Шикізат қоры жетпеуі мүмкін, – деп ағынан жарылды “Радуга” ЖШС-ы бас директорының орынбасары Дәурен Қатранов.
Серікқали Брекешев бастаған елордалықтар “Солтүстік фанер комбинаты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен де танысты. Мұнда вагон, кеме, үй және кеңселік жиһаз өндірісіне қажетті фанерлер жасалады. Қалыңдығы 4-22 милиметр аралығында, ұзындығы – 244, ені 122 милиметр болатын өнім ішкі және сыртқы нарықта саудалануда. Кәсіпорынның негізгі бағдары – өнімнің 70 пайызын экспортқа шығару, ал 30 пайызын қазақстандық тұтынушыларға саудалау.
Министр облысқа жұмыс сапары аясында “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кәріз-тазарту нысанында да болды. 1979 жылы салына бастаған ол 1991-1996 жылдар аралығында кезең-кезеңмен қолданысқа берілген. Биыл күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл мақсатқа республикалық қазынадан қажетті қаражат бөлінді. Министрдің өңірімізге жұмыс сапарының екінші күні жайлы газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.