Ауылдың батыс жағындағы төбешікте жалғыз өскен алып қара ағашты ес біліп, етек жапқаннан бері білеміз. Қай ғасырдан бері бар екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Өйткені менің атамның балалық шағында да осы ағаш бар деседі. Тамырын тереңге жіберген қара ағаш қандай дауыл тұрса да былқ етпейтін. Сол себепті де оның ұшар басына дейін жыпырлата құс ұя салушы еді. Үсті қанаттыларға мекен болса, түбі төрт түлікке сая. Әйтеуір жаздың шіліңгір ыстығында жақсы.
Бір жолы Қизат деген досымыз сол ағашқа өрмелеп құстың балапанын алмақшы болғанда абайсызда аяғы бұтақтан тайып кетіп, мертігіп қалды. Өзіне де обал жоқ, быт-шыт болып сынған оң жақ жіліншігі қырық күн дегенде әрең біткен еді. Сөйтіп, ол екінші рет бейкүнә жануарларға жоламайтын болды. Үлкендер де “Құстарға тиіспеңдер! Олардың адам баласына еш зияны жоқ. Есесіне қаптаған құрт-құмырсқаның санын азайтып, экологиялық тізбекті реттейді”, – дейтін.
Бірақ ағашта бір тылсым күштің бар екенін біз есейе келе байқадық. Себебі одан үздіксіз тамшы тамып тұратын еді. Бір қызығы тамшы тек бір жерге тамбайды, бірде анда, бірде мұнда құлайды. Ағашқа алыстан қарасаң моп-момақан, қимылсыз тұрғандай көрінгенімен, түбіне жақындап, діңіне жоғары қарай үңілер болсаң, құйын соғып тұрғандай уілдеген бір дыбыстың шыққанын және ұшар басы теңселіп тұрғанын аңғару қиын емес. Тамшы судың қайдан пайда болғанын біле алмай дағдаратынбыз. Анда-санда ыңыранған дыбыс шығаратыны тағы бар.
“Ел құлағы – елу” емес пе, бір жолы аудан орталығынан өсімдікті зерттеумен айналысатын ғалымдар арнайы келіп, ағаш “сырын” ашпақ болған. Бірақ нәтиже шығара алмапты. Мұның жайын үлкендердің өздері де білмейтін болып шықты. Бұл таңғажайып құбылыс ауыл тұрғындары үшін жаңалық емес еді. Өйткені көре-көре әбден көз үйренген. Тек шет жақтағы ауыл-аудандардан келген қонақтар ғана елең етісіп, мәнісін сұрағыштайтын. Көбінде бұл той мен өлімде бас қосқандардың қызықты тақырыбы еді.
Мамыражай мамыр айының бір күні көрші Бектемір ақсақал қайтыс болды. Сырқат меңдеп, төсек тартып жатқанына көп болған. Шыбын жан кеудеден шықпаған соң қайтсін енді, көңілін сұрап келгендерді үнсіз ұзатып салып отырады екен. Тілі сау, бірақ ет жақындарынан басқа ешкімге тіс жарып сөз шығындамайтын көрінеді.
Кешқұрым ағама қолғабыс етіп қойдың бір жағына шығу – дағдылы әдетіміз. Ақылбек аға екеуміз екі үйдің қойын етекке енді түсіргеніміз сол еді, көк қасқа тайға мінген Бектемірдің немересі қарсы кездесті. Өңі қуқыл тартып, жүрісінен асығыстық байқалады. Бір жағдайдың болғанынан ішіміз қылп ете қалды.
– Атам қиналып жатыр. Сізге айтар сөзі бар секілді. “Тез шақырыңдар” деген соң келдім, – деді әлгі бала.
– О, Жаратқан! Ол кісі де арғы дүниеге аттанғалы жатыр екен-ау, – деп Ақылбек аға баланың соңынан ере жөнелді.
Жады мықты, сүйегі асыл адамдар дәм-тұзының таусылар күнін де сезеді екен. Тіпті сүйегін қоятын орынды да белгілеп кетеді. Сөйтіп, ақсақалды бір күннен кейін жер қойнына тапсырдық. Ертеректе қайтыс болған алғашқы әйелінің қасына жерлеуді өсиет етіпті.
Қарттың намазына жиналған жамағат бейіт басынан келгеннен кейін астан ауыз тиіп, әруаққа құран бағыштап тарқасты. Солқылдап ұзақ жылаған бала-шағасына: “Бұл кісінің не арманы бар? Асарын асады, жасарын жасады. Қалған ғұмырын ұрпағына берсін”, – деп қайғылы көңілге басу айтқан болды кейбіреулер. Замандастары: “Айымбикеден жастай айырылғаны қиын тиді. Бозбала кезінен ғашық еді. Үйленіп, бір жылдан кейін не сайтан түрткенін кім біледі, асылып қалды ғой, жарықтық”, – деп сонау жылдарда болған оқиғаны аздап сөз етісті.
Бектемір ақсақалдың жетісі өткеннен кейін Ақылбек аға маған бір сырдың ұшын шығарды.
– Мына жалғыз түп ағашта бір әйелдің көз жасы қалыпты, – деді сыбырға жақын үнмен.
– Кімнің? – дедім мен үрейлене тіл қатып.
– Бектемір ақсақалдың алғашқы жары Айымбикенің, – деді бір күрсініп алып, – өмірден озар алдында мені жайдан-жай шақырмапты. Алпыс жыл бойы тісінен шығармай келген сырын айтты. Бәлкім, о дүниеге өзімен бірге алып кеткісі келмеген де шығар. Алғашқы жары Айымбике ақылына көркі сай жан болған екен. Қызғаныштың қызыл құрығына ілініп кетіпті ғой, жарықтық. Жас күнінде Бектемір өте қызғаншақ болған көрінеді. Тіпті әйелінің басына шыбын қонса да қипалақтайды екен. Әр нәрседен босқа күдіктенген Бектемір бір күні әйелін өлімші етіп сабапты. Жанын қоярға жер таппай тауға қашқан әйелін дәл осы араға келгенде қуып жетіп, осы ағашқа қайыс арқанмен мықтап байлап кетіпті. Ашуы тарқағанда барса, жан-жары бұтаққа арқан салып асылып қалыпты. Өз көзіне өзі сенбей біраз дағдарса керек. Болар іс болғасын не істей алады, амалсыз ел-жұртқа хабарлапты.
Өсімдік, жан-жануардың барлығында қасиет-кие деген ұғымның барын кейде пенде болғасын аңғара бермейміз ғой. Бәлкім, кінәсыз әйелдің көз жасын көрген жапанда өскен жалғыз ағаш бұл күнде осылай ыңыранып, жапырағының арасынан жас тамшылатып тұрған да шығар. Әлсін-әлсін тамып тұрар тамшы су Айымбикенің көз жасы ма екен, кім білсін? – деді.
Бектемір ақсақал осындай бір өзекті өртер өкінішті айтып болып, қалтыраған саусақтарымен басындағы үлкен жүн жастықтың ішінен ақ шүберекке ораулы қайыс шылбырды Ақылбекке ұстатып, өзімен бірге жерлеуін өтініпті.
Бұл әңгімеден мына бетпақ даланың қаншама сырды құшағына жасырып жатқанын байқайсыз. Дөңкиген-дөңкиген тау мен тастың әрқайсысының өз сыры бар. Жалғыз ағаштың да сырын бұған дейін ешкім білген жоқ.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.