Петропавлда биыл наурыз мейрамы бар сән-салтанатымен бірнеше күн бойы тойланды. Айрықша күтетін ұлық мейрамда қала тұрғындары мен қонақтарына қызықты бағдарламалар ұсынылды.
Негізгі мерекелік іс-шара Петропавлдағы орталық алаңда өтті. Ұлттық нақыштағы оюлармен көмкерілген киіз үйлер тігіліп, түрлі тағамдар әзірленді. “Әз-Наурызым, армысың!” атты концерттік бағдарлама, “Qyzyljar – шеберлер мекені” атты қолөнершілердің республикалық фестивалі және биыл мерейтойлары аталып өтілетін Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шәймерденов, Кәкімбек Салықов сияқты тұлғалардың құрметіне арналған көрме және сауда жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Қолөнершілер фестиваліне республикамыздың 10 облысынан және Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан 28 шебер жиналды. Тұрғындар киіз үйлерде қолөнершілердің төл өнімдерін тамашалап қана қоймай, сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар шеберлік сағаттары да ұйымдастырылды.
– Бүгінде бала тәрбиесіне байланысты демалыстамын, алайда қол қусырып отырмайын деп, қолөнермен айналысудамын. Төркөрпелер, қыздың жабдығы, құдалыққа арналған қалталар, сырға салуға арналған жиынтықтар дайындаймын, “тәй-тәй”, “Ақ жол” төсеніштерін тігемін. Солардың біразын осы көрмеге әкелдім, – дейді шебер тігінші Қорлан Жакина.
Есімдері елімізге танымал эстрада жұлдыздары Нұрлан Абдуллин мен Дәурен Оразбеков, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, теріскейлік тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлады. Ташкенттен келген цирк өнерпаздары арқанның үстімен жүріп өтті.
– Екі жыл қатарынан концерт болмады. Пандемия басталғалы той тойлаудан қалдық қой. Ұлыс оң болып, осы бір індеттен біржола құтылсақ екен деп тілеймін. Әз-Наурызды мерекелеп, бір серпіліп қалдық, – дейді қала тұрғыны Әлібек Мұратжанов.
Бұл күні қалалықтар мен меймандар назарына спорттық ойындар да ұсынылды. Жілік жарудан жарыс, қазақ күресі, қой көтеру, асық ату, тоғызқұмалақ, гір спорты, эстафеталық ойындар да мерекенің сәнін кіргізе түсті. Жілік сындырған жігітке 17 мың теңге сыйақы, ал қойды ең көп көтерген азаматқа сол қойдың өзі мен жеңімпаз белдігі табысталды. Әр спорт түрі бойынша үздік атанғандарға сыйлықтар тапсырылды.
Қала тұрғындары мен қонақтарына арнап қара күштің иесі Сергей Цырульников пен “Street Workout” бойынша Қазақстан Республикасының бас бапкері Айтым Жақыпов өнер көрсетті.
Күннің салқындығына қарамастан, мейрамды тойлауға жиналған халықтың қарасы қалың болды.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.